«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аса ауылында 40 пәтер пайдалануға берілді

Аса ауылында 40 пәтер  пайдалануға берілді
Автор
Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бұл бағытт а мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар іске асып келеді.

Мәселен, Жамбыл ауданының Аса ауылында үй кезегінде тұрған азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталып, жаңа үйлер пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, жаңа баспана иелерін құттықтады.

– Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Әсіресе, әлеуметтік осал топ азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының басты назарындағы мәселелердің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Облысымызда пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жалғасын табуда. Аса ауылы тұрғындарының қуанышына айналған бұл бастама – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа баспаналар берік отбасының іргетасын нығайтып, елдегі игі істердің жалғасуына жол аша бермек, – деген аудан басшысы қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.

Осы күні баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі – Райкүй Раева «Жұмысшылар жылында» қызметкерлердің еңбегі еленіп жатқанына шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Бүгін ұзақ жылдар күткен баспанамызға ие болып отырмыз. Ел Президентіне, аймақ басшылығына осындай мүмкіндіктер үшін алғыс білдіремін. Бүгін осында пәтер кілтін алып отырған жаңа көршілерімді де шын жүректен құттықтаймын, – деді пәтер иесі.

Ауданда қазіргі таңда 1750 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, солардың бірқатарына жаңа қоныстан шаңырақ бұйырды. Ел игілігіне берілген жаңа нысандардың саны 40 пәтерлі 20 үйді құрайды.

Жаңа қоныстанушылардың жай-күйімен танысқан Ерлан Қыдыралыұлы алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Жалпы облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді.

Бұл бағытта 717 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 347 пәтер сатып алу, «Әулиеата жастары» жобасы аясында 100 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар