«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туысыңыздың даусын көшіріп алып, ақша сұрауы мүмкін

Туысыңыздың даусын көшіріп алып, ақша сұрауы мүмкін
Ашық дереккөз
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі құралдарды енгізу – маңызды міндеттердің бірі екендігін тағы бір мәрте атап өткен болатын.

Ел Президенті өз сөзінде:

«Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда, инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады. Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді.

Расында бүгінде инновациялық технологиялар өміріміздің барлық саласына дендеп еніп келеді. Сол арқылы түрлі қолжетімділіктерді қалыптастырып, қауіпсіздік негіздерін жүзеге асыруда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше өткен жылы халықтың киберқауіпсіздік мәселелері бойынша хабардарлығы 80,4 пайызға жеткен. Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік саласында кадрлар даярлау 8 ЖОО мен 25 колледжде жүргізіледі. Тиісінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 2025 оқуы жылында киберқауіпсіздік және криптология саласында 3600 білім гранты бөлінген. Сондай-ақ, наурыз айынан бастап дербес деректерді, электрондық құжаттарды және ЭЦҚ қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді.

Атап айтқанда, әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі ұлғайды, дербес деректерді қорғау саласындағы әкімшілік айыппұлдар 3 есеге, ал ақпараттандыру саласында 5 есеге өсті. ЭЦҚ-ны заңсыз пайдаланғаны және оның түпнұсқалығын тексермегені үшін жаңа шаралар енгізілді. Сонымен қатар, 41 мың адамды оқытқан CITIZENSE.KZ ұлттық білім беру платформасы да іске қосылып, 1 миллионнан астам дербес деректерді өңдейтін операторлар үшін міндетті кибер сақтандыру енгізілді. Сол арқылы алдағы уақытта заңсыз несиелердің алдын алуға және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға көмектесетін бұзылған деректер тізілімі жасалмақ Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарын жаңа қауіптерден сақтандыру мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Еске сала кетсек, жыл басында өңірімізде алғаш рет тіркелген хакерлік шабуылға тосқауыл қойылған еді. Жамбылдық тәртіп сақшылары облыстық балалар ауруханасына хакерлік шабуыл жасаған 33 жастағы ер адамды құрықтап, арам ниетті азаматтың есепшоттан 350 миллион теңге қаражат ұрлағанын анықтаған болатын. Осыған орай облыста полицейлер мектептерге, жоғары оқу орындарына, ұйымдарға және тұрғын үй кешендеріне барып, ақпараттық парақшалар таратып, алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіруде.

– Бұрын қылмыскерлер банктер мен полиция атынан хабарласатын болса, қазір олар жақын туыстарыңыздың даусын көшіріп, шұғыл түрде ақша аударуды сұрауы мүмкін. Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен сіздің атыңыздан жалған бейнежазба жасап, бопсалаумен айналысады. Бұл технологиялар алаяқтықты шынайы етіп көрсететіндіктен, аса сақ болу қажет. Егер көмек сұраған күмәнді дауыс хабарламасы келсе, оның расында жақыныңыз екенін анықтап алыңыз. Аудио немесе видео хабарламалар арқылы ақша жібермеу қажет. Ақпаратты тексеріңіз – егер сізге күмән тудыратын видео немесе дауыс хабарламасы келсе, оны ресми дереккөздерден тексеруге тырысыңыз. Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз – бұл әлеуметтік желілер мен мессенджердегі аккаунттарыңызды бұзылудан қорғайды. Алаяқтыққа немесе жеке деректердің таралуына күдік туындаған жағдайда, дереу уәкілетті органдарға жүгіну маңызды. Бұл сізге ғана емес, басқа азаматтарға да көмектеседі, өйткені алаяқтық схемалары туралы ақпаратты одан кейінгі болуы мүмкін жағдайлардың алдын алу үшін пайдалануға болады, – дейді облыстық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Уәлихан Ағыбаев.

Сондай-ақ, биыл жыл басында Amanat партиясы Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен, Балаларды қорғау комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Мемлекеттік техникалық қызметімен, ЦАРКА, MSSP. GLOBAL компанияларымен бірлесіп азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлық қоғам» ауқымды жобасын бастаған болатын.

«Цифрлық қоғам» жобасы цифрлық әлемдегі саналы және қауіпсіз болашаққа жасалған маңызды қадам деуімізге болады. Жоба аясында өңірлерде ата-аналар жиналыстарын өткізу, егде жастағы адамдарға арналған цифрлық сауаттылық орталықтарын ашу, цифрлық еріктілерді оқыту, цифрлық заңдармен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық индексін әзірлеу жоспарлануда.

 

 Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар