«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдың абыройын асқақтатқан

Ауылдың абыройын асқақтатқан
Ашық дереккөз
Сонау 2000 жылдардағы экономикалық тоқырау кезеңдерде қазақтың алтын бесігі – ауылдарды сақтап қалуды басты мақсаты етіп «Ауыл» партиясы құрылған болатын. Міне, содан бері 25 жылдың белесіне жеткен саяси ұйым бүгінде бірқатар жұмыстарды жемісті жүзеге асырып, алдағы уақытқа жүйелі жоспарларын көздеп отыр. Осы мерейлі датада облыстағы партия мүшелері «Ауыл» партиясы. 25 жыл белесі» тақырыбындағы мерекелік конференцияда бас қосты. Конференцияның кеңейтілген отырысында партияның жетістіктері мен алдағы мақсаттары айтылып, жоспарлары талқыланды.

Осы жылдар ішінде партия ауыл тұрғындарының мүдделерін қорғап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Ауылды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл шаруашылығын қолдауды мақсат етті. Партия мүшелерін саяси ұйымның мерейлі жасымен құттықтап келген облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі Лесбек Ілебаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Абдраимов, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің президенті Нұржан Муслимов және партия ардагерлері мен облыстық мәслихаттың депутаттары лебіздерін жеткізді.

Партияның облыс бойынша өңірлік филиалының төрағасы Алтай Райқұлов:

– «Ауыл» партиясы – Қазақстандағы ресми тіркелген саяси партия. Партияның құрылтай съезі 2000 жылы 30 қаңтарда өтті.

2000 жылы 29 наурызда Әділет министрлігінде тіркелді. Ең алғашқы партия төрағасы Ғани Қалиев болған, қазіргі уақытта Серік Егізбаев. Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясы ТМД кеңістігіндегі ең ірі аграрлық партиялардың бірі болып табылады. Біздің партияның Төрағасы еліміздің Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетін басқарады. Партиямыз құрылған күннен бастап ауылды қолдау, ауылдың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту сияқты ең маңызды міндетті шешуге ұмтылды. Біз Мәжілістен – 8, мәслихаттардан 228 мандат иемденіп, депутат саны бойынша республикада екінші орындамыз. «Ауыл» партиясы атынан өңірлік мәслихаттарға 27 әйел сайланды. Республика бойынша 39 ауыл әкімі партия мүшесі, – деп 25 жыл ішінде атқарған жұмыстарын тарқата баяндады.

– Елде болған көктемгі су тасқыны зардабы барлығыңыздың есіңізде. Сол сәтте мыңдаған партияластарымыз апат болған аймақтарда штаб құрып, бел ортасында жүрді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Ақмола облыстарының табиғи апат құрсауында қалған елді мекендеріне тонналаған гуманитарлық көмек жолдады. Өз облысымыздың филиалы 30 тонна гуманитарлық көмекті мұқтаж жандарға жолдап, Құрманғазы ауданында зардап шеккендерге арнап, екі киіз үй тікті. Жалпы, «Ауыл» партиясы топан судан зардап шеккен өңірлерге барлығы 168 миллион теңге сомасындағы 213 тоннадан аса гуманитарлық көмек жіберді. «Ауыл» партиясы Жастар қанатының ұйымдастыруымен халықаралық кітап күніне орайластырылған «Кітапқа екінші өмір сыйла!» акциясы барысында еліміздің 29 ауданына қарасты 59 ауылдық елді мекенде орналасқан кітапханаларға 21 мыңға жуық кітапты салтанатты түрде тарту етті. Осы орайда, облыстағы Жастар қанаты, «Jambyl book fest» фестивалінде Байзақ ауданында жаңадан ашылған «Жібек жолы» кітапханасына 200-ге жуық кітап сыйға тарту етті. Партия бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында екі маңызды іс-шара ұйымдастырды. Оның біріншісі – туған өлкенің әсем көркі мен келбетін, ауылдың тұрмысы мен тіршілігін, тылсым табиғаттың көз тоймас сұлулығын көрсететін «Ауыл нақыштары» байқау-фотокөрмесі. Екіншісі – ұлтымыздың бата беру дәстүрін жас ұрпаққа дарыту мақсатында ұйымдастырылған «Батаменен ер көгерер!» республикалық батагөйлер сайысын өткізді. Облыстық батагөйлер сайысында қарияларымыз жеңіске жетті. Биыл еліміздің 11 жоғары оқу орындарының студенттері арасында аймақтық «Ауыл ойындары-2024» турнирі өтті. Жамбыл облысынан Жастар қанаты Шымкент қаласында облысымыздың абыройын қорғады. Турнирде студент жастар асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, дәстүрлі садақ тарту, тоғызқұмалақ және қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен күш сынасты. Сайыста жүлделі II орын олжаладық, – деді Алтай Райқұлов.

Еліміздегі барлық елді мекендегі ерекше жерлердің табиғатын көрсететін «Аграрлы Қазақстан» телебағдарламасы жақында жұмысын бастайтыны да айтылды. Партия еңбек және қоғамдық белсенділікті дамыту, жастардың кәсіби және жеке әлеуетін ашу, оқушы жастарды еңбекке тарту, жастарды патриоттық тәрбиелеу, халық арасында мәдени және әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға тарту мақсатында жоғары оқу орындарының базасында студент жасақтарын құруды қолға алған.

Осы 25 жыл ішінде «Ауыл» партиясы проблемаларды анықтап қана қоймай, оларды еңсеру үшін шешімдер әзірлеген. Ауыл шаруашылығы мәселелерін елдің саяси және экономикалық контекстінде орталыққа айналдырған. 2024 жылдың жазында өткен партияның XXIV съезінде жаңа саяси бағдарлама қабылданды. Өткен жылы бұл партия да ребрендингтен өткен. «Ауылдың өрлеуі – ел іргесі» атты рәміздік атаумен жүзеге асырылатын саяси бағдарлама ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және мәдени дәстүрлерді сақтауға бағытталған. Ауыл шаруашылығындағы бүгінгі мәселелерді партияның ардагері Аманжол Аманбаев ашық айтып, билік назар аударып, шешу жолдарын қарастырса деген ұсынысын жеткізді. Осы мерекелік жиында партияға жаңадан қосылған мүшелерге партиялық билеттер табысталды.  

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар