«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаны жайсаң жан еді

Жаны жайсаң жан еді
Ашық дереккөз
Мынау сан түрлі бояуымен қызықтырып, таусылмайтындай көрінетін тоқсан тараулы тіршіліктің қысқалығын бір ғана қамшының сабымен теңеп кеткен қазағымның осы бір сөзінің мәні, саналы адамды ойландырмай қоймайтыны анық. Кеше ғана алдымызда жайраңдап жүрген аға-апаларымызды бүгінде таппай қалатын болдық. Тіпті өз құрбы құрдастарымыздың да арасы сирей бастады. «Бүгін бар, ертең жоқ болар. Уақыт бәрін ноқталар. Бесіктен шыққан жолаушы, бейітке барып тоқталар» деп өзіңді қанша жұбатқаныңмен, көрер қызығы әлі алдындағы адамның гұмырының әп-сәтте үзіліп кете барғанына «әттең, жалған-ай» демеске шараң қалмайды екен. Ал, ол адам тынымсыз адал еңбегімен ағайын-туыс, дос-жаран, қызметтестер ортасында құрмет пен абырой биігіне көтерілген, жоғары кәсіби білім-біліктілігімен өзгелер үлгі алатын жан болса, тіпті жаныңа ауыр тиетіні сөзсіз. Жүрегі ізгілікке толы Әбдрахым Оспанов ағайымыз сондай ардақты да асыл жан болған еді.

Марқұм Оспанов Әбдрахым Бексейтұлы (өз тегі бойынша Ақшалов Әбдрахым Әшімұлы) 1941 жылы қаңтардың 22 жұлдызында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Танты ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Әшім Ақшалов Ұлы Отан соғысы басталарға дейін Жетібай ауылындағы мектептің директоры қызметін атқарған.

1941 жылы әскерге алынып, 1943 жылы соғыста ерлікпен қаза тапқан. Анасы Жәмилә Әбдәлімқызы ұстаздық жолды таңдаған. Әбдрахым ағай 1967 жылы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының қаржы мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Жамбыл облыстық қаржы басқармасына жас маман болып қабылданған.

1970-1990 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институты экономика факультетінің бухгалтерлік есеп кафедрасында мұғалім болып қызмет істеген. 1991 жылы облыстық «Зейнетақы қоры» мекемесінің басшысы, 1994 жылы «ЖилстройсберБанк» директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2001-2011 жылдары аралығында Тараз қаласы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Қаржы және несие» тақырыптары бойынша студенттерге дәріс берген. Жұбайы Несіпкүл Ешметова – Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының түлегі. Өскен-өнген жандар. Зайырлық отбасылық өмірлерінде 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген, олардан 16 немере сүйіп отыр. Әбдрахым Бексейтұлы аталған институт қабырғасында қызмет атқарған жылдары ұлағатты ұстаз ретінде қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қадам бастырды. Солардың ішінде – Кенжебек Ақсақалов Білім министрлігінде ұзақ жыл бойы лауазымды қызмет атқарды.

Серік Байсалов – экономика ғылымының кандидаты, доцент, Қалдыбек Өмірзақов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, запастағы полковник, Лесқали Демеуов – Ішкі істер министрлігінің ардагері, запастағы подполковник, Бисен Рақымбердиев – Жамбыл облысы Талас ауданы статистика мекемесінің басшысы, Қаныбек Тойбаев – «Мырзатай» түйе тауық фабрикасының директоры лауазымдарын атқарып, ел-жұрттың ризашылықтарына бөленген жандар.

Өткен жылдың қараша айында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті жанындағы ынталы топ мүшесі болған Әбдрахым Бексейтұлы ағайымыздың тікелей араласуымен 1974 жылы институт қабырғасын экономика факультеті бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітірген түлектерінің «50 жылдан кейінгі кездесу» атты тақырыпта тағылымды іс-шарасы өтті. «DuIatу АIumni» түлектер қауымдастығының жұмысына белсене ат салысқаны үшін және ұзақ жылдар институт қабырғасында халық шаруашылығы саласына білікті мамандар дайындау ісіндегі қажырлы еңбегі еленіп, ағайымыз Ы.Алтынсарин мерекелік алтын медалімен марапатталды.

«Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», – деп Абай атамыз айтқандай, артында өшпес із, өлмес өнеге қалдырып, өмірден өткен ұстазымызды биік тауға ұқсатуға болады. Тау алыстаған сайын биіктей береді, жылдар жылжып, уақыт өткен сайын ұстаз тұлғасы даралана түседі. Сондықтан, ағайымыз Әбдрахым Бексейтұлының адамгершілік бейнесі, ұстаздық үлгісі ешқашан ұмытылмайды және шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталып қала бермек.

 

Еске алушылар: Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты, Бухгалтерлік есеп 74 түлектері.  

Ұқсас жаңалықтар