«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүйрегіңіз сау ма?

Бүйрегіңіз сау ма?
Автор
Қазақтар тілек айтқанда «Бүйрегің бүтін, бауырың аман болсын» дейді. Қандай игі, жақсы тілек! Алайда көп жанның бүгінде бүйрегі бүтін болмай тұр. Жыл санап елімізде бүйрек аурулары дендеп барады. Қазақстанда 10 мыңнан астам адам диализге тәуелді. Ал Жамбылда 2 мыңға жуық адам бүйрек жеткіліксіздігімен есепте тұр. Үнсіз ғана өз қызметін атқарып тұрған бүйректің қадірін қаншалықты білеміз?

Нефролог – бұл бүйрек ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу бойынша маманданған дәрігер. Олар бүйректің қызметін жақсартуға, асқынуды болдырмауға ем тағайындайды. Бүйрек ауруларын емдеуде дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Олар адам өмірін сақтап, денс аулықты жақс артуға арналған орасан зор жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін мамандық иелері. Әсіресе, нефрологтар сияқты мамандықтағы дәрігерлер күрделі жағдайларды емдеп, көптеген адамның өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі. Бұл мамандық тек білімді ғана емес, сонымен қатар үлкен шыдамдылық, жанашырлық және адалдықты талап етеді.

Сондықтан дәрігерлерді құрметтеп, олардың еңбегін бағалау – әрбіріміздің міндетіміз. Біз сөз еткелі отырған нефролог Парида Құрманбаева 35 жыл еңбек өтілі бар дәрігер. Ол қалалық көпбейінді аурухананың консультативтік диагностикалық орталығында нефрология бөлімшесінің меңгерушісі. Парида Жорабекқызының осы ауруханада тапжылмай еңбек етіп келе жатқанына да 20 жыл болыпты. Біз барғанда нефрология бөлімшесіндегілер күнделікті тіршілігін атқарып жатыр екен. Жедел түрде ота жасалуы қажет болып, науқастың жағдайы күрделеніп кетіпті. Сөйтсек бұл бөлімшедегілер бәріне үйренген екен. Еш саспастан қарекеттерін жасап жатты.

– Семейде медициналық университетті тәмамдадым. Жамбылдағы еңбек өтілім 2004 жылдан басталды. Дәл қазіргі күні 29 төсек орын бар. 23 науқас емделіп жатыр. Нефрология бөлімшесінде 17 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Оның үшеуі дәрігер, 7 медбике, қалғандары салаға қатысты мамандар. Мұнда біз жедел және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, гломерулонефрит, пиелонефрит, нефротикалық синдром, бүйректің тас ауруы, қант диабеті және гипертензияға байланысты нефропатиялар, поликистоздық бүйрек ауруы, зәр шығару жүйесінің инфекциялары ауруларын емдейміз. Бүйрек аурулары дегенде көбіне адамдар тек бүйрек ауырады екен деп шат асып жат ады. Біздің бөлімшеде қант диабетімен ауыратындар жатады. Бүйрек ауруының себебі көп. Өте ауыр жағдайдағы адамдар көптеп түседі. Бүйрек істемей қалған кезде келу өте қауіпті. Тез арада реанимацияға жатқызамыз. Қанын тазалаймыз, науқастың ауруына байланысты ем тағайындаймыз. Барша дәрігерлер бірлесіп науқастың ары қарайғы тағдырын шешеміз. Диализге тәуелді бола ма? Не істейтінімізді шешеміз. Тіпті психологқа дейін шақырып, науқастарға ары қарай да өмірдің жалғасатынын түсіндіреміз, – деді Парида Жорабекқызы.

Зәрі жүрмей қалған науқасқа кеңес беруге арнайы трансфузиолог дәрігер Динара Тілеуназарова келіп отыр екен. Ол адамның қанын науқастың көрсеткіші бойынша дайындайды. Ауруханаға қанды тасымалдап береді. Науқасты тексеріп, шамамен қанша мөлшерде қан құю қажет, анализін қарап, екі доза жуылған қан құюға кеңес беріпті.

– Біздің жұмыс та оңай емес. Қай жерде, қай науқасқа қан құю қажеттілігі бар, біз сол жерде жүреміз. Яғни, бізді кеңес беруге шақырады. Қан құюдағы трансфузиологтың рөлі өте маңызды. Трансфузия – ағзаға сырттан бөтен қан енгізу процесі. Бұл процедура дұрыс ұйымдастырылмаса, ауыр аллергиялық реакциялардан бастап, өмірге қауіпті асқынуларға дейін алып келуі мүмкін. Трансфузиолог дәрігер қан компоненттерін дұрыс іріктеп, құюдың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Трансфузиологтың жұмысы – медицинадағы аса жауапты салалардың бірі, себебі ол науқастың өмірі мен денсаулығын тікелей сақтап қалуға бағытталған, – дейді дәрігер Динара Бақытқызы.

Нефролог Парида Жорабекқызы жақында ғана Астана қаласында өткен нефрологтар конгресіне қатысып келді. Онда бүйрек ауруларын басқарудың үздік практикалары талқыланыпты. – Астанада Түркі әлемі, Еуропа, АҚШ, Сауд Арабиясы, Түркия мемлекеттерінің жетекші сарапшыларының қатысуымен нефрологтардың, диализ дәрігерлерінің және трансплантологтардың Орталық Азия конгресі өтті. Бүйрек ауруы – бүкіл әлем бойынша 750 миллионнан астам адамға әсер ететін жаһандық денсаулық сақтау мәселесі. Сол жиында бүйректің созылмалы ауруы бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту мақсатында министрлік бірқатар шараларды қабылдады. Жоғары медициналық оқу орындарының клиника лық база ларында республикалық Нефрология орталығы мен өңірлік құзыреттілік орталықтары құрылады. Реципиент пен донордың паспортын ескере отырып, күту парағын қалыптастыруды өзектендіру жүргізіледі.

Конгресс алаңынд а бүйректің созылмалы ауруы проблемаларының аса маңызды пәнаралық және үйле стіруші аспектілері, Қазақстан денсаулық сақтау саласының диализ және бүйрек транспланттауына жұмсалатын әлеуметтік-экономикалық шығыстарының ауыртпалығын талдау, ғылыми-білім беру платформасын қалыптастыру және халықаралық деңгейдегі емдеу мен диагностиканың инновациялық технологияларын енгізу талқыланды. Көп тәжірибе жинап қайттым, – дейді дәрігер Парида Жорабекқызы.

Бүйрегіңіз ауырмай тұрып қадірін біліңіз. Зәрдің көбіктеніп, түсінің өзгеруі, бойдағы әлсіздік, кіші дәретке отыру жиілігі, іштің ауыруы мен жүректің айнуы, қан қысымының көтерілуі – бүйрек ауруының сыр беріп жүргенінің белгісі болып табылады. Дерт асқынған жағдайда зәрде қан байқалып, дене қалтырап, бөртпелер шығып, адамда мазасыздық пайда болады.

 «Денсаулықтың қадірін, ауырғанда білерсің» демекші, аурудың алдын алып, бойыңызды сырқаттан сақтаңыз. Дәрігерге уақытында қаралып, тексеріліңіз. Себебі кейін көрінемін деп жүргеніңізде, уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласыз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар