«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тәуекел етпей табыс жоқ

Тәуекел етпей табыс жоқ
Ашық дереккөз
Соңғы жылдары әлемде кәсіптің жаңа түрлері пайда болып, істің көзін тапқандар табысқа кенелуде. Сондай кәсіптің бірі – көлік жабындыларын тігу. Тігіп қана қоймай, оны сату да үлкен өнер. Темір тұлпарларға арнап авточехолдар тігу тараздық Акилес Жолдасованың сүйікті кәсібіне айналған. Өзі ісмер әрі шебер Акилес әрбір көлікті жаңартып, сәнін кіргізетін осы кәсіппен айналысқанына 4 жыл болыпты.

Акилес Жолдасова – 1980 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Жас күнінен жаны тігіншілікке жақын болған ол әуелгі ісмерлік жұмысын Қызыл Жұлдыз маңындағы «Бағдат» деп аталатын техникалық қызмет көрсету стансасынан бастапты. Бір өзі көліктерге жабындылар тігіп сатқан. Бүгінде «Тараз такси» таксопаркінде шағын цехы бар. 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Тараз қаласында авточехол тігетін жандар жоқ десе де болады. Яғни, бұл қызық кәсіп. Бастапқы идея өз көлігімді қалай сәндесем екен деген ойдан туды. Әрбір темір тұлпарды тізгіндеуші көлігінің іші әдемі болып тұрғанын қалайды.Үлкен таксопарк болғандықтан мұнда адамдар көп келеді. Тапсырыстар өте көп. Аллаға шүкір. Мен тек тігіп қана қоймаймын. Бүкіл көліктің салонын жаңартамын. Көлік жабындыларын тігіп үйренгісі келетіндерге үйрететін дәрісім бар. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда курстар да үйретемін. Ондағы ойым менен басқалар да осы кәсіпті үйреніп, табыс тапсын деген игі тілек. Онлайн 70 мыңға, офлайн 200 мыңға үйретемін. Жақында ғана Ақтөбеден бір жігіт келіп үйреніп кетті. Жаңа тігін машиналарын алдырып жатырмын. 3d, 5d, 8d төсеніштер (поликтер) тігемін. Көбіне тапсырыстар Алматы қаласынан болады. Сәтті сауданы «Instagram», «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы жүргіземін. «Ерінбеген қамал алады» дегендей, чехол тігу – оңай іс емес. Тиянақтылықты, ептілікті қажет етеді, – деп ағынан жарылды Акилес Құралқызы.

Бастапқыда ол тедди, энигма, латте деген мата түрлерін сатып алып, авточехолдарын тігіп, алғашқы сатылымға шығара бастаған. Уақыт өткен сайын тұтынушылары да көбейіп келеді. Инстаграмнан бизнес парақшасын да ашып қойды. Матасының сапасына қарай авточехолдардың бағасын 60 мың теңгеден бастап, одан жоғарыға бағалайды. Бір чехолды тігуге 2 күн уақыт кетеді екен. Ұқыпты тігілген әп-әдемі чехолдарды біз де барып көрдік. Біз барғанда автомобиль тысқаптары қолдарына тиген тұтынушылар машиналарының бүтінделіп, жаңарып қалғанына қуанып, алғыстарын айтып жатыр екен. Тәуекел етпей табыс жоқ. Кейіпкеріміз Акилес мамандығы басқа болса да осы іске тәуекел етті.

– Көлік – бүгінгі күні қажеттіліктің бір түрі боп қалды. Балаларды балабақшаға, үйірмелерге тасуға, жұмысқа ертерек жетуге астыңдағы тұлпарыңның көмегі зор. Осындай аяулы серігімізді неге киіндірмеске? Сондықтан мен Акилеске арнайы келдім. Көлік ішінің таза болуына автотыстың көмегі зор. Адамдар өзіміз төрт мезгіл киінеміз ғой. Сол секілді машинаны да жазда және қыста әдемі чехол кигізіп, әрлеп қойған жөн, – деп санайды тапсырыс беруші Асхат Бөрікбаев.

Көбіне Акилес тапсырыс берушінің сұранысына сай тігіп шығады. Сатып алушылардың бірі ою-өрнекпен, бірі эко терімен, бірі алькантаро матасымен тіккізгенді қалайды екен.

– Курс оқытып бастаған себебім – Тараз қаласы бойынша авточехол тігетін кәсіпкер мен ғана. Кейде тапсырыс берушілерге тігіп үлгере алмай жатамыз. Сондайда артымнан ерер шәкірт тәрбиелеп, үйретсем деп шештім. Өзімнен артылып қалған тапсырыс берушілерді сенімді тігіншіге берер едім. Авточехол бизнесін қалай бастарын білмей жүргендерге мықты ұсынысым бар. Мен еш уақытта сатып алушыны қайдан табамын деп бас қатырған емеспін. Бүгінгі заманда не көп, көлік көп. Тіпті атақты, белгілі адамдар келіп тапсырыс беріп жатады, – деді кәсіпкер.

Бұл салада табыс көзі жақсы екендігін түсінген Акилестің командасы 5000-нан астам көлікті өзгертіп, жаңалап, әр беріпті. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе көліктердің ішкі салонын жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қаптауға қажетті маталарды Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.

Басынан орамалын тастамаған қазақ қызына «Тірліктің көзін тапқан» деп айтсақ тіпті жарасады. Нарық болған соң, бәсекелістік әрқашан жоғары. Авточехол тігіп сату бизнесі Шымкент, Түркістан сынды өңірлерде басым екен. Ең бастысы тұтынушыға сапалы тауарды ұсынсам деп кәсіпке келген Акилес шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінде жұмыс ауқымды болған соң тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтысам деп отыр.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар