«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баукеңді адал әрі шыншыл адам етіп тәрбиелеген кім? Балалық аңқаулық тілек және өтіріксіз өмір

Баукеңді адал әрі шыншыл адам етіп тәрбиелеген кім? Балалық аңқаулық тілек және өтіріксіз өмір
Ашық дереккөз
Қазақтың біртуар ұлы, даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туралы сыр шертпеген ақын-жазушы жоқтың қасы. Тіпті батырды көрген, оның кітаптарын оқыған қалың оқырман арасында да ол туралы естеліктер жазып кеткендер аз болмады. Сөйтіп батырдың толық портреті суреттелген сияқты. Бірақ ешкім оның кристалды адалдығының, шыншылдығының сырын ашып, бұл қасиет оған қайдан келгенін түсіндіре алмады.

Балалық аңқаулық тілек және өтіріксіз өмір 

Бірнеше жыл бұрын мен оның жалғыз немересі және мұрагері Ержан Момышұлынан батыр атамыздың жеке архивін жұмыс істеу үшін алып, ескірген қағаздарды парақтап отырып, Бауыржан атам жазып кеткен бір текстке көзім түсті. Орысша жазған екен. «Когда мы учились в интернатах» деген тақырыппен. Өкінішке орай, қай жылы жазғанын көрсетпепті. Бірақ датасы маңызды емес, маңыздылығы мынада:

«Бауыржанды кім адал әрі шыншыл адам етіп тәрбиелеген?» деген сұраққа жауап табылғанында. «Интернатта оқыған кезімізде», – деп жазыпты естелігінде Бауыржан ата.

«Барлығымызда бір паспорт болды – «Кедей баласы» немесе «Вечный батырақтың баласы» немесе тіпті «Тас жетім». Шындығында, арамызда нағыз кедейлер мен жетімдер де болды, бірақ міндетті түрде қандай да бір әйгілі немесе жартылай әйгілі адамның туысы болатын. Әрине, сол адам туысының баласын мемлекет есебінен оқуға орналастыратын. Үйсіз және бейшаралық халге ұшырағандар өте сирек кездесетін. Өздерінің шыққан тегін дәлелдеу үшін ауылдық кеңестерден алған анықтамаларының негізінде балалар балалық аңқаулық танытып, бір-біріне өтіріктерін үйіп-төгіп айтып беретін: қалай қой баққандарын, малшының көмекшісі болып жұмыс істегендерін, қалай оларды байлар ұратындарын, бәйбіше және оның балаларының қалай қорлағандарын және тағы басқаларын.

Егер біреу өзінің шын жағдайы туралы досымен адал бөліссе, ол дереу әшкереленетін. Оны интернаттан «байдың баласы» деп шығарып жіберетін. Біздің бала көңіліміз бен сезімдерімізге терең әсер еткен мұндай екі-үш жағдайдан кейін біз бір-бірімізге сенуден қалдық. Әй, осы, мүмкін, шпион немесе сатқын шығар деген күдік күшейе бастады. Сондықтан біз өз ауылдарымыздың шын жағдайымен бөліспейтін болдық Халыққа білім беру бөлімі интернаттарда жиі тазарту жұмыстарын жүргізетін. Кімде-кімнің үстінен томпақ арыз түссе, сол бала директордың кабинетіне шақырылатын. Сонда жас бала абдырап, көзін ербеңдете отырып, халыққа білім беру бөлімінен келген уәкіл, интернаттың директоры және оқу комитетінің өкілдері алдында қақшиып тұрып жауап беретін... Дәл сотта тұрғандай… Ол арызда көрсетілген айыптарды жоққа шығарып, өз ақиқатын дәлелдеу үшін қалтасынан қосымша анықтама шығарып, қосымша сұрақтарға жауап беріп, отырғандардың көздеріне жалтақтап қарап, ең болмаса аздаған қолдау іздейтін. Директор , оны сол кездерде біз меңгеруші деп атайтынбыз, бұрынғы қызылгвардияшы, ұзын бойлы, жұқалтаң дене бітімді башқұрт жігіті балаға жақындап, сабырлы және жылы дауыспен: «Қорықпа, балақай, жай ғана ағай (яғни халыққа білім беру бөлімінің өкілі) сенің әкең кім екенін және қалай өмір сүретінін білгісі келеді. Саған ешкім жамандық жасамайды», – дейтін.  

Сосын, ағайға қарап, орысша бір нәрсе айтатын. Оның сөздерінен біз тек «жақсы бала» дегенді түсінетінбіз». Көріп, естігені кішкентай Бауыржанға ой салады. Әкесі Момыш баласының жағдайын білейін деп Әулие-Атаға келгенде, Шаңтимес одан «біздің ауыр тұрмысымыз» туралы, «мен ұзақ жылдар бойы бөтен жерлерде қой бағып жүргенім туралы» қосымша анықтама алып беруін сұрайды. Момыш атам ұлының өтінішін мұқият тыңдайды, бірақ бірден жауап бермейді. Ол интернаттың бірнеше баласын асханаға апарып, буға піскен бәліштер мен көже, халва әперіп, шай ішкізеді. Ол аз болса бір-бір дәптер мен қарындаштан сатып алып берді. Оған қоса балаларға бір рубльден беріп, оларды «үлкен жігіт болып, сауаттылықты меңгерулерін» тіледі. Балалар Момыш атама риза болып, көңілдері толып, интернатқа кетеді. Ал Бауыржан әкесімен қалады.

– Неге, балам, өзің туралы өтірік айтқың келеді? – деп сұрайды әкесі Шаңтиместен достары кетіп қалған соң. – Неге өзіңе кесепат шақырасың? Аллаға шүкір, бізде шынымен де әлі күнге дейін сен айтқандай қиындықтар болмады ғой. Сен байлардың қойын бақпадың ғой, біз ешқашан сондай кедей болған жоқпыз, бөтен адамдарға жұмысқа жалданғанымыз жоқ. Солай болған жоқ қой, балам? – деп сұрады ол ұлынан. – Әрбір өтірік – үлкен күнә, әрдайым шыншыл және адал болу керек.– Ал егер мені интернаттан шығарса не болады? – ұялғаннан мұңайып, бала әкесіне сыбырлады.

– Егер шығаратын болса, шығара берсін, – деп сабырлы түрде жауап берді әкесі. – Сен үйсіз емессің, ауылға қайтып ораласың. Ал өтірік айтуға болмайды, балам. Шығарса да, бәрібір өтірік айтуға болмайды, адамдарды алдау – ұят... «Әкем сол кеш бойы менімен осы тақырыпта сөйлесіп, түсіндіріп, өтірік айтудың қорқынышты еместігін, ал «өтірікші» деген лақап атқа ие болудың нағыз қорқынышты екенін түсіндіріп, мені ешқашан өтірік айтпауға көндірді», – деп еске алады батыр Бауыржан сол әңгімені.

«Егер тағы менің өтірігімді еститін болса, ол қатты ренжимін деп айтты…». Келесі күні Момыш ақсақал баласын интернатқа апарып, өзі меңгерушіге кіріп кетті. Баукең жазғандай, олар ұзақ әңгімелеседі. Біраз уақыттан соң ол кабинеттен меңгерушімен бірге шығып, баласын шақырып, күліп:– Міне, мен өзім директорға бар шындықты айтып бердім, – дейді. «Мен ұялып, көзімді төмен салдым», – дейді бала Бауыржан.– Бізде осындай кесапат бар болды, абзый, – интернаттың директорына бұрылып, күрсінеді Момыш атам. – Ауылдағы талас-тартыс, өтірік, жала жабу, сыбыстар… Шындығын айтсақ, қасірет, халықтың қасіреті, – деп тағы күрсінеді Момыш ақсақал.

– Бірақ сіздер біздің балаларымызды жаңа көзқараспен тәрбиелейсіздер деп сенемін.– Бұл біздің борышымыз, борышымыз сондай, – деп әдеппен жауап берді меңгеруші. «Олар әдеппен қоштасты. Мен үш күн бойы «қосымша анықтама» сұрағаным үшін ұялып жүрдім…», – деп жазыпты Бауыржан естелігінде. Алты айдан кейін мен комиссияның алдында тұрдым да, барлық сұрақтарға біздің жағдайымыз туралы өте шынайы әрі көңілді жауап бердім: «Отыз қойымыз, екі сиырымыз, екі өгізіміз, бір ат және бір құлынымыз бар», – деп».

Міне, өзінен кейінгі ұрпақтарға осындай өсиет қалдырыпты қайталанбас Бауыржан Момышұлы. Оқу мен білімге деген құштарлық интернаттың кішкентай тұрғындарында арыздармен қатар жүріпті. Интернаттан шығарылып кетуден қорқып, Бауыржан бала өтірікші балалардың жолымен жүруге шешім қабылдайды. Алайда бұл ниетін Момыш атам тоқтатты. Ол ұлына ұрыспады, жазаламады, тек ересек адам ретінде онымен сөйлесті. Бұл әңгіме интернат тәрбиеленушісі үшін маңызды сабаққа айналды. Осы адалдық сабағын батыр Бауыржан бүкіл қиын өмірінде алып жүрді. Ол бізге: «Тіпті өлім қаупі төнсе де, шындықты айтудан қорықпаңдар», – деп жиі айтып отыратын.

 

Бекет МОМЫНҚҰЛ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

 

Ұқсас жаңалықтар