«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құтқарушылар Ақмоладан алғыспен оралды

Құтқарушылар Ақмоладан алғыспен оралды
Автор
Бүгінде су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар бүкіл ел бойынша жалғасуда. Әр түрлі өңірлерде мұз қабатын әлсіретуге, өзендердің жағалауын нығайтуға, сондай-ақ қарды шығаруға және су соруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы шаралардың барлығы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын залалды барынша азайтуға бағытталған.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың күшімен 2,2 миллионнан астам текше метр су сорылып, 486 мыңнан астам қапшық және 42 мың тонна инертті материал төселген. Іс-шаралар аясында 822 мыңнан астам метр су бұру арықтары тазартылды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 2 мың маман қатысып, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін пайдаланылатын 483 бірлік техника, 168 мотопомпа және 19 жүзу құралы қолданылуда. Аталған жұмыстарға Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және басқа да ведомстволардың қызметкерлері жұмылдырылған.

Жақында Ақмола облысындағы Есіл өзенінде, Державинск қаласының автомобиль көпірінің жанындағы мұз кептелістерін жою мақсатында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Осылайша құтқарушылар су тасқынының алдын алу және халықты су тасқыны қаупінен қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, аталған облысқа көмекке барған жамбылдық құтқарушылар 23 наурыз бен 1 сәуір аралығында Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында су тасқынына қарсы белсенді жұмыстар жүргізіп, инертті материалдар толтырылған қаптармен дамбаларды бекітті. Осы кезеңде олар 73124 текше метр суды сорып шығарды, 150 қап дайындап, құм төсеу жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар ұзындығы 50 метр, биіктігі 50 сантиметр жер үйіндісі инертті материалдармен нығайтылды. Белгіленген аумақта тұрақты мониторинг жүргізіліп, жедел ден қою мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Осы превентивті шараларды жүргізу үшін Жамбыл облысынан Ақмолаға 5 арнайы техника мен 21 құтқарушы жіберілген болатын. Олардың ішінде өзінің белсенді әрекетімен, кәсіби біліктілігімен және тапсырманы тындырымды атқаратын жоғары жауапкершілігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерді ерекше атап өтуге болады. Солардың қатарында Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау старшинасы Алмас Шоңғаров пен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Заңғар Қырғызбаев та бар.

Алмас азаматтық қорғау саласында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол адамдар мен құнды мүліктерді өрттер мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында аянбай тер төгіп жүрген, қызметіне адал жандардың бірі. Сондай-ақ, Алмас бүгінде жұбайы екеуі 5 бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Ақмола облысында жайылған суды аулаққа сорып шығарумен, яғни авариялық- құтқару жұмыстарымен айналысып келген жамбылдық құтқарушылардың ішінде Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Заңғар Қырғызбаевты айрықша атап өтуге болады. Заңғар азаматтық қорғау қызметінде 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Ол бұған дейін тек өрт сөндіру жұмыстарына ғана емес, сондай-ақ Атырау, Қарағанды облыстары аумағындағы су басу жағдайларын жоюға да белсене қатысқан», – дейді ол туралы үнемі жылы лебіз білдіретін әріптестері.

Жамбылдық құтқарушылардың үйлесімді жұмыстарының нәтижесінде Қоянды елді мекенін су басу қаупі жойылды. Аудан әкімі Дарын Сабырғали құтқарушыларға аудан аумағын қорғаудағы жанқиярлық еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады. Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларды сәтті аяқтап, 3 сәуір күні Тараз қаласына оралған жамбылдық құтқарушыларды әріптестері мен отбасы мүшелері құрметпен қарсы алды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар