«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барлық дерт жүйкеге күш түскеннен пайда болады

Барлық дерт жүйкеге күш түскеннен пайда болады
Ашық дереккөз
Кейде адам баласының дарыны гүл секілді болып көрінеді. Гүл қалай болса солай өсе беретін арам шөп емес. Оған күн нұры, самал жел, нөсерлете құятын жауын керек. Осындай дарынды дәрігердің бірі – Майра Көрпебаева.

Жиын өткізу, анализдердің қорытындысын тыңдау, дәрігерлермен кеңесу, науқастармен тілдесу, сырқатын анықтау– оның күнделікті тірлігі.

«Сырқатыңыздың сырын айтайын ба, әлде емін айтайын ба?» деп сұрайтын невропатолог дәрігер жан саулығының емі – күйгелектенбеуде дейді. Алдына келген сырқат жанға ең бірінші берер кеңесі мынау. Адам күйремеуі керек. Қандай жағдайда да салың суға кетпесін, мықты бол! Жағдай қиын болып, шамаң келмей жатса да сасқалақтамай, бәрін сабырмен істе. Міне, отыз жылдық еңбек өтілі бар невропатологтың ақылы. Мына заманда күйгелектенбеу, ашуланбау мүмкін бе деп сұрарсыз. Иә, мүмкін екен. Ұзақ өмір сүргіңіз, әдемі күй кешіп, ән сала өмір сүру үшін ашуланбау қажет екен.Ауырдың ба, емі бар. Тек дәрігерді тыңда, жақсы көңіл-күйде бол дейді дәрігер.

Майра Көрпебаева 1969 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Дәрігерлік мамандықты Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе медициналық университетінде оқыған. Бүгінде облыстық көпбейінді ауруханада күндізгі стационардың басшысы. 55 адамға арналған күндізгі бөлімде әртүрлі аурумен ауыратын науқастар жатады.

– Невропатолог – жүйке жүйесіне байланысты ауруларды диагностикалау және емдеумен айналысатын дәрігер. Бұл орталықта ми және жұлын және перифериялық жүйке жүйесінің аурулары, сондай-ақ орталық және перефериялық жүйке жүйесін қамтитын аурулар тобы жатыр. Ал невролог – менингиттің әртүрлі формалары, энцефалиттер, жүйке жүйесі дамуының туа біткен ауытқуларды емдейтін дәрігер. Мен невролог әрі невропатологпын. Алдыма сан түрлі науқас келеді. Бірі эпилепсиямен, бірі жүйкесінің тозуымен, бірі паркинсон ауруымен келеді. Соңғы жылдары пациенттердің арасында паркинсонмен ауыратын науқастар санының жыл сайын артуы байқалады. Жақында 50 жас шамасындағы адамдар арасында жиілегенін байқадық. Барлық ауру жүйкеге күш түскеннен туындайды. Жүйкесі жұқарған адамның өмірге құлшынысы азаяды. Ұйқысыздық, жиі суық тию, аяқ-қолдың жансыздануы, қимылдың бұзылуы, ашушаңдық пайда болады. Адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Біріншісі ағза тыныққан кезде іске кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сондықтан уақытылы ұйықтап, уайымға салынбау керек, – дейді невропатолог Майра Абланқызы.

Қашанда ақжарқын, жайдарлы мінезімен емделушінің есінде қалатын Майра Абланқызы білімі мен біліктілігі толысқан жан. Соңғы он жылда науқастардың көбі инсультпен, тоқтаусыз бас ауруымен, нақтырақ айтсақ неврологиялық аурулармен түсіп жатқандығын тілге тиек етті.

Медицина саласында жүйкені күтпегендіктен, күйзелістен, депрессиядан туындайтын неше түрлі ауру бар. Солардың бірі – инсульт. Ол – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Бұл ауру кезінде мидың кейбір аймақтарына қан ағымы азаяды немесе ол жерге жетуді толығымен тоқтатады. Оның екі түрі бар: ишемиялық, қанның артериялар арқылы ми жасушаларына өтуінің бұзылуынан пайда болады және геморрагиялық, ол мидағы қан кетуден пайда болады. Неврологиялық аурулардың көптігі сонша елімізде не көп невропатолог көп. Ең қорқынышты ауру – ми ісігі. Ол – психикалық бұзылыс қосулы болуы мүмкін организмдегі ісіктердің пайда болуының негізі. Мұндай психикалық және жүйке ауруларымен ауыратын науқастар қатты шаршайды, есте сақтау қабілеті нашарлайды, басы ауырады, сөйлемейді, есін жоғалтады. Пациенттер ерекше тұрақты күтімді қажет етеді, терапия нейрохирургиялық әдіспен жүргізіледі. Осының бәрін түсіндіріп өткен Майра Көрпебаева ауруханада ем алып жатқан науқастарды көрсетті. Ауырмау үшін жүйкеңді сақта дегенді қайталап айтты.

Жақсы адамның қашанда жүзі нұрланып тұрады. Ақ халатты абзал жан Майра Абланқызы да әрбір науқасқа туысындай қарап жүгіріп жүр. Жылы сөзімен қолдау білдіріп, ем тағайындап, бізге де сұхбат беріп үлгерді. Деніміз сау болсын!

 

Жалғас ӨМІРЗАҚОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар