«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім алу үшін барлық жағдай жасалған

Білім алу үшін барлық жағдай жасалған
Ақәділ Рысмахан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жайлы мектеп» жобасын ұсынғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде қазіргі заманға сай жаңа мектептер бой көтере бастады. Осылайша, апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешудің төте жолы табылды. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы.

Еске салсақ, өткен жылы өңірімізде үш «Жайлы мектеп» ел игілігіне беріліп, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен Тараз қаласындағы Бәйтерек және Ұлы Дала ықшамауданындағы оқушылар жаңа мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал, күні кеше ұлттық жоба аясында 2000 оқушыға арналған №69 орта мектеп жас жеткіншектерге есігін айқара ашты. Білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін баса айтты. Аймақ басшысы болашақта аталған оқу ошағынан білімді азаматтардың көптеп шығатынына сенім білдірді.

– Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жалпы, биылғы жылы Шөлдала елді мекенінде бір және Қордай ауданында екі «Жайлы мектепті» пайдалануға беру көзделуде. Себебі, жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де сапалы білім керек. Бұл ретте білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету – өңірді дамытудың негізгі бағытының бірі болып қала береді. Биыл облыста 26 білім нысанның құрылысы басталса, жыл соңына дейін 21 нысанды іске қосу жоспарлануда. Ал, 2026 жылы қосымша 6 білім ошағының құрылысы қарқын алмақ, – деген Ербол Шырақпайұлы мектеп ұжымына интерактивті тақтаны сыйға тартты.

Айта кетейік, осынау мектеп құрылысын «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Мұратбекқызының айтуынша, аталған білім ордасында оқушылар мен педагогтерге барлық жағдай жасалған. Мұндағы бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен және әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 450 орындық мәжіліс залы мен бас-аяғы 97 оқу кабинеті бар. Бұдан бөлек білім нысанында 4 спортзал мен балалардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін коворкинг орталықтары қамтылған. Сондай-ақ, мұндағы 12 кабинет мұғалімдердің емін-еркін жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бермек.

Облыстық мәслихат депутаты Жұмахан Мұқаш мектептің іргетасы қаланған сәттен бастап қолданысқа берілгенге дейінгі аралықта Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыстың сапалы жүргізілуіне бақылау жасағанын жеткізді. «Партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында оқушылардың сапалы білім алуы үшін заман талабына сай мектептерді көптеп салуға және білім сапасын арттыруға басымдық берілген. Сонымен қатар, аманаттықтар сайлауалды бағдарламаны іске асыруға арналған Жол картасындағы нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде жүргізілуін үнемі бақылауда ұстайды. Біз қазір ғимаратты аралап көрдік, қатты ұнады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған білім мекемесінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған», – деді халық қалаулысы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар