«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алушы көп, сатушы да дән риза

Алушы көп, сатушы да дән риза
Автор
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базар» алаңында кезекті жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 14,7 миллион теңгені құрайтын 21,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген.

– Тараз қаласы тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Тараз қаласындағы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері тарапынан жеткізілген өнімдер ұсынылып, базар бағасынан 15-20 пайыз төмен ұсынылды. Жалпы кешегі жәрмеңкеге шығарылған өнімнің жалпы құны 14,7 миллион теңгені құрады. Бұл жәрмеңкеге 500 килограмм тауық еті, 2000 килограмм шұжық, 2500 килограмм сүт, қаймақ, 1 мың дана жұмыртқа, 500 килограмм кондитерлік және 600 килограмм макарон өнімдері шығарылды. Сондай-ақ 50 килограмм тұз, 100 килограмм балық, 3000 килограмм ұн, 500 килограмм бал мен 12 мың килограмм жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері өткерілді. Жалпы жәрмеңкеге шығарылған өнім 21,75 тоннаны құрады, – дейді Төлебек Құлекеев.

Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық-түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне толып тұр. Алушы да, сатушы да дән риза. Өйткені, баға жүйелі.

Шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, қырыққабат басып келген Бейбіт Әбирбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы екенін айтты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін қоймада сақтап, енді жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін жеткізді. Ал «Бірлік» өндірістік кооперативі 100 литр шит майын, ал «Айгерім» ЖК макарон өнімдерін жеткізіпті. Сонымен бірге сүт және қымыз өнімдерін сөреге қойыпты. Сатушысы Қанат Болатқұл макарон өнімдерінің тез өтіп кеткенін айтты.

«Жәрмеңкеге макарон өнімдерінің 10 түрін әкелген едік. Қазір тоғыз түрінен бір-екі қалтадан қалды. Қалғанын жұрт талап әкетті», – деді ол.

Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғанын құптайды.

«Жәрмеңкенің өткізіліп тұрғаны қала тұрғындары үшін тиімді. Осы жерден өзімізге керекті азық-түлікті арнайы келіп, керегімді алып тұрамын. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қолжетімді. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын, – дейді қала тұрғыны Сандуғаш Нұржан.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар