«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Денедегі қалды қалдыруға да, алдыруға да асықпа

Денедегі қалды қалдыруға да, алдыруға да асықпа
Ашық дереккөз
Сән индустриясының дамып алға озып кеткені соншалық, кейбір нәзікжандылар бетіне қарақаттай етіп жасанды қал қойдырып жатса, кейбірі ажарын кетіріп тұрған меңдерін алдыртып әлек. Қайсысы дұрыс? Жалпы, беттегі немесе денедегі қалды алдырған дұрыс па? Бұған медицина саласы не дейді?

Мең – адам денесінде кездесетін қатерсіз өспелер. Бірақ меңнің дерматологқа жүгінуге тура келетін, назар аударуды қажет ететін түрлері де бар. Белгілі бір факторлардың әсерінен мұндай меңдер қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Мысалы, шамадан тыс күн сәулесі мен солярийден тері әдемі болып қана қоймай, күйіп қалуы да мүмкін. Ультракүлгін сәулеленудің шамадан тыс әсерінен терінің зақымдануы әртүрлі тері ісіктерінің, оның ішінде меланома пайда болуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан абайсызда меңіңізді алдыртамын деп басыңызға бәле тілеп алмаңыз.

Бүгінде елге танымал әнші, блогер сынды жандардың жарнамасының әсерінен қалды жаппай алдырту үдерісі елімізде басталып кетті. Оңбай опық жеп арты қатерлі ісікке апаруы мүмкін қал алдырту ісі – оңай нәрсе емес. Бұл жайында облысқа танымал дерматовенеролог дәрігер Сабыр Мамедахуновпен сөйлестік.

Өзін аса жарнамалауды сүймейтін тері ауруларының дәрігері Сабыр Хабибуллаұлы 27 жыл бойы облыстық тері венерологиялық диспансерінде еңбек еткен. Тек соңғы бес жылда жекеменшік клиника ашып, өз алдына жұмыс істей бастапты. Қаладағы рейтингі жоғары ақ халаттының алдына келер науқас көп.

– Мен көбінде әлеуметтік желілерге салып, фото-видеоға түсіріп жұмысымды насихаттағанын қаламаймын. Ауруды қайтіп жарнамалайсың? Алдыңа келіп тұрған адам ол науқас. Дертіне шипа іздеп, үміт етіп келіп тұр. Баяғыда атам қазақ «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп айтушы еді ғой. Сондықтан жаны ауырып отырған адамды мазақ қылғандай, келіңіздер, маған көрініңіздер демеймін. Қал мен меңге келсек екеуін де медицина тілінде «невус» деп атайды. Ол денсаулық үшін қатерлі емес, ісік түріндегі кішігірім ақау. Алайда кейде асқынып, қатерлі ісікке де айналуы ықтимал. Нәрестелерде болатын қарақошқыл, көк қал ол гемангиома деп аталады. Көбіне шақалақ дүниеге келгенде жамбас жағында, арқасында не аяғында болады. Ырымдап жақсылыққа балап жатамыз. Кейде осы гемангиома да қатерлі болады. Алдыма келген пациенттің қалын арнайы аппаратпен тексереміз. Цифрлы дерматоскоп қалдың қатерлі не қатерсіз екенін анықтап береді. Ол қалды алуға бола ма, жоқ па соны тексереміз. Қалдың диаметрі 1-ден асса мен міндетті түрде онколог маманға жіберемін. Косметикалық клиникалардағы дәрігерлерде меңнің күдікті сипатта екенін бірден аңғаратындай біліктілік әрқашан бола бермейді. Егер қалды алып тастау осындай орындарда жүргізілсе, гистология болмаса немесе меңді жою дұрыс емес әдіспен жүргізілсе, онда бұл үлкен проблемаға алып келеді. Маған меланома метастазасына көп науқас шағымданып келеді. Сұхбаттасу кезінде олардың біраз бұрын косметологтың көмегімен меңді алып тастағаны анықталады. Қалды медицинада үш топқа бөлеміз. Біріншісі – қалды тиісуге болмайтын түрі. Екіншісі – керісінше дәрігерлер осы қалды алу керек деп ескерту береді, үшіншісі – эстетикалық тұрғыдан киім киюге, не өмір сүруге мүмкіндік бермесе адамның қалауы бойынша қалды алдырту түрі. Бұл күндері сәннің ырғағынан шыға алмағандар косметологиялық кабинеттерден-ақ қалын алдыртып тастайтын болған. Ол дұрыс емес. Қалды алдырмас бұрын тері аурулары дәрігеріне көріну қажет. Оның қатерлі я қатерсіз екенін сол анықтайды. Сосын барып алдыру, алдырмау туралы шешім қабылдайсыздар, – дейді дәрігер Сабыр Хабибуллаұлы.

Қазақ халқы данышпан халық. Меңмен туылған сәбиді Қалдыкүл, Қалдыбек, Меңдіқыз деп атаған. Оның мәні бар деп есептеген. Сонда қалда кішірейіп өз орнына келген. Яғни жайылып кетпеген. Иә, дәрігердің сөзі рас. Қытай ғалымдары меңнің орналасу ретіне қарай оның адам өміріне әсерін тексеріпті. Денедегі әрбір қалдың өз айтары бар екен. Бірі денсаулығыңыздан сыр шертсе, бірі байлыққа, бірі жақсылыққа деп жорамалданады екен.

Көбіне ашық, ақ сары түсті адамдарда қалдың көбеюі орын алады екен.Терісі қара адамдарда қал көп шықпайды. Қал неліктен көбейеді десеңіз, күн көзінде ұзақ жүргендіктен қал саны артады. Денеңізден, бетіңізден жаңа шыққан меңді байқасаңыз онда күн көзінде көп жүргендіктен деп біліңіз. Ультрофиолет сәулесі адам терісіне керісінше әсер етеді екен.

– «Қалымды алып берші» деп келгендердің қалын бас сап ала бермейміз. Барлық нәрсенің сұрауы бар. Мен көбіне косметологиялық кабинеттерге барып, кім көрінгенге қалды алдыртуға қарсымын. Арты жаман ауруға ұласып, жапа шеккендер көп. Тексерілген, қаншама жылдық тәжірибесі бар дәрігерден ғана кеңес алып, айтқандарын мұқият тыңдау керек. Қал сізге бөгет жасамаса не үшін оны алдырасыздар? Туа бітті қалдарды алдыруға тыйым саламын. Алла жаратқан келбетіңізбен өмір сүргенге не жетсін! Ал енді жүре пайда болған қоңыр, қара, қызғылт қалдардан қорқу керек. Тез арада қалыңыз көбейіп жатса дәрігерге келіп көрініңіздер.Көбінде ер адамдар дәрігерге көрінуден қашады. Оны керек депа санамайды. Ал әйел адамдар ұқыпты ғой. Бірінші келіп кеңес алып кетеді. Сосын қалды алуға рұқсат берсек келіп алдырады. Жаз айларында қалды алдыртуға болмайды. Күн көзі тым өткір. Сондықтан лажы болса біз жаз айларында қалға тиіспейміз. Қазан айынан бастап наурыз айына дейін қалды алдыртуға болады, – дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, меңнің пішінін немесе түсін кенеттен өзгертуі қалыпты жағдай емес екен.Ол үшін қарап тексеру кезінде келесі белгілерге назар аудару керек. Соңғы айларда меңнің түсі немесе көлемінің өзгеруі болды ма? Мең айналасындағы терінің қызаруы байқалды ма? Немесе мең қанады ма? Осы ең басты үш факторға назар аудару қажет екенбіз.

Адам болған соң әрбірімізде қал бар. Дене бөлігінің кез келген жерінен меңді байқауға болады. Олар әртүрлі мөлшерде, түстерде және пішінде келеді. Көптеген адамдардың түсінігінде қалдар тері қатерлі ісігімен, әсіресе, меланомамен тығыз байланысты, сондықтан олар, көбінесе, күдікті болып саналады.

Онкологтар атап өткендей, тері меланомасы өте қатерлі. Бүгінгі күні облысымызда меланомамен 71 науқас есепте тұр. Сырқаттану көрсеткіші – 0,8. Осындай аурудан 6 адам қайтыс болған. Сондықтан терінің кез келген өзгерісімен сіз дәрігерлерге немесе қарау кабинеттерінің мамандарына жүгінуіңіз керек.

– Кез келген аурудың емі бар. Адамдар тексерілсем обыр ауру анықталуы мүмкін деп алдын ала қорқып, дәрігерге келмейді. Күніне жүз ойланғанша, бір рет тексерістен өткен жөн. Егер туғаннан келе жатқан мең, қал өзгеріп, қанай бастаса, түсін өзгертсе немесе жаңа меңдер пайда болса, міндетті түрде онкодерматологпен кеңесу керек. Дертті өршітпей диагностикалау пациенттің көбінесе өзіне байланысты, неғұрлым тезірек дәрігерге жүгінсе, соғұрлым шипасы тиімді болады, – дейді Сабыр Мамедахунов.

Мең де адамның бір бөлшегі. Оны алдыртуға асықпаңыз. Қал астында қатер бар екенін ұмытпаңыз. Әсіресе жаз шығып, елдің бәрі жағалауға құмартып, күнге қыздырынып жатқанда меңі көптер ультра күлгін сәулелерден сақтанғаны жөн.

Қорыта айтқанда, денсаулығымды сақтаймын деген саналы адам егер денесінде жаңа қал пайда болып немесе бұрыннан бар қалының түсі, пішіні өзгеріп, көлемі ұлғая бастаса, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуі қажет. Сол сияқты ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, қан кететін немесе әдеттен тыс сұйықтық ағатын меңдер болса, құрылымы өзгерсе, қышып, ауырсынып, ұйығаны байқалса, бұған да көзді жұмып қарауға болмайды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар