«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басқаға қарағанда дәрі-дәрмегінің бағасы төмен

Басқаға қарағанда дәрі-дәрмегінің бағасы төмен
Автор
Бүгінде не көп, аттап бассаң дәріхана көп. Желісі жақсы дамығандары да жетерлік. Солардың бірі – INVIVO медициналық зертханасы. Дәріхана әрі зертхананы арнайы фармацевт мамандығы бар кез келген маман аша алады.

Жазира Әбілова – өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Ол 1984 жылы Байзақ ауданында дүниеге келген. Он жыл бойы өзгенің дәріханасын жалға алып жұмыс істеген ол жеке басында кәсібі болғанын армандаған. Жалға алып біреуге ақы төлегенше, мемлекеттен несие алып өз ісін ашуды ұйғарады. Екі жыл бұрын осы арманына қол жеткізді. Облыстық «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мемлекеттен 31 миллион теңге несиені 6 пайыздық жеңілдікпен алған. Толстой көшесінің бойынан арнайы дәріханасы бар жеке үйді сатып алады. Осылайша ескірген дәріханаға жаңа леп беріп, INVIVO медициналық зертханасын іске қосады.

«Абилова А.Ж» жеке кәсіпкерлігі бүгінде тындырымды тірліктер жасауда. Теміржол бекетінің арғы жағындағы «За линией» аталып кеткен алқапта бұрын-соңды қан талдауларын жасайтын зертхана болмаған. Тұрғындар көбіне ат сабылтып шағынаудандарға немесе орталыққа келетін. Енді сол аумақтың тұрғындары үшін бұл іс берекелі болды. Дәріханада егу бөлмелері, екі емдік бөлме, екі жаттығу бөлмесі, массаж бөлмелері бар. Қажетті дәрі-дәрмек те қолжетімді бағада.

– Қазақстанда ең алғаш дәріхана ашқан кім екенін білесіздер ме? Ол Мәжит Шомбалов деген қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер, фармацевт. 1910 жылы Алматы қаласынан ең алғашқы дәріхананы ашыпты. Аққағаз Досжанованың ұстазы болған деседі. Колледжде оқып жүргенде бұл ақпаратты естігенде менің де бір кездері жеке кәсібім болады деп армандадым. Мәжит Шомбалов секілді қазаққа пайдасы тиген фармацевт болам деп шарт қойдым өзіме. Басқа дәріханалардан гөрі мендегі баға төмендеу. Сапаға, адалдыққа жұмыс істеймін. Елден алған алғысым мен үшін маңызды, — дейді Жазира Әбілова.

Жазира ашқан медициналық зертхана мен дәріхана көпшіліктің кәдесіне жарап тұр. Заманауи орталықтың іші сан алуан препараттар мен дәрумендерге толы. Егу бөлмесінде ем алып жатқан лық толы адамдар. Табыс пен жетістік оңай келмейді. Осыншама әдемі әрбір кәсіптің артында қаншама еңбек, қаншама тер, құлап-сүріну мен қиындықтар жатыр. Арманды мақсатқа айналдырып, үлкен іске талпынған Жазираға сәттілік тіледік.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар