«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасылық дәрігерге жүгінесіз бе?

Отбасылық дәрігерге жүгінесіз бе?
автор
Екі, үш жылдың көлемінде елімізде «отбасылық дәрігер» деген ұғым пайда болды. Кейде жалпы тәжірибелік дәрігер деп атап та жатамыз. Яғни, ол дәрігер бір жанұяның кәрісін де, жасын да, сәбиді де қарайды, денсаулығын тексереді. Әр учаскенің дәрігері мен бір медбикесі бар.

Учаскелік дәрігердің міндеті басынан асады. Қағаздан қолы босамай, біресе үлкендерді, біресе кішілерді қабылдап жатады. Бүгінде емханалар осылай жұмыс істеуде. Ал енді осы отбасылық дәрігердің бәрі педиатр не терапевт емес. Жалпы бұл туралы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбеттің ойын білген едік.

– Дәрігерлік салада жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Бұрын балалар дәрігері бөлек, ересектердің дәрігері бөлек болатын. Сол жүйе дұрыс еді. Неге екенін айтайын, балалар мен үлкендердің ағзасы тіптен өзгеше. Ересектер мен балаларды бір дәрігердің қарауы көптеген қателікке ұрындырады. Бір жасқа толмаған нәресте мен үш жасар баланың ағзасы, дамуы мүлде басқа. Шетелдік тәжірибені пайдаланамыз деп опық жеп қалмайық. Баланы педиатр қарауы керек. Қаншама жыл ол бала ағзасын зерттеп, түрлі ауруларға төтеп беруді үйренді емес па? – дейді дәрігер.

Айнұр Жақсынбет 2020 жылдан бері №8 қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Ол 1996 жылы Жуалы ауданы, Дихан ауылында дүниеге келген. 2014-2021 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде оқып келген. Отбасылық дәрігер ұғымы бізге Еуропадан, Германиядан келген деп топшылайды ол. Алайда Қазақстанда жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында қаншама ісі бар. Алдына келген әр науқасқа 15 минут уақыт бөлінеді екен. Сол аралықта ауруды түсініп, хаттама толтырып, базаға енгізіп, ем тағайындап, диагноз қойып, науқас жанды тыңдап, оған жылы сөзбен дем беріп үлгеруіміз шарт деп отыр. Ал өзге мемлекеттерде отбасылық дәрігердің атқарар жүгі ауыр емес көрінеді.

– Жалпы тәжірибелік дәрігерлер өз учаскесіндегі халықтың қандай ауруы болса да қарауға міндетті. Созылмалы ауруы барлар да бейінді мамандарға осы учаскелік дәрігер арқылы ғана бара алады. Яғни, жалпы тәжірибелік дәрігердің мойнындағы жүк жеңіл емес. Алдыңа келген науқастың да бірнеше түрі бар. Бірі тағатсызданып, шыдамсызданып, талонмен кіргісі келеді. Талон ала алмаған аурулар да дәрігерге жүгінеді. Бірі үстіңнен шағым айтады. Біздің жүйкеміз темірдей дегенмен, жұмыстың аяғына дейін сүрініп жығыламыз. Өйткені көптің көңілінен, ойынан шығу оңай емес. Халық – ол Алланың бір есімі. Халықты сыйлаймыз. Алдымызға келген науқасқа зер сала қарап, мұқият тыңдаймыз. Осылайша оның ауруын анықтап, зерттеп, тексеріп барып ем тағайындаймыз, – дейді Айнұр Жақсынбет.

Денсаулық – Алланың аманаты, оны күтуге әр адам өзі жауапты. Алайда, басың ауырып, балтырың сыздағанда ақ желеңді мамандарды демеу тұтатынымыз бар. Бірақ туғаннан қартайғанға дейінгі денсаулықты бір ғана отбасылық дәрігерге сеніп тапсыруда жұртшылық пікіріне жүгінген де жөн сияқты. Тараздық тұрғын Райса Қасымжанова немерелерін арнайы педиатр дәрігерге көрсеткісі келетінін айтады.

– «Бала – бауыр етің» . Оны көзіміздің қарашығындай сақтап, мәпелеп өсіргіміз келеді. Емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігерге тасымаймын. Себебі ол ересектердің дәрігері. Баланың ағзасында не болып жатқанын ол білмейді. Дәрігерліктің де өз саласы бар ғой. Сондықтан мен амалсыздан ақылы педиатр мамандарға көрсетемін. Бұрыннан келе жатқан педиатрлар бар. Бала ауырса соларға жүгіреміз. Әр саланың өз маманы қарағаны дұрыс қой, – дейді қала тұрғыны.

Дәрігер – мамандықтың асылы. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген дәрігер Айнұр Жақсынбет жас болса да өте зерек, білім мен біліктілігі тоғысқан жан. Өз учаскесіндегі әрбір үлкен-кішіні танып, олардың ауруларына да қанық. Жаңадан туған сәбилерді де үйме-үй аралап, өз көзімен көріп, қарияларды сандалтпай, үйлеріне барып тексеріп те жүр.

Дүниеде бауыр етің балаңның ауырғанынан жаманы жоқ. Бала қай жері ауырғанын да айта алмайды. Ересектер мен балалардың айырмашылығы да осында. Қазір емханаларда, ауруханаларда ересектердің дәрігері жалпылама қарайды. Қарапайым тұмаудың өршіп, созылмалы ауруларға ұласып кетіп жатқаны да осы балалар дәрігерінің болмауынан болуы мүмкін. Қызуды басып қана қоймай, оны түпкілікті қайталанбайтындай емді тек балалар дәрігері ғана бере алады.

Болашағын ойлаған ел балаға жағдай жасайды. Сондықтан емханаларда бұрынғысынша бүлдіршіндерді балалар дәрігері, ересектерді терапевт дәрігер қараса, басты байлығымыз басқаша бағаланар еді...

 

Жалғас ӨМІРЗАҚОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар