«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құнанбайдың ауылынан жеткен құнды мұра

Құнанбайдың ауылынан  жеткен құнды мұра
Автор
Ел ішіндегі көне жәдігерлерді жинау барысында аудандық музейлердің алатын орны ерекше. Бұл орайда әр ауылдың көзі қарақты азаматтары, мұғалімдер мен мектеп оқушылары да аянып қалмайды. Сондай құнды жәдігерге толы мекеменің бірі – Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейі.

Бір қуанарлығы, елдің әжесіне айналған көнекөздер жеті атасынан сақталып келе жатқан құндылыққа құрметпен қарайды. Мәселен, Саудакент ауылының 83 жасар тұрғыны Ақбай Ысқаққызы қандай бағалы жәдігердің де көпшіліктің игілігіне айналғанын қалайды. Талай келіннің үлгілі де құрметті апасына айналған қарт осыдан 7 жылға жуық уақыт бұрын желтоқсан айының 12-сі күні аталған аудандық музейге сонау дәуірлерден келе жатқан ағаш табақты жәдігер ретінде өткізіпті. Бұл жәдігердің тарихы кім кімді де қызықтырардай. Ақбайдың әкесі Ысқақ болса, оның әкесі – Мәулен, Мәуленнің әкесі – Өте. Міне, осы Өте деген кісі заманында болыс болып, ел басқарған екен. Өтенің әйелі – Тәті.

Әйгілі Құнанбай қажының арғы атасы Ырғызбай. Тәті Құнанбайдың інісі Өксікбайдың ерке қызы екен. Тәті ұзатылғанда бүкіл жасауын алтынмен аптап, күміспен қаптап әзірлепті. Одан бөлек қыздың абыройы үшін бір келе түйені сыйлық ретінде Өтенің ауылына айдатып жіберіпті. Бір келеде кемінде 30 түйе болады екен. Ырғызбай әулеті әр қызына жасаудан бөлек 30 түйеден жөнелткенде малдың есебі жоқ бақуатты кісілер болғанын аңғара беруімізге болады. Бұл ағаш табақ – Тәті әжеміздің артынан сән-салтанатымен келген қымбат бұйымдардың бір бөлшегі ғана. Қалған заттар беріге дейін қолданыста болып, көпшілігі сыйға берілген. Қолда қалғаны тозығы жеткен осы ағаш табақ болса керек.

Бұл туралы Ақбай Ысқаққызының айтары бар.

«Ырғызбай әулеті – айбарынан жел ескен, тектілігі бар қазаққа тарап кеткен іргелі әулет. Тәті қыздың жасауын да талай нарға тиеп, сән-салтанатымен ырғалтып жөнелткені анық. Осындай асқақ та адуынды, барша қазақ даласына аты мәлім, танымал әулеттен қыз айттырған Өте бабамыз да нағыз жүрек жұтқан кісі болса керек. Тәті ерке қыз ғана емес, біздің жаққа сыйлы келін де бола білген. Ол уақытта түйеге емін-еркін міне беретін епті қыз-жігіттер көп екен. Бірақ, Тәті тектілікке барады. Өзінің артынан келген 30 түйені жуасытып, шөгуге көндіреді. Сосын ауылдың жігіттері мен қыздарына түйені шөгеріп, құрметтеп мініңдер деп өтінеді. «Түйе – текті жануар. Ондай тектілікті құрметтегеніміз дұрыс болады», – деген екен Тәті әжеміз. Ағаш табақтан бөлек, Тәті әженің артынан келген қымбат бағалы самаурын да інім Сәуірбектің үйінде сақталған. Інім біздің үйде де әжеміздің бір бұйымы тұрсын деп музейге өткізбеді. Ал, мен керісінше, музейге өткізілген зат сенімді жерде тұрады, оны көретіндер де өте көп болады деп ойлаймын. Кемі үш ғасырға куә болған ағаш табақтың тарихы да қызықты. Сол жәдігерге құрметпен қарап отырған музей қызметкерлеріне рақмет», – дейді ол.

Ал, аталған музей директоры Эльмира Көкішева мұндай іске қолдау білдіруге дайын.

«Жасы үлкен, елге құрметті кісілердің музейімізге өткізген жәдігерлер аса құнды. Біз ондай құндылықтарды ерекше бағалаймыз. Келушілердің мән беріп қарайтыны да осындай жәдігерлер. Бірнеше ғасырдың куәсі атанған ағаш табақтың бір ернеуі сәл жарылғаны болмаса, жақсы сақталған. Алдағы жылдары да музейге талай жыл сән беретіні анық», – дейді.

Биыл Құнанбай қажы өмірге келгелі 221 жыл өтіпті. Інісі Өксікбай одан бірер жас ғана кіші болар. Құнанбай баласы Тәкежанмен қатарлас десек те есептен шатаса қоймаспыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген нақылды назарға алсақ, үш ғасырға жуық қолданыста болған, әйгілі Ырғызбай әулетінің ағаш табағын бүгінгі жас ұрпақтың көріп өсуі керек-ақ. Себебі, жасөспірім балаларға мұның өзі ерекше әсер сыйлайтыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар