«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең...

Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең...
Автор
Қазақ ауыз әдебиеті асыл қазынаға бай. Ертегілер, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, мысал өлеңдер, батырлар жырлары, айтыстар, бәрі-бәрі адамдардың терең ақыл-ойы мен асқан шебер шығармашылығының жемісі. Олардың бәрінде де өмір бар: ақыл-ой парасаты, махаббат, әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздік, жақсы мен жаманның, әділдік пен әділетсіздіктің тайталасы, ел намысы, жер намысы үшін күрес... Осылардың бәрі де белгілі бір оқиға желісімен баяндалады. Түп негізінде адамдардың арман-мақсаты жатыр. Тіпті, екі жол немесе бір шумақ мақал-мәтелдің өзінде белгілі бір ойды білдіретін мазмұн бар. Осындай бай дүние, асыл қазына ғасырлар бойы ұрақтан-ұрпаққа ауызша беріліп отырған. Жай әңгімелеу, ауызекі баяндау сипатындағы проза жанрына жататын шығармалар бірден-бірге беріліп отыруы оңайлау. Ал, поэтикалық үлгідегі сөздердің шебер ұйқасымен өрілген өлең түріндегі шығармалардың жөні бөлек. Оларда ұтымды ұйқас, ой-өрістің тереңдігі, асқан шеберлік, тапқырлық бар. Олар сонысымен де ерекше. Әдебиеттің, мейлі ол жазба болсын не ауызша болсын, ертегі, әңгіме сипатындағы үлгісі әлем халықтарының бәрінде бар. Ал, поэтикалық үлгіде жырлар, айтыстар көпшілігінде жоқ. Әсіресе, айтыс!

Айтыстың таза мағынасы – талас, тартыс, бәсеке. Айтыстың мағынасы осындай кең болғанымен, өлеңмен айтысудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол – шығармашылық.

Ескі мәдениетті елдердің ішінде айтыс бар ел – араб. Арабта біздің айтысқа ұқсас өлеңмен сөйлесу бар екен. Атауы – мұғаллақат. Зерттеушілердің сөзіне салсақ, мұғаллақат көбінесе арабтардың көшпелі тайпасы – бәдеуилер арасында ұшырасқан екен.

Соңғы кездерге дейін көшпелі өмір сүріп келген қазақ, түрік пен монғол сықылды елдерде айтыс бар екені айтылады. Бұл елдерде поэзияның осы жанрының тууы мен өркендеуінің басты себебі – оларда жазу, сызу, мектеп болмауынан. Ондай елде ақынның күші ауызға түседі. Былайша айтқанда, бір ақын айтарын өлең түрінде жеткізеді де, екіншісі оған өлеңмен жауап қайтарады. Жай қара сөзбен емес, өлеңмен сөйлесу-жауаптасу ұлттың ерекшелігін, дарындылығын көрсетсе керек. Бұдан шығатын қорытынды: қазақ халқы – өте дарынды халық.

Айтыс – қазақ ауыз әдебиетінде ертеден келе жатқан жанр. Оның түрлері көп.

Нағыз айтыс ат жарысы, бәйге сияқты. Мұнда сөз бәсекесі. Айтысушы тараптар өз елін, елдің жақсы адамдарын, жетістіктерін айтады. Жетістіктер, артықшылықтар айтылғаннан кейін салыстырмалы түрде кемшіліктердің де айтылуы – заңдылық. Міне, нағыз айтыс – осы! Өйткені, айтыскерлер ойларын әсем, бейнелі сөздермен «тұздықтап» жеткізуге тырысады. Сөз маржанын тереді. Білімі мен біліктілігін, ұшқыр қиялын көрсетеді. Паш етеді.

Биыл туғанына 200 жыл толатын Ұлбике Жанкелдіқызының бойында осы қасиеттердің бәрі де болған. Оның есімі қазақ даласында айтыспен танылған Жанақ, Түбек, Сабырбай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, Ырысжан, Ақсұлу, Кеншімбай, Сара, Біржан, Мұсабектермен қатар аталуы тегіннен-тегін емес. Осынау айтыс өнерінің өрен жүйріктерінің қатарында аталуы – Ұлбикенің өресі биік ақындығына дәлел.

Ұлбикені кейбір зерттеушілер поэзияның «ақ періштесі», «аққуы» деп бейнелепті. Бұл екеуі де жоғары теңеу. Өте лайықты теңеу. Біз өз тарапымыздан «айтыстың ақберені» деп атағанды жөн көріп отырмыз. Берен – мылтық. Айтыста ақындар сөзбен атысады. Сөздері мірдің оғындай өткір ақынның олжасы – жеңіс. Ұлбике ақын өткір, тауып айтқан сөздерімен үнемі жеңіс туын желбіретіп отырған.

Ол Сыр бойында дүниеге келіп, ақын ретінде сонда танылған. Оның Күдеріқожамен, Мәделіқожамен, Жанкел, Сералымен айтыстары сол өңірде болған. Сералы – атақты баспагер, қоғам қайраткері Мұхаметжан Сералиннің әкесі. Ұлбике – қайым айтыста алдына жан салмаған жүйрік. Оның Күдеріқожамен айтысын әйгілі орыс ғалымы В.Радлов өзі құрастырған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгісі» атты тарихи кітабына енгізіпті. Ал, ол кітаптың Еуропаның бірқатар халықтарының тіліне аударылғаны қазақтың ақын қызының атағы әлемді шарлап кеткеніне дәлел. Ұлбике ақын туралы сөз өнерінің зерттеушісі, фольклоршы Әбубәкір Диваевтың еңбегінде де бар. Атақты Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар» деген теңеуі – аңызға айналған ақынға берілген шынайы баға. Әрине, әйгілі Мәшһүр-Жүсіп мұны бекерден-бекер айта салған жоқ. Бұл өнер зерттеушісінің Ұлбикенің ақындығына көзі жеткен соң айтылған сөз.

Қайымдасу айтыстары – әдетте қыз бен жігіттің бірін-бірі дәріптеуі, мақтасуы, жөні келгенде тиісе сөзбен шымшуы, тіпті, сынай айтуы. Айтыстың бұл үлгісін Ұлбикенің Мәделіқожамен, Күдеріқожамен сөз қағысуынан көруге болады.

Ұлбике:

Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,

Тал бойыма жинақтап, хаттап алғам.

Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,

Өлеңімді әніммен баптап алғам.

Мәделіқожа:

Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,

Қысылса да аузына сөз түседі.

Өлең айтып отырған Ұлбикенің

Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.

Ұлбике бойындағы дарыны әкесінен дарығанын айтса, Мәделіқожа сол дарынды бағалай сөйлейді. Біздің «бірін-бірі дәріптеу» дегенде айтпағымыз осы еді. Бұл – үлкен мәдениеттіліктің белгісі.

Ұлбикенің Таспақожамен айтысының желісі бөлектеу. Бұл жерде екі ақынның бір-бірін ұғысуы бар.

Ұлбикенің көңілі сүймесе де, жастай атастырылып қойған Бойтанға ұзатылғаны тарихтан мәлім. Ой-өрісі таяз, мінезі нойыс Бойтан өлеңнің киесі қонған Ұлбикенің өнеріне тұсау салып, өрісін тарылтып тастайды. Қапаста ұстайды. Ұлбикенің жағдайы торға қамалған құспен тең. Ал, халық Ұлбикенің өнерін тамашалағысы, жай отындай жарқылдаған сәттерін көргісі, теңіздің тереңінен інжу тергендей тауып айтқан маржан сөздерін естігісі келеді. Оны ұғатын Бойтан ба, Ұлбике ата-енесінің рұқсатымен қайынсіңлілерімен, қайынаға, абысындарының қасында той-тамашаға барып келген сайын таяққа жығылады.

Мұны былайғы жұрт та біледі. Жөні келіп айтыса қалса, қарсыласы мүсіркейді немесе бетіне басады. Әйтеуір, жеңу керек қой. Ұлбике сондай жағдайдың өзінде сөз тауып, қарсыласын тойтарып тастап отырған. Оны да түсінетін бар, түсінбейтін бар. Ұлбике мен Таспақожаның айтысынан соны көреміз.

Ұлбикенің Күдеріқожамен айтысы – тарихи оқиға. Мұнда екі ақынның бір-біріне деген ықыласы мен сыйластығы анық аңғарылып тұр. Бірақ, ешқандай шектен асу жоқ. Бұл айтыстан Ұлбикенің көргенділігі, білімділігі, тапқырлығы, ақылдылығы байқалады.

Тіпті, Ұлбикені жеңе алмаған Күдеріқожа әкесі Еркөшек қожадан осы қызды қалай жеңудің жолын да сұрапты. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз әріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт. Екі әріпті жасырып қой. Оны тапса, саған Ұлбикені жеңу жоқ. Оның өкпесіне өлең жазылған», – депті.

Алланың берген абыройы, тұлабойға туа біткен дарын ол жұмбақты да оп-оңай шешкізеді.

Күдеріқожа өз заманының ірі ақыны болған. «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» атты екітомдық жинаққа ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары енген. Осы жинақта Ұлбике Жанкелдіқызы туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал, Ұлбикемен айтыста жеңілген, бірақ өмірде бірін-бірі бағалап, жақсы сыйластықта болған Күдеріқожа туралы түсініктемеде: «Күдеріқожа – көрнекті айтыс ақыны. Оның Ұлбикемен айтысы (1840 жылы) жігіт пен қыз айтысының жұмбақ аралас келетін көне түріне жатады, халықтың дүниетанымын бейнелейді. Күдеріқожаның бұл айтысын академик В.Радлов жазып алып, өзінің әйгілі ғылыми кітабына енгізді», – деп жазыпты.

Бірақ, Ұлбике ақын, тіпті де ескерусіз емес. Ол туралы өткен ғасырда көрнекті ғалымдар, академиктер Мырзатай Жолдасбеков пен Жанғара Дәдебаевтың, журналист Әкпарбек Доспанбетовтің, Ұлбикемен болған айтыстарды араб қарпінен кириллицаға түсірген Сәрсенбі Дәуітұлының, «Ұлбике» пьесасын жазған Әбдірахман Әбдірәсіловтің, зерттеуші-ізденушілер Баян Мұртазаева мен Ізімкүл Иманбекованың жазғандары осы айтқанымыздың айғағы. Кеше ғана ортамыздан кеткен көрнекті журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің «Ұлбике» хикаяты (повесть) ақын апамызға көркем сөзбен қойылған ескерткіш іспетті. Мұның бәрінде де ұлы ақын Ұлбике Жанкелдіқызының сом бейнесі сөзбен қашалған.

Сәл ғана кейін шегініс жасап, ақын өмірінің өткен кезеңдеріне, шыққан тегіне зер салар болсақ, «Текті адам тегін болмайды» деген тұжырымның дұрыстығына көз жеткізе түсеміз.

Ұлбикенің әкесі Жанкелді мен шешесі Жаңыл да қаражаяу адамдар емес.

Ақынның: «Бес жасында шешеме болдым шырақ,

Сегізімде әкеме қойдым құлақ.

Тоғыз жасқа келгенде үрдей болып,

Өлең айттым Наурызда үй жағалап», – деген өлең жолдары бұл сөзімізді қуаттай түседі. Әсіресе, анасы Жаңыл жанынан өлең шығаратын ақын әрі әнші болыпты. Ал, әкесі Жанкелді қызы тұрмысқа шыққанға дейін оны ойын-сауық, той-томалаққа атқа отырғызып апарып, жыр додасына қосады екен. Бұл оның талантын ұштай түскені сөзсіз.

Солай бола-тұра, әке-шешесі бұрынғы-соңғының салтымен жастайынан атастырылған Бойтанға тұрмысқа берген. Олар қыздарының бұл некеге ықылассыз екенін білмеді дей алмаймыз. Бірақ, қыздарының қызғаншақ, нойыс күйеу баланың қолынан қапыда қаза табатынын, өмірінің қысқа болатынын қайдан білсін?

Бойтанның қолынан қаза тапқан Ұлбикенің құны үш ер-азаматтың құнына бағаланған. Бұл бағалауға «Ұлбикенің ақындық асыл қасиеті мен бойындағы тылсым дүние себеп болған» деген де сөз бар. Екі жақты дауласу кезінде билердің келісімімен ақын мәйіті кеуде тұсынан сойылып, ашылыпты. Сонда оның өкпесі толған жыбырлаған жазулар екен. Бұл, шындығында да, тылсым дүние.

«Жақсының жүрімі – аз» дейді қазақ, сол жағдай Ұлбикенің де басына келіп, ол небәрі 24 жасында қанішердің қолынан қаза тапты. Халқына, еліне, әсіресе, әдебиетке берері мол ақынның өмірімен бірге өлеңі де ерте үзілді. Бірақ, ұлы ақынның өмірі де, өлеңі де өлген жоқ. Ол таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, ғасырдан ғасырға ұласып жалғасып келеді. Өткен ғасырда өмір сүрген ірі ақын, сөз өнерінің зергері Төреқожа Ханқожаұлы: «Бұл Талас, Қаратау өңірінде Ошақтыдағы Ұлбике мен Жаңылдықтан асқан ақын болмаған. Екеуі айтысқан ақындарының бәрін жеңіпті. Алайда, Ұлбикені ожар күйеуі надандықпен ұрып өлтірген. Тағдыры соншалықты аянышты!», – депті.

Ұлбикенің ұлы таланты, алдаспан ақындығы, қайғылы қазасы ешкімді бей-жай қалдырмасы белгілі. Әсіресе, ақындар, қалам ұстаған қауым оның қазасына қабырғалары қайыса қайғырады қазір де. Солардың бірі, Ұлбикенің ізін жалғастырушы сіңлісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Күләш Ахметова «Ұлбикенің соңғы монологы» деп өлең арнапты.

Бұл туындыны да «Ұлбикеге жырдан тұрғызылған ескерткіш» демеске шара жоқ.

Екі ақынның арасында 120 жыл бар екен. Осындай жас алшақтығына қарамастан, Күләш ақын Ұлбике ақын атынан сол заманның зарын, әділетсіз қоғамның әрін, өзінің поэзия алдындағы адал арын, бәрін-бәрін жырға қосып, жүрек тебірентерлік сөздермен безендірген. Монологты Күләш ақын жазса да, оның әр жолынан Ұлбике ақын жүрегінің дүрсілі естіліп тұр.

Неге үнсіз тіршілік, неге тынды?

Неге көрмей барамын көретінді?

Ақын өлсе тарихта бұған дейін,

Ауру менен намыстан өлетін-ді.

Арқа сүйер ақ таулар, Құзар шыңдар!

Сендер де солқылдаған шығарсыңдар.

Шынарларым, Сыңсымай сынарсыңдар.

Дос-жақын бауырларым!

Жыларсыңдар, Ақынның құдіретін ұғарсыңдар.

Құнымды Бойтан сұмнан сұрарсыңдар.

Бақыттың да баянсыз жөн-тұрағы,

Бәлкім анам он құлап, он тұрады.

Қандай адам жырымды жалғастырып,

Қандай байлық орнымды толтырады?

Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең,

Өмір ме өмір, адамды шөлдетпеген?

Ақын ба ақын, ақ нөсер селдетпеген?!

Еңкейген қарт, сәби де еңбектеген,

Жырымды тыңдаушы еді,

Енді бүгін Қара жер – жөргекке енем.

Асау толқын ағызып жөнелгенде,

Өтер адам, көсем де, кемеңгер де.

Өмірді ғашық көзбен сүю үшін,

Көздерімді алыңдар мен өлгенде.

Мезгіл-өзен ағызып жөнелгенде,

Бәрі бітер, жан отың сөнер демде.

Зұлымдықтың не екенін білмеу үшін,

Жүрегімді алыңдар мен өлгенде.

Сорлылығын көрсетті ұрған адам,

Өтті өмір сынаптай сырғанаған.

Саздарымды алыңдар тыңдамаған,

Көктемімді көріңдер жырламаған.

Жолы ауыр ақынның мұратының,

Мен кетермін, алармын, сірә, тыным.

Қаларсыңдар мойындап Тіршіліктің

Зұлымдық пен пәктіктен тұратынын.

Соңғы сөз деу не деген қиын, Алла-ай!

Айдын жатыр көзімнен күй ұға алмай.

Айдың нұры, сылдыры ақ бұлақтың

Жылап қалды жырыма құйыла алмай.

Бітіргенде мен үшін күндер демін,

Қабірімді көмкерер гүлдер менің.

Мөлдіреген өмірді сол қалпында,

Өлеңіме сыйғызып үлгермедім.

Бұл өнердің басында мен ем жасы,

Бұлбұл едім білдірген заманға сыр.

Қырдың қызыл шапағы ұзақ тұрар,

Қарсы ал мені, келер шақ, келер ғасыр!

Ұлы адам ұмытылмайды! Асыл қасиеттерімен, ізгі істерімен, табиғи талантымен, ерекше ерлігімен, ерен еңбегімен... Ұлбике – сондай тұлға. Ол туралы замандасы Күдеріқожа:

«Ұлбике, Бақтиярдан сенің затың,

Жайылған бар халыққа Ұлбике атың.

Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,

Туар ма мұнан артық перизатың» десе, шындықтың шарболаттай алдаспаны Шерхан Мұртаза: «Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашылғаны – аса биік Құдіреттің иесі. Ұлбике – ұлы поэзияның ақ періштесі. Періште жүрген жерді қара күш иесі – диюлар аңдиды. Небәрі жиырма төрт жасында асыл өмірі қиылған Ұлбикені кие тұтқан абзал», – депті. Ал, белгілі ғалым Рахманқұл Бердібаев: «...Жүйрік ақын қыз Ұлбикеден жалғасатын өнерпаздар тізбегі ақындық мәдениет тарихының төрінен орын алуға лайық», – деп Ұлбикені сөз өнерінің, ақындықтың басына қойыпты. Бұл пікір білдірушілердің қай-қайсысы да дуалы ауыз жандар. Ендеше, Ұлбикенің өз заманында кім болғанын осыдан-ақ біле беріңіз.

Биыл айтыстың ақберені Ұлбике ақынның туғанына – 200 жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын ақынның атажұрты Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында оның туғанына 180 жыл толуына орай, аудандық Ұлбике атындағы мәдениет сарайының алдында ескерткіші ашылып, ол салтанатқа елдің игі жақсылары қатысыпты. Сол жолы өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда М.Жолдасбеков, Ғ.Есім, Ж.Дәдебаев, Қ.Әбдезұлы, С.Дәуітұлы, Қ.Қаражанов, С.Әбдірайымов, Б.Әбілдаұлы сынды ғалымдар мен қаламгерлер ұлы ақын Ұлбике шығармашылығы, оны насихаттау туралы сөз сөйлеген. Осы алқалы жиында Ш.Мұртаза, Қ.Мырза-Әли, К.Ахметова да айтыстың ақберені жайында жақсы пікір білдірді және оның шығармаларын мәңгілік мұраға айналдыру турасында ойлар тастады. Шара соңы ақындар айтысына ұласты.

Мұны неге айтып отырмыз. Биыл ақынның 200 жылдық мерейтойына орай осындай іс-шаралар өз-өзінен сұранып тұр. Тіпті, Ұлбике ақынның 200 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтсе де, еш артықтығы жоқ.Қалай болғанда да, айтыстың ақберені Ұлбикенің 200 жылдығы атаусыз қалмауы керек.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар