
ЭКОАКЦИЯ №13 ШАҒЫН АУДАНДА ЖАЛҒАСТЫ
Облыста наурыз айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» және тағы басқа акциялары өткізілуде. Ал, Тараз қаласының Жібек Жолы ауданындағы №13 шағын ауданы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында айналасын күл қоқыстан тазартты. Облыста акция аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық тәртіппен бұталанды. 60 тарихи мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған.
ҚАРАХАН КЕШЕНІНЕ АЛМА АҒАШТАРЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Экологиялық науқан аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының» бастамасымен Қарахан баба кесенесі төңірегіне алма ағаштары отырғызылды. Мұндағы мақсат – келген туристер мен қонақтарға уақыттарын жайлы өткізуге жағдай жасау. Яғни, тарихи нысандардың тазалығын қамтамасыз етіп, аумағын көгалдандырып, дамыту көзделген. Осылайша, тарихшылар да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлестерін қосуда. Жеміс және басқа да тал көшеттерін егу «Қарахан баба» кесенесінен басталып, алдағы уақытта барлық кесенелер мен тарихи ескерткіштерде жалғасады. Акцияға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» ұжымынан бөлек, Ескеркіштерді қорғау дирекциясы, белгілі тарихшылар, қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар да қатысты. Сонымен қатар өңірімізге саяхаттап келген италияндық туристер де алма ағаштарын отырғызып, еліміздің экологиялық іс-шарасына өз қолтаңбаларын қалдырды. Олар Италия, Рим, Неаполь, Турин, Милан қалаларынан келген. Қонақтар қазақ еліндегі мағынасы терең ескерткіштердің көптігіне таңырқағандарын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Экоакция аясында 50 түп алма талы тегілді.
МОЙЫНҚҰМДЫҚ ЖАСТАР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталған күні мойынқұмдық жастар да өз ауылдарын қыстан қалған қоқыстардан тазартты. Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастыруымен ерікті жастар тек тазалық жұмысымен шектелмей, көшелерді көгалдандырып, табиғатты қорғауда үлгілі іс көрсетті. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мәди Күнтудің айтуынша, мойынқұмдық жастар сенбілікті тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мұндай ортақ істерге белсенді қатысу – тұрғындардың елжандылығын, ауылға деген жанашырлығын көрсетеді. – Әркім өз үйінің, ауласының таза болғанын қалайтыны сөзсіз. Тазалық денсаулықтың да кепілі екенін ескерсек, өз ауылымыздың тазалығы балалар мен аудан тұрғындарының денсаулығына үлкен септігін тигізеді. Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – жауапты әрі сауапты іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет екенін Мемлекет басшысы баса айтты. Сондықтан біз – жастар Отанымызға, табиғатқа деген қамқорлықты үзбей жалғастыра береміз, – дейді Мәди Күнту.
САРЫСУЛЫҚТАР ЭКОАКЦИЯҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ
Көктемдегі тазалық жұмыстарының республикалық акциясы басталған күні сарысулық тұрғындар ұйымшылдық көрсетті. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, көктемгі сенбілік жұмыстарының екі айлық науқаны бұл ауданда қызу жүргізіліп келеді. Әр мекеме, бөлім қызметкерлері бөлініске сәйкес, аумақтарды күл қоқыстардан тазалап, тал дарақтарды әктеп, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын белсенді атқаруда. Сенбілік жұмыстары Жаңатас қаласы мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Республикалық акцияда белсенділік танытқан тұрғындарға тазалықтың тек қоршаған ортаға ғана емес, әрбір адам мен жан-жануарлардың денсаулығына да үлкен әсері бары түсіндіріліп, әркім өзімен қоса айналасының тазалығына да жауапты екені айтылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді