«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаңғыбас иттердің қаптап кетуінің сыры неде?

Қаңғыбас иттердің қаптап кетуінің сыры неде?
Автор
Қазіргі таңда Тараз қаласында және шеткі шағын аудандары мен алқаптарында қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі белең алып тұр. Әсіресе, мектепке күнделікті қатынайтын балаларға қауіпті. Мектеп оқушыларының ішінде төменгі сыныпта оқитындар да бар.

Жалпы, тұрғындарға салса балаларға күнде қауіп төндіретін қаңғыбас иттердің көзін бір күннің ішінде жойып, жеткіншектердің жүрер жолын қатерден құтқарғысы келеді. Бірақ, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаудың да өз заңдылығы бар. Заң аясынан аттап кетуге титтей де құқыңыз жоқ. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Әсел Қадырдың айтуынша, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 10-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға: облыстың елді мекендерінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру функциясы берілген. Оны облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларға сәйкес келісім-шарт бойынша орындайды.

Қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып, өткізіледі. Ерекше жағдайларда, егер жануар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтыру ауруына күдік болса, ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтермен енгізіледі. Атыс қаруларымен иттерді ату жүргізілмейді. Ережеге сәйкес, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, қаңғыбас иттерді аулау кәмелетке толмағандардың көзінше жүргізілмейді. «Тараз қалалық ветеринариялық станциясында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін 4 бригада құрылып, ауланған иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны жабдықталған. Ит аулаушы бригадаларына қаңғыбас жануарларға қатыгездік көрсетпеу, ауланған иттерді жарақаттануды болдырмайтын жағдайларда тасымалдау жайлы үнемі инструктаж жасалып тұрады.

Ауланған қаңғыбас иттер жаңа иелерін іздеу мақсатында уақытша ұстау орындарында ұсталады. Сұранысқа ие емес жануарлар эфтаназияға жатады және жойылады, өйткені ұзақ мерзімді ұстау үшін бюджеттік қаржыландыру бағдарламалары жоқ. Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Тараз қаласының ветеринариялық станциясының ит аулаушы бригадаларымен қала тұрғындарының сұраныстарына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтар топталған жерлерден аулау жұмыстары жүргізіліп тұрады, – дейді Әсел Қадыр.

Әйтсе де қалада қаңғыбас иттер мен мысықтар саны азаяр емес. Нақты ақпарат көздеріне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 6963 қаңғыбас жануарлар ауланып, жойылыпты. Соның ішінде, Тараз қаласында 2942 қаңғыбас жануарлар ауланып, жойылу жағдайы тіркелген. Ал, жыл басынан бері барлығы Тараз қаласы бойынша 99 адамды ит тістеу фактісі орын алып, денсаулық сақтау ұйымдарына қайырылған. Бұл әрине ойланатын жағдай. Бұл мәселеге де жауапты ветеринарлық басқарма тарапынан зерделеу жүргізіліпті. Атап айтқанда, адам өміріне қауіп төндірген 113 иттің иелері бар болып шықты. Ал, 144 иттің иелері белгісіз. Осы орайда Тараз қаласы, «Арай-2» алқабының тұрғыны Самал Қадырова қаңғыбас иттердің көптігіне алаңдайды. «Екі қызым мектепке барады. Екі кішкентайым балабақшаға барады. Мектеп үйімізден біраз қашықтау. Сондықтан, қаңғыбас иттер өзекті мәселе. Біз де балаларымыз сабағынан аман-есен келгенше жанымызды шүберекке түйіп, алаңдап отырамыз» дейді С.Қадырова.

Бұл тұста бір сұрақ туындайды. Осы қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюіне қандай жағдай әсер ететінін ойламау мүмкін емес. Көбінесе мұндай келеңсіздік аталған жануарларды асыраушы иелерінің жауапсыздығынан орын алуда. Олар иттерін көшеге бос қоя беріп, қала көшелеріндегі қаңғыбас иттердің санын көбейтуде. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында жануарлар иелерінің міндеттері белгіленген, иттерін тіркеу иелері тарапынан жүргізілуі тиіс. Тұрғындардың басым көпшілігі сол міндеттерін атқармайды. Иттерін бос қойып жіберген иелеріне шара қолдану қала мен ауданның елді мекендерінде құзырлы мекемелер тарапынан жүргізілуде.

Әр істің тәртібі болады. Мәселен, облыстың аудандарында қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу туралы сұранысты ауылдық округтердің әкімдері ветеринариялық станцияларға жолдайды. Аулап, жою жұмыстарына ауылдық округ әкімдігінің жауапты маманы қатысады. Жойылған иттердің саны көрсетілген актіге ауылдық округтің әкімдері қол қойып растайды. Тараз қаласы бойынша округтер жоқ болуына байланысты күнделікті ауланған иттер бойынша фото-видео фиксация жасалады.

Үй жануарларын көшеге қаңғытып жібермей, талаптарға сай күтіп-ұстауды, қажеті болмаған жануарларды алып кету үшін «iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Ветеринария басқармасының мамандары тұрақты түрде халық арасында үй жануарларын ұстау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстайтын орын салу, оны күтіп ұстауға кететін шығын бюджеттік бағдарламада қаралмағандықтан, ережеге сәйкес жұмыс жүргізу барысында қиындықтар туындауда. Сол мәселені шешу мақсатында ветеринария басқармасының бастамасымен ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп ұстау орны (питомник) ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. Тараз қаласы А.Асқаров көшесінің аяғында орналасқан қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны (питомник) жер телімі нақтыланып, мемлекеттік актісі рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қортындысы алынған. Құрылыс құны 76 миллион 951 мың теңге. Әзірше қала әкімдігі тарапынан қаражат қарастырылған жоқ.

Біздің бір түсінгеніміз, қазіргі таңда өңірімізде питомниктер санын көбейту маңызды. Жеке тұлғалар тарапынан питомниктер салуға ниет білдірушілер болған жағдайда оның құрылысына қойылатын ветеринариялық талаптар бойынша методикалық көмек көрсетуге ветеринария басқармасы дайын. Ветеринариялық станциялар тарапынан тұқым алуға қажетсіз жануарларға биостерилизация жасауға, ветеринариялық жедел көмек көрсетуге білікті мамандар да әзір.

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстарды реттеу министрлігімен әзірленген Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы қолданысқа енгізілетін болса, питомниктерді салу, күтіп-ұстау, қаңғыбас иттерді аулау және басқа да осы бағыттағы мәселелерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілер әзірлену көзделген. Әзірше жергілікті атқарушы органдардың міндетіне қаңғыбас иттерді аулау және жоюды ұйымдастыру ғана еніп отыр. Соған қарамастан, жануарларды қорғайтын қоғамдық белсенді тұлғалардың шағымдары ескеріле отырылып, ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстайтын орын ветеринариялық станциялары тарапынан ұйымдастырылып, жұмыс істеуде.

Үй жануарларын ұстау қағидасы талаптарын сақтамағаны үшін ит, мысық иелеріне облысқа бағынысты қалаларда ішкі істер органдарының қызметкерлері тарапынан, ал ауылдық округтерде ауыл әкімдері тарапынан әкімшілік айыппұл салынуы қолданыстағы заңнамалармен көзделген. Бірақ айыппұл салынбаған.

Барлық нәрсе заң аясында жүргізілгенін құптаймыз. Бірақ, қаңғыбас иттер мәселесі өте өзекті. Қалай айтсақ та, қаңғыбас иттер баяғыдай мылтықпен қуып жүріп ата алмайтынымызды біліп көшемізде алшаң-алшаң басатындай...

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар