«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Студенттік құрылыс жасақтары құрылады

Студенттік құрылыс жасақтары құрылады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы мақсатта өңірімізде де еңбек адамын дәріптеу, жұмысшы мамандықтар иесін қолдау бағытындағы кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Солардың бірі ретінде облыста Студенттік құрылыс жасағын құру бастамасын айрықша атап өтуге болады. «Ауыл» партиясы облыстық филиалы тарапынан қолға алынған бастама жаз айларында ЖОО студенттерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке бейім жастарды қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ бұл құрылыс саласы бойынша білім алушы жастардың тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік болмақ.

Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша жан-жақты талқылаулар жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі ғимаратында арнайы штаб отырысы өткізілді. Жиында өңіріміздегі іргелі үш оқу орны басшылары мен «Авангард» ЖШС және «Ариас Строй Проект» ЖШС секілді мердігерлер тарапынан жобаны тиімді іске асыру барысы сарапқа салынды. Сонымен қатар студенттік жасақтардың құрамын нақтылау, олардың біліктілігін арттыру, бір мезгіл ыстық тамақпен қамту, жалақы мен жатын орын мәселелері назардан тыс қалмады.

– Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетімен келіссөздер жүргізілуде. Бұл қатарға Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін қосу жоспарланып отыр. Сол бойынша әр жоғары оқу орындарынан 20 білімгерден тартып, жаздың екі айында 50 адамдық жасақ құру көзделуде. Ал қалған 10 студентті резерв ретінде қалдырмақшымыз. Олардың айлық жалақылары күндік есеппен белгіленіп, жұмыстың деңгейіне қарай 8-10 мың аралығында белгілеу туралы мердігерлерге ұсыныс жасалды, – деді басқосуда «Ауыл» партиясы облыстық филиалының аппарат басшысы Әйгерім Сәрсенбаева.

Жиында жасақ студенттерін қысқа мерзімді біліктілік курстарынан өткізу базасы ретінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті белгіленді. Өйткені өңірде жоғары оқу орындары арасында тек осы оқу ордасында құрылыс мамандықтары оқытылады. Сондай-ақ, жатын орынмен қамту мәселесі де өзге қос жоғары оқу орындары тарапынан қолдау таппақ.

Өз кезегінде штабтық отырыстың төрағасы Серік Сәлемов жұмысшы мамандықтарына қолдау жасай отырып, жастарды еңбекке баулудың тетіктерін оңтайлы іске қосудың маңызы зор екендігін атап өтті.

– Бүгінде өңірлер арасындағы ең үлкен бәсекелестік жастар үшін болып жатқанын ескерсек, жастарды толыққанды қолдаудың маңызы зор. Сондықтан оларға барынша жағдай жасап, өзімізде алып қалудың тетіктерін дұрыс пайдалана білген жөн. Бұл бағытта аталған бастама ұрпақ тәрбиесіне оңтайлы әсерін тигізетіні анық. Осы себепті тараптар өзара келісім негіздерін айтылған ұсыныс-пікірлер есебінен жетілдіріп, толықтыру керек. Өйткені, адал еңбек адамын қалыптастыру үшін оған ең алдымен қауіпсіз жұмыс ортасы мен екіжақты тиімді еңбек шарты жасалуы керек, – деді Серік Жақсылықұлы.

Осылайша жиын соңында облыс әкімінің орынбасары тараптардың ұсыныс-пікірілері ескеріліп, жұмысшы қауіпсіздігін сақтау, еңбек шартын даярлау, жұмысшы күшін қабылдауға әзір мердігерлер қатарын арттыру бойынша жауаптыларға нақты міндеттемелер жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар