
Баланың өзін оқшауланбаған, керісінше, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі өте маңызды. Осыны мақсат еткен «Amanat» партиясы облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасы «Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру мен бейімдеу: қазіргі жағдайы мен проблемалары» тақырыбында конференция ұйымдастырды. Онда алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстар жүйеленіп, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланады.
Инклюзивті білім беру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және әлеуметтендіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, өзекті сұрақтарды талқылау және тиімді ұсыныстар мен іс шараларды әзірлеу үшін кәсіби алаң құруды мақсат еткен конференция панельдік пікірталас алаңдарының жұмысымен басталды. Пікірталас алаңдары «Білім және инклюзия», «Инклюзия және отбасы», «Инклюзия және психологиялық-медициналық қолдау», «Инклюзия және әлеуметтік қолдау» тақырыптары бойынша өтті.
«Amanat Pikir» диалог алаңының модераторы, облыстық мәслихаттың депутаты Айман Әшімова бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл кездесуіміз қоғамымыз үшін, әрбір отбасы үшін және еліміздің болашағы үшін маңызды тақырып екені анық. Өйткені, ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендіру кешенді көзқарасты талап етеді. Бұл инклюзивті білім беруді, кедергісіз ортаны құруды, қоғамдық кеңістіктерді бейімдеуді, сондай-ақ балалардың өздері мен олардың айналасындағы адамдардың психологиялық дайындығын қамтиды. Баланың өзін оқшауланбаған, керісінше, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі өте маңызды. Сондықтан бүгінгі басқосу алдағы кезеңде бірлесе атқарылатын жұмыстарды жүйелеп, өзекті.мәселелерді шешу жолдарын талқылауға септігін тигізеді деген ойдамыз, – деді Айман Серікқызы.
Өз кезегінде сөз алған «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ерекше қажеттілігі бар балалардың саны артып келе жатқанын, олардың әлеуметтену мәселесі өзекті болып отырғанын айтты.
– Әр бала – өзіне тән қабілеті, арманы мен мүмкіндігі бар жеке тұлға. Алайда, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өз әлеуетін толық ашуға кедергі келтіретін қиындықтармен кездесуде. Біздің міндетіміз – осы кедергілерді жойып, әрбір баланың өзін қажет екенін, әрі жеткілікті қорғалғанын сезінетін, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын қоғам құру. Жалпы, облыста 10 мыңға жуық бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оларға арналған 26 арнайы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Тарқата айтсақ, 7 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы, 4 арнайы мектеп-интернат, 13 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, 1 оңалту орталығы, 1 аутизм орталығы ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеп, білім алуларына қызмет көрсетуде. «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен 10 мектепте ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттері ашылды. Бұдан басқа Оңалту орталықтары денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларында да жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Қазақстандағы ерекше қажеттіліктері бар әрбір баланың толыққанды білім алу мүмкіндігі болуы керек. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін мұндай балаларды жан-жақты қолдауды реттейтін жаңа заң әзірленуі керек» деді. Осыған байланысты, «Amanat» партиясы мектептерді жаңғыртудан бастап, әлеуметтік тұрғыда қорғауды күшейтуге дейінгі жүйелі өзгерістерге қол жеткізе отырып, жағдайды өз бақылауына алды. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында медициналық мекемелердің электрондық құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу үдерісі заңнамалық түрде бекітілді. Осы санаттағы адамдар үшін тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруге арналған «Aleumet» қосымшасы іске қосылды. Дамуында ауытқулар бар және олардың пайда болу қаупі бар кішкентай балаларға арналған республикада 8 ерте араласу орталығы ашылса, соның бірі Тараз қаласында. Жыл сайын мәдениет, спорт, білім, өнердің барлық түрі бойынша жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандарға «Жан-Шуақ» сыйлығы табысталуда. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы сәтті іске асырылуда. Жоба аясында депутаттар, партияластар облыстың әлеуметтік нысандары мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету сапасына, білім беру ұйымдарындағы инклюзия кабинеттері желісіне тұрақты мониторинг жүргізді. Өткен жыл ішінде, мәселен, мониторинг нәтижесінде 30-дан астам ұсыныс берілді, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты белгіленгенін айтқан Дауыл Бейсенқұлов бірқатар мәселелерге де тоқталды.
– Партияның бастамасымен өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі тең жағдайда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастарын біріктірген бірегей оқиға болды. Дәстүрлі инклюзивті іс-шаралардан айырмашылығы – бұл фестиваль балаларға айырмашылықтарды көрсетпей, керісінше, ортақ мүмкіндіктерге баса назар аудара отырып, тең шарттарда бәсекелесуге мүмкіндік берді. Облыс бойынша 100-ге жуық бала қамтылды, олардың үштен бірі – ерекше қажеттіліктері бар балалар. Бұл фестиваль спорттың барлығына қолжетімді екенін және тең мүмкіндік тең қатысудан басталатынын көрсетті. Дегенмен, қолайлы орта құру мәселесі әлі толық шешімін таппауда. Арнайы білім беру, инклюзия және әртүрлі бұзылулар мәселелерін білетін мамандар аз. Әлеуметтік тосқауылдар да баршылық. Ата-аналар мүгедектік диагнозынан қорқады, себебі қоғамда стигматизация бар. Ерте көмек пен оңалтудың мүмкіндіктері туралы ақпараттар жеткіліксіз. Көптеген отбасылар балаларының спорттық секцияларға, үйірмелерге немесе мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік жасай алмайды. Балабақшалар, мектептер, спорт және мәдениет мекемелері барлық балалар үшін ыңғайлы болуы тиіс. Бұл тек инфрақұрылым мәселесі ғана емес, сонымен қатар қоғамның көзқарасын өзгерту мәселесі. Қоғамның қолдауынсыз табысты әлеуметтендіру мүмкін емес. Сондықтан, осы конференцияда нақты проблемалар анықталып, бастама көтеріледі, тиісті ұсыныстар әзірленеді деп ойлаймын, – деді ол.
Оқу ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева бейнебайланыс арқылы өз ойын ортаға салды. «АИСТ» инклюзия және технология академиясының директоры Айкерім Кудеринова балаларға заман талабына сай білім беріп, қоғамдық ортаға бейімдеуде атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімдеді.
Конференцияға облыс әкімдігінің басқарма басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, білім беру мекемелерінең басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен ата- аналар да қатысты. Келушілердің назарына ерекше қажеттіліктері бар балалардың қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді