«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркіліктерді мазалаған сұраққа жауап келді

Меркіліктерді мазалаған  сұраққа жауап келді
Ашық дереккөз
Жуырда Меркі аудандық ауруханасының қызметкерлері әлеуметтік төлемдерге қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтінім жолдаған. Нақтырақ айтқанда, аурухана қызметкерлері зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізуге қатысты мәселе көтерген. Осыған орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз тарапынан жазбаша жауап берді.

Сонымен қатар, алдағы күндері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының тікелей тапсырмасымен Қор өкілдері арнайы келіп, Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы ұжымымен кездесу өткізу жоспарланған.

Сонымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШЖҚ «Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» КМК медицина қызметкерлерінің өтінім беру дерегіне байланысты келесіні хабарлайды: 2024 жылы Қор мен Меркі көпбейінді ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 миллиард теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарт жасалған. Өтінімде көрсетілгендей, соңғы алты айдағы төлемдер тұрақты, кестеге сай жүргізілді және өткен жылдың желтоқсанында Қор шарттық міндеттемелерін толық орындады.

Меркі орталық аудандық ауруханасы Қормен 2025 жылға жалпы сомасы 4,69 миллиард теңгеге келісім жасасты. Оның ішінде 1,3 миллиард теңгеден астамы төленді. Атап айтар болсақ, қаңтар айында аурухана 675 миллион теңге көлемінде аванс алды, наурызда қосымша 327 миллион теңге аударылды, ал сәуірде 335 миллион теңге төленді.

Осылайша, Қор барлық медициналық ұйымдармен, оның ішінде аталмыш аудандық ауруханамен де өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Ал зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізуге қатысты сұрақтар Қор құзыретіне кірмейді. Ол медициналық ұйымның менеджментіне тікелей қатысты.

Осыған байланысты, Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы ұжымымен кездесіп, жағдайды түсіндіру және Қормен өзара іс-қимылға қатысты басқа да сұрақтарға жауап беру үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының тікелей тапсырмасымен Қор өкілдері аталған ауданға арнайы барады.

 

«Aq jol»-ақпарат.

Ұқсас жаңалықтар