
Облыста өткен жылдың қорытындысы бойынша 9303 адам қатерлі ісікпен есепте тұрған. Ал 2023 жылы 8740 адам болған. Байқағанымыздай, бір жылдың ішінде 563 адамға көбейіп отыр. Аурушаңдық көрсеткішінде де жоғарылау байқалады. Оның себебін мамандар облыс бойынша халық санының өсуімен және қатерлі ісіктердің ерте сатысында анықталуының артуымен байланыстырады.
– Айлықтың негізгі мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу шараларын, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, онкологиялық сақтықты және өз денсаулығына жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұл арқылы онкологиялық аурулардың ауыртпалығын төмендету жолдарын халыққа түсіндіру көзделген. Еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – онкологиялық аурулармен күрес. Онкологиядағы негізгі көрсеткіш – қатерлі ісікті ерте 0-I сатысында анықтау. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 26,7 пайызды құраса, алдыңғы 2023 жылы 25 пайыз болған, яғни біршама жоғарылаған. Статистикаға жүгінсек, облыста 2024 жылы обыр ауруларының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан, яғни 12,5 пайыз. Екінші орында – өкпенің қатерлі ісігі (10,2%), содан соң асқазан қатерлі ісігі (7,9%), жатыр мойнының қатерлі ісігі (5,8%). Тоқ және тік ішек қатерлі ісігі туралы айтар болсақ, бұл қатерлі ісіктердің құрамы бойынша төртінші және бесінші орында тұр. Яғни, тоқ ішек қатерлі ісігі 4,8 пайыз, тік ішек қатерлі ісігі 3,4 пайызды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тоқ және тік ішек қатерлі ісігімен 299 адам есепте тұрған, 2023 жылы 274 адам болған еді. Алғашқы рет анықталған аурулар саны 137 (2023 жылы 136), аурушаңдық көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 11,2, ал 2023 жылы 11,1 көрсеткіште болған, – дейді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлжан Тәйтелі.
Өткен жылы тоқ ішек, тік ішек обырын анықтаудан 58796 адам скринингтік тексеруден өтіпті. Тексеру барысында 17 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі анықталған, оның жетеуі I сатысында болса, тоғызы II, бір адам III сатысында анықталған. Бұл скрининг бойынша нысаналы топтағы ерлер мен әйелдердің жасы 50-ден бастап 70 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Дәрігерлер осы жастағы адамдар әр екі жыл сайын жергілікті емханада үлкен дәретте қанның бар болуы туралы анализ тапсыруы қажеттігін айтады.
Жергілікті қалалық және аудандық емханалар мәліметі бойынша шамамен 20-25 пайыз тұрғын әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген, яғни медициналық көмек көрсетілмейді немесе тек ақылы түрде жүргізіледі. Бұл электрондық медициналық құжатқа кері әсерін тигізеді.
– Адамның ең қымбат қазынасы – денсаулығы. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Бастысы, дер кезінде дәрігерге қаралу керек. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдеу жұмысын аса назарға алу қажет. Яғни емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы, тоқ ішек, тік ішек обырына әкеліп соғуы мүмкін ауруларды емдесе, ауру асқынбайды. Сондықтан, әрбір адам емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға қаралған кезде әйелдер мен ерлер тексеру кабинеттерінен өтуі керек. Себебі, тексеру кезінде қатерлі ісік ауруларын ерте сатыда анықтауға болады. Қатерлі ісікті анықтаудың бір жолы – нысаналы топтағы тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу. Қазіргі таңда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жалғастырылуда. Скринингтен өтудің ережесі және мерзімдері туралы емхана мамандары түсіндіріп бере алады. Тоқ және тік ішек қатерлі ісігінің белгілері және оның себептеріне тоқталсам, әлсіреу, ауа жетіспеу, үлкен дәреттің дұрыс жүрмеуі, ритмінің бұзылуы, іштің қатуы, іштің өтуі, үлкен дәретке қанның араласуы, салмақ жоғалту, іштің ауыруы, іштің түйілуі және кебуі. Осындай белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгіну керек. Осыған қоса аурудың тұқым қууы, зиянды әдеттер (ішімдік, темекі тарту), дұрыс тамақтанбау маңызды факторлар саналады, – дейді Гүлжан Әбдіхалыққызы.
Маман тағы бір маңызды мәселені атап айтты, ол – жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың бір түрі 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы егу жұмысы. Бұл жұмыс әлем бойынша 107 елде жүргізіледі, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан да бар. Облысымызда АПВ-ға қарсы вакцинация өткен жылдың күзінде 11 жасар қыздар үшін басталған болатын. Вакцинациядан кейін асқынулар тіркелмеген.
Тұрғындар жергілікті емханалардың әйелдер кабинетінде және гинеколог дәрігерде тұрақты тексеріліп тұрса, уақытылы скринингтен өтсе, жатыр мойны обыры ерте кезеңде анықталады. Нәтижесінде әйелдерге бұл аурудан толық айығып, емделуге мүмкіндік береді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Біздің міндетіміз – балаларға күлкі сыйлау»
- 8 сәуір, 2025
Адал ісімен аналарды бақытқа бөлеген акушер
- 8 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді