
Рас, әулиеаталықтардың 70–80 пайызы мал шаруашылығымен шұғылданады. Міне, осы төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырған тұрғындардың дегбірін барымташылар қашырып отыр. Мұндай ұрлықты ұйымдастырушылар – кәнігі қылмыскерлермен қатар, жалған құжат жасайтындар, ұрланған малды тасымалдаушылар, қасапшылар, қара базардағы алып-сатарлар, бір сөзбен айтқанда, сыбайласқан топ. Полицейлер ұрыларды темір торға топырлатып тоғытып жатса да, төрт түлікті қолды етушілер тыйылар емес. Өңірлік полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Еркебұлан Сәрсенбаевтың айтуынша, соңғы жылдары облыс аумағында мал ұрлығы бәсеңдей түскен.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен 23,2 пайызға азайған және нақ осы қылмыстың ашылуы 55,3 пайызға артқан. Тәртіп сақшысы бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізуге Ішкі істер министірлігі қабылдаған 2024-2026 жылдарға арналған бағдарлама өз септігін тигізгенін атап өтті.
– Полиция департаменті мал ұрлығын алдын алу, ашу және де осы қылмыстың санын мейлінше төмендету бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Облыс бойынша 192 707 жылқы, 440 069 ірі қара және 3 061 941 ұсақ мал сондай-ақ 8 мыңнан аса түйе тіркелген. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мал ұрлығының тіркелуі өткен жылғы кезеңмен теңесті. Жалпы, тіркелген фактілердің 77 пайызында мал жайылымнан ұрланғаны анықталды. Жыл басынан мал ұрлығын жасағаны үшін 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде бұл іспен кәсіби түрде айналысып жүрген 13 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ әшкереленді. «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шара барысында бір топты құрықтадық. Олардың 4-тен астам қылмысы дәлелденді. Нәтижесінде, ұрланған 146 бас малдың 61-і яғни, 41,8 пайызы иелеріне қайтарылды. Ал, келтірілген шығынның 17 миллион 930 мыңы толықтай өтелді, – деді Еркебұлан Бекбосынұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде.
Сонымен қатар спикер мал ұрлығының алдын алу мақсатында 5 бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, алғашқы бағытқа сәйкес, мал сою орындарын тексеру кезінде облыс аумағында 54 мал соятын орындардың барлығы сүзгіден өткен. Нәтижесінде, бас аяғы 26 мал сою орны жұмыс істемейтіндігі анықталса, Тараз қаласынан заңсыз мал соятын орын әшкереленген. Ал, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 406-бабы бойынша мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 246, 408 бапқа сәйкес, мал жаю ережелерін бұзудың 573 фактісі тіркелген. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері «Қашар» іс-шарасы кезінде де айдың-күннің аманында төрт түлікті қолды еткендердің жолын кесіпті.
Өкінішке қарай, мал ұрлығы Байзақ пен Жамбыл аудандарында өршіп тұр. Тәртіп сақшылары мұны төрт түліктің құмды алқаптарда жайылатын және тұрғындардың өз малын ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдыруымен байланыстырады. Осы себепті, полицейлер азаматтарды мал жаю ережелерін мұқият сақтауға, қылмыс орын алған жағдайда дер кезінде 102 арнасына қоңырау шалуға шақырады. Олардың сөзінше, тұрғындар жоғалған малдарын өз күштерімен іздеуге әуес.
Алайда, одан нәтиже аз екен. Еске салайық, Қылмыстық Кодекстің мал ұрлығына қатысты бабына енгізілген өзгеріске сәйкес, мал ұрлығына қатысы бар адам 5 жылдан 7 жылға, ал егер ол ұйымдасқан қылмыстық топ болатын болса, 10 жылдан 12 жылға дейін дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мал ұрлығына қатысы бар адамға бұрынғыдай бітімгершілікке келу мен кешірім қарастырылмаған. Демек, төрт түлікті қолды еткен адам абақтыға қамалып, жазасын өтейді. Сондықтан, тепсе темір үзетін кейбір жігіттер қылмыстың өтеуі – жаза екенін ұмытпай, адал еңбекпен мал табуға әрекеттенсе дейміз.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді