«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сталинге жазылған хатта Сарысудағы аштық айтылған еді

Сталинге жазылған хатта  Сарысудағы аштық айтылған еді
Автор
Жамбыл жерінің тарихы елдіктің алтын көмбесі екені белгілі. Алайда өңір тарихы туралы сөз етілгенде оның жетістігімен қатар, қилы кезеңдерін де атап өту қажет. Тарихтың осындай қысталаң сәттерінің бірі, кеңестік өкімет саясатының салдарынан елімізде отызыншы жылдары орын алған зобалаң Әулиеата өңірін де айналып өтпеді. Соның салдарынан аймақта жиі баскөтерулер орын алып тұрды.

Әулиеатадағы сұрапыл аштық бәрінен де Сарысу және Талас аудандарында қатты қарқын алды. Екі аудан да Бетпақдаламен шектесетін әрі негізгі тіршілік көзі дәстүрлі мал шаруашылығы болғандықтан, 1928 жылы ірі қазақ байларын кәмпескеден кейін қатты шығынға ұшырайды. Тіптен Сарысу ауданындағы жағдай сол кездері Т.Рысқұловтың Сталинге жазған екінші хатында көрсетілген.

1933 жылы 9 наурызда Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хатында: «Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан 500-дей қожалық қалған, өзгелер Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кеткен, ал бірсыпырасы, тіпті Қырғызстанға ауып барған. Сарысу ауданында ашаршылық өте қатты өршіп тұр. Адамдар босып, көпшілігі Әулиеата қаласына барды.

Қараша айында осы ауданнан әлденеше жүздеген қазақ тайлы-таяғы қалмай шұбырып, ұзақ жолға шыққан. Осы жол үстінде олардың біразы қаза тапқан. Қаңтардың екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі табылған. Жолшыбай жосылған адамдарға жолда қаруланған бандиттер шабуыл жасап, өзі аш адамдарды одан сайын қырғынға ұшыратты.

Аштықтан босып шарасы қалмаған әйелдер өздерінің кішкентай балаларын суға лақтырған. 5-6 қаңтарда Әулиеатаның шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйектері жинап алынған және сол мерзім аралығында 84 ересек адам аштан өлген» дейді.

Осы жылдары Әулиеатаға уәкіл болып барған Ораз Жандосов Сарысу ауданы халқының біраз бөлігін Созаққа көшіріп, елді ашаршылықтан аман алып қалуға әрекет жасаған. О.Жандосовтың Ф.Голощекинге жазған хатында аймақтың жантүршігерлік жағдайы баяндалады: «Қара жолменен Сарысу ауданында №5 ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан айдалада 12-14 жастағы екі бала жолықты. Олар айдалада жаяу кетіп бара жатыр екен. Содан көлігімді тоқтатып: «Әй балалар, қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрадым.

Сонда балалар: «Анау сайда көктемде ит атқыштар келіп иттерді атып, солардың терісін сыпырып алып кеткен. Енді біз сол сайға барып, иттердің өлімтігін жеп, тамақтанып жүрміз деп айтты. Бұл жаз айы болса, ал енді иттердің өлімтігі көктем айында болған болса, қаншама уақыт өткен сол бұзылған иттердің өлімтігін балалар барып жеп жүр екен. Одан кейін бір ауылға келгенімде алдымнан ісініп кеткен аяғы ауыр бір әйел шығып, маған зорға дегенде күбірлеп сөйлеп, қолын көтеріп, «Анау кетіп бара жатқан итті атып берші» деді. «Оны не қыласың? дегенімде «Үйде бес балам аштан өлейін деп жатыр, итті атып берсеңіз, соларға мен тамақ қылар едім» деп жауап қатты», – дейді.

Осы жағдайдан кейін қазақ кедейлерінің өзі жергілікті коммунарлардың озбырлығын көре отырып, олардың ісінен түңіліп, қазақ қоғамында тәркіленіп кеткен ірі байлардан кейінгі тап орта шаруалармен бірлесе кеңес өкіметіне қарсы наразылық білдіре бастады. Негізінен 1928 жылы қазақ даласында бүкіл ірі байлар толық тәркіленіп біткен.

Алайда науқанның орындау жоспарына бұл байлардың саны жеткіліксіз болды да, жергілікті белсенділердің тарапынан 1929-1930 жылдары орта шаруалармен қатар кейбір кедейлердің тобы да тәркіленіп, жер аударылып кеткен. Мұндай шектен шығушылық кейін Сарысудағы қазақтардың жаппай бас көтеруіне әкеліп соқты.

 Зерттеуші-жазушы Бейбіт Қойшыбаев мұны өзінің «Тараз. Жамбыл облысы» энциклопедиясында жазған Сарысу көтерілісіне байланысты мақаласында атап өтеді. 1930 жылдың қаңтарында Сарысу және оған көрші Талас аудандарында кеңестік озбыр саясатқа қарсы халықтық іс-әрекеттер бой көрсете бастаған.

Сарысудағы наразы халықпен болған қақтығыста Сарысу ауданы ГПУ-дің (мемлекеттік саяси басқарма) өкілі Тыныштықбаев өлтірілген. Сарысудағы наразылықтың алдын алу үшін ОГПУ-дің (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) жергілікті өкілеттігі Сарысу ауданының ауылдарына 50 адамнан тұратын атты әскерді жіберген. Сонымен қатар, осындағы Кентаралда, Ойықта жергілікті партия, комсомол өкілдерінен, кедейлерден 30 адамды біріктіретін коммунистік отряд жасақталып, наразы ауылдарға аттандырылған. Дәл сол секілді 1930 жылы 22 наурызда Талас контонында Дмитриевка елді мекенінде екі жақты қақтығыс орын алған.

Мұнда қозғалысқа қатысушылардың саны 200 кісіге жеткен. Әлімбет молда бастаған көтерілісшілер тобы жер аударылуы үшін қамалғандарды босатуға тырысқан. Қақтығыс барысында көтерілісшілер Талас кантонының атқару комитетінің төрағасы Шыналиев деген азаматты өлтіргеннен кейін, яғни аудандық кеңестік әкімшілікті құлатқаннан соң, өкімет тарапынан көтерілісті жою шараларына саяси мән беріле бастайды.

Ақыры Әулиеатадан 23 наурызда Александровскіге кадрлық ротаның 27 атқышы, қазақ ұлттық дивизионы және милиция отряды келіп, көтерілісшілерді күшпен басады. Тарихи фактілер халық көтерілістері болған басқа аудандар тәрізді Сарысу өңірінде де байларды кәмпескелеу саясатының аса қатал болғанын көрсетеді.

Науқанның барысында «тәркілеуге қарсылық жасауды ұйымдастырмақ болды» деген желеумен Дінше Әділов, Ағабек Байдуллаев, қақтығыс барысында оққа ұшқан Байсейіт Әділов, 1929 жылдың басында Асқар, Әубәкір, Жолдасбай, Әбуәлі Әділов секілді белгілі азаматтар ұсталып, жер аударылып, ату жазасына кесілді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар