«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызылшасы бар үйге қыдырып баруға болмайды

Қызылшасы бар үйге қыдырып баруға болмайды
Автор
Жамбылда қызылша дендеп тұр. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста қызылшаның 128 жағдайы зертханалық түрде расталды. Суық күндері жұрт тұмаумен алысса, енді ересектер мен балалар арасында қызылша ауруы белең алды. Бұл жағдайды денсаулық сақтау басқармасы да растап отыр.

– 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 10,7 пайыз. Аурудың 99,1 пайызы орташа ауырлықта, ал 0,6 пайызы ауыр түрде өтті. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы тұрақты. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ. 2025 жылдың 28 наурызына дейін 34 науқас стационарда ем қабылдады. 94 науқас сауығып шықты. Ауруға шалдыққандардың 89,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар, 1 жасқа дейінгі балалар – 23, 1-4 жас аралығы – 62, 5-14 жас аралығы – 29, 15-17 жас аралығы – 5, 18 жастан жоғары 9 жағдай тіркелді.128 науқастың 90-ы қызылшаға қарсы вакцина алмаған. 649 адамның аурумен байланыста болғаны анықталды және 40 адам екпе алуға жатқызылды. Олардың 29-ына вакцина егілді, 11-не медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе салынбады, – дейді облыстық денсаулық сақтау мекемесінің баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.

Қызылша – балалар арасында жылдам таралатын жұқпалы дерт. Әсіресе, қуатты тағамдарды тойып ішпейтін және туберкулез ауруына шалдыққандарға қауіпті. Сырқатқа шалдығу суық тию белгілері сияқты басталады. Алдымен дене қызады, тұмаудың белгілері көрінеді, одан көз қабынып, жөтел ұлғаяды. Уақыт өткен сайын ауру асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі де мүмкін. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұз түйіршігінің жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Қызылшадан тез арада құтылудың жолдарын дәрігерлерден сұрастырдық.

– Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы салдарынан шашыраңқы қара дақтар байқалады. Бұл дерт әсерінің өте күшті екенін білдіреді. Осындайдың кесірінен, жоғарыда айтқанымыздай, бұрын көп бала шетінеген. Әлбетте, қазір ондайға жол беруге болмайды. Дереу дәрігерге көріну керек және науқасқа ұшыраған бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер қою тамақ жей алмаса, сұйық сорпа берген дұрыс. Омыраудағы балаға қиынға соқса, онда ана сүтін қасықпен ішкізу керек. Сонымен қатар қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің басқа балалары ауырмаса да мектепке, дүкенге немесе басқа да қоғамдық орындарға 10 күнге дейін баруына болмайды. Жас балалар ағзасының қызылша ауруына қарсы тұрып, шетінемеуі үшін олардың жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егілу керек, – дейді балалар дәрігері Нұрлан Досболов.

Түсінгеніміздей, қызылшаның қаупінен екпе ғана қорғайды. Сондықтан уақытылы жоспарлы түрде екпе салдырған жөн. «Сақтансаң – сақтайды» дегендей, әрдайым денсаулығымызды күтейік!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар