«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай!

Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай!
Ашық дереккөз
Жаратқанның шеберлігі мен мейірімінде шек жоқ. Өмірге келген әр сәбидің нәсібі арқылы сол әулетке жақсылықтар мен береке, қуаныш пен шаттық келетіні айдан анық.

Жақында тараздық Иманалиевтер әулеті шексіз қуанышқа кенелді. Яғни, қауіпсіздік қызметінің полковнигі Жамбыл Иманалиевтың ұлы Шоқанның шаңырағында үшем өмірге келді. Үшемнің есімдерін атасы Жамбыл мен апасы Эльмира екеуі жақын-туыс, жанашырларымен ақылдасып, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деп қойды. Үшемнің өмірге келуі әр қазақ шаңырағы армандайтын шексіз мол бақыт болса, осынау үш сәбиге қазақтың мақтанышы болған, ерліктері тарихта таңбаланып қалған аңыз батырлардың есімі қойылуы – керемет сәтті шешім. Қазақ атамыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақылдары бекер айтылмаса керек.

Осы жерде аталған әулеттегі ерекше есімдерге шегініс жасай кетсек. Үшемнің атасы Жамбыл Жекішұлының есімін әйгілі жырау Жамбыл Жабаевтың нағашысы қойған екен. «Жамбыл жырау секілді аңызға айналған ақын болсын. Кемінде ұлтын сүйген, халқына қалтқысыз қызмет ететін азамат болсын» деп ырымдаған болар. Жамбыл Иманалиев айтыс ақыны болып аты шықпаса да, бір саланың үлкен майталманына айналды. Яғни, ел мен жердің қауіпсіздігіне қызмет етті. Ал, Жамбыл үлкен баласының есімін Әлихан деп атаған екен. Әлиханның баласының есімі – Абылай. Байқап отырсақ, қазақ үшін ең қастерлі есімдердің баршасы осы шаңырақта.

Екінші баласының есімі – Шоқан. Жақсы есімнің әсері болар бұл азамат та зерек, білімді, іскер болып өскен. Шоқан да, оның асыл жары Сабина да Қытай мемлекетіндегі ең таңдаулы университеттердің бірін бизнес және экономика мамандығы бойынша бітірген. Міне, осы азамат үшемнің әкесі. Әйгілі ғалымның есімін иеленген Шоқаннан Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай атты батыр ұлдар өмірге келіп жатыр.

Жамбыл Иманалиевтың жұбайы Эльмира Оспанованың мамандығы – терапевт-дәрігер. Ол жиырма жылдан астам облыстық қан орталығында дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болып қызмет еткен.

 Қазіргі таңда Жамбыл жоғары медициналық колледжінде аға оқытушы болып еңбек етеді.

– Бұл үшемнің туылуы – шаңырағымыз үшін үлкен қуаныш. Қуаныштың әсерін сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Егер өз айналамдағы ағайын, туыс, таныстың шаңырағында үшем, егіз өмірге келсе өте қуанар едім. Ал, мұндай қуаныш менің әулетімде болып жатуы маған екі есе шаттық сыйлайды. Бірнеше күннен бері шаңырағымыздан қонақ кетпей, қуанып жатырмыз. Үш батырдың есімін алған қадамы құтты, өмір жасы ұзақ болсын, – деді.

Біз осынау құтты шаңырақтан үшемнің нағашыларын да кездестірдік. Нағашы атасы Алтынбек Шайділдаев облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында жетекші болып еңбек етеді екен.

Ал, нағашы апасы Фарида Қазбекованың мамандығы – тәрбиеші. Ұзақ жылдардан бері жас ұрпақ тәрбиесімен айналысады. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дегендей, біз де үшем жиендеріміз үшін қуанып жатырмыз. Бұл Алланың ерекше берген нәсібі, жас шаңыраққа берген сыйы деп білеміз. Сәбилерге қазақтың рухын көтерген батырлардың есімі берілгеніне де ризамыз. Енді Жамбыл құдам да ұрпақтарымен мақтанып, үшемдер сенімді ақтап, елге қызмет ететін, патриот және отаншыл азамат болсын» дейді үшемдердің нағашы атасы Алтынбек Шайділдаев.

Біз үшемдер өмірге келіп жатқан әулеттен тектілік пен құрметті, адалдық пен ізгі қасиеттерді көрдік. Осы асыл қасиеттердің баршасы үшемдердің бойында болады деген сенімдеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар