«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал ісімен аналарды бақытқа бөлеген акушер

Адал ісімен аналарды бақытқа бөлеген акушер
Автор
Өмір – бір-біріне қамқор жандармен сәулелі. Адам болып жаратылған соң бұл жалғанда жақсылықтың уылдырығын төгуден артық міндет, одан артық қасиет жоқ шығар. Ел арасында осындай жанашырлық, мейірімділік қасиеті басым жандар жетерлік. Сондай ізгі жанның бірі – акушер Балдырған Сәрсенбаева. Әрдайым жүзінен нұр шашып тұратын Балдырған Дөнесханқызы облыстық перинаталдық орталықта ана мен баланың бірге болу бөлімінде акушер болып қызмет атқарады. Үздіксіз бір жерде тұрақты жұмыс істегеніне 22 жыл болыпты.

Қазақта «Жүкті әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деп адамнан адам шығу оңай еместігін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Осындай сәтте ана мен баланың сақшысы бола білген, екеуінің амандығын тілеп, қамқоршысы болған акушерлер туралы не білеміз? Акушер – әйел адамның жүкті болған күнінен бастап сәбиінің аман-есен туылғанына дейін ем жүргізетін, есепке алатын, бала босандыруға көмектесетін ізгі жан. Әйел адамның қамқоршы тілекшісі. Ол тек бір адамның өміріне жауап бермейді. Мойнына ана мен баланың жауапкершілігін қатар алады. Өз ісіне адал берілген Балдырған Сәрсенбаева 1982 жылы 12 ақпан күні Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген.

– Акушер – бұл әйел адамдарға жүктілік және босану кезінде көмек көрсететін маман. Қарапайым тілмен айтсақ, жүкті әйелдің тәлімгері іспетті. Құрбымның әпкесі акушер болатын. Соған еліктеп Тараздағы Жамбыл медициналық колледжіне түстім. Анам он құрсақ көтерген батыр ана. Мен жетінші перзентімін. Өз отбасым Шымкентте. Мұнда әпкем Алшакүл мен жездем Темірбай Мұқашевтың қолында тұрып оқыдым. 2002 жылы оқу бітірген соң облыстық перинаталды орталыққа акушер болып жұмысқа орналастым. Бастапқыда жүкті әйелдерді қабылдау бөлімінде істедім. Ата-анам мен туыстарым ұстаз болуымды қалады. Бірақ менің жүрек қалауым – акушер болу еді. Өз мамандығымды жақсы көремін. Бүгінде осы перинаталды орталықта босанудан кейінгі ана мен баланың бірге болу бөлімінде істеймін. Әйел адам босанып болғаннан кейін екі сағаттан соң, ал кесір тілігінен соң 6 сағаттан кейін біздің бөлімге түседі. Менің міндетім босанған әйелге қарап, жағдай жасау. Олар ауруханадан шыққанша дәрі-дәрмегін беріп, жағдайын жасау. Перзентхана болған соң түрлі жағдай болады. Балалары шетінеп кеткен аналармен жұмыс жүргіземіз. Қайғы-мұңын тыңдаймыз. Оны жұбатамыз. Ауыр халде жатқан сәбилер бар. Олардың анасына да оңай емес. Сабырға шақырамыз. Қуат береміз. Аналардың психологиясын әбден игеріп алдық. 22 жылда көрмегенім жоқ. Бірақ арқалағаным алғыс. Мен періштелер мекенінде жұмыс істеймін. Мұны мақтан тұтамын. Әрбір ананың жанында мен қамқоршы болып жүремін. Кім көмек сұраса да қолын қайтармай дәрісін егіп, көмектесіп жүремін. Кейбір аналар 8 қыздан соң ұл босанады. Олардың шын қуанышын біз түсінеміз. Қолдаймыз. Бізде ісікпен, баласы жетілмей ерте туылған жағдайда ұзағырақ жатады. Асқынуларды болдырмай қарап, күтіп жібереміз, – дейді акушер.

Балдырған екі мәрте алғыс хат пен марапатталыпты. Бір ананың өмірін сақтап қалғандығы үшін марапат алған. 2013 жылы бауыры іріп бара жатқан ананы құтқарып қалғандығы үшін, ал 2021 жылы бас акушер-гинеколог Қаракөз Әмірқызының қолынан екінші рет тағы да бір ананың өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс арқалапты. Себебі, Балдырған босанған аналардың талдау қорытындысынан-ақ шикілік барын сезген. Анадағы сирек кездесетін ауруды анықтап, ананың өмірін сақтап қалыпты. Қаншама ананың алғысына кенелген акушер өз ісіне мығым.

Балдырған үшін елдің алғысынан артық марапат жоқ. Дәрігерді емделушілері қаншама жылдар өтсе де іздеп келіп жатады. Өмірге келуіне өзі себепші болған балаларды көру жүрегін шаттыққа толтырып, көңілін қуанышқа бөлейді. Ұрпақ өрбітіп, өмірге бала әкелетін аналар үшін денсаулық ең маңызды тақырып, сондықтан олар өздерін ана болу бақытына ие еткен дәрігерге деген алғыс[1]ілтипаттарын білдіреді. Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қандай қуаныш бар? Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін сәби әкелу – әрбір ананың арманы. Ал құрсақтан шырылдап шыққан шақалақтың кіндігін кесіп, ең бірінші қолға алатын акушердің еңбегі тіптен ерен.

– Балдырған акушерді бәріміз жақсы көреміз. Тіпті өзім әрбір баламды босанғанда сол кісіні арнайы іздеп бардым. Қолы жеңіл, ісі жылдам адам. Әрқашан ақыл-кеңесін айтып жүреді. Босанған ана – жаңа туған құлын құсап жел үп етсе де бойына суықты алып қалатындай әлсіз болады. Сол себепті ол терлеуі қажет. Қалжалануы керек. Мұндай мүмкіндік алғашқы күндері ауруханада жатқандықтан бола бермейді. Сондай кездері бізге акушер Балдырған Дөнесханқызының көмегі көп болды, – дейді жаңа босанған ана Айсана Аманжолқызы.

2012 жылы жолдасы Сәкен Найманхановпен отасып, екеуі бірге бір қыз тәрбиелеуде. Мейірім, білім, шыдамдылық – медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән. Медицина қызметкері пациенттерге кәсібилік, шынайы жанашырлық және моральдық қолдауымен ерекшеленеді. Көптің есінде жылы жүзімен, кәсіби шеберлігімен есте қалған Балдырған акушерде мұндай игі қасиеттер басым.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар