
Шу аудандық көпсалалы ауруханасы онлайн байланыста отырды. Айтуларынша әу бастан жас келіншектің денсаулығы болмаған. Бір емес, екі рет жасаған қолдан ұрықтандыру шарасы нәтиже бермеген. Тек үшінші рет қана марқұм Әдемі Ешеналиваның ана болуға мүмкіндігі артқан.Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік ауыр өткен. Қан сынамалары мен зәр талдаулары әр кезде әр түрлі көрініп, дұрыс шықпаған. Әсіресе, келіншектің бүйрек ауруларына байланысты зәр талдаулары жақсы нәтиже көрсетпеген. Мұны зерттеу жүргізген жұмыс тобы дәлелдеп отыр. Жасанды ұрықтандыру арқылы көтерген анаға Шу аудандық ауруханасы тарапынан дұрыс күтім жасалмаған. Алайда, жас келіншектің де денсаулығында кінәраты болған. 25 жасар Әдемі Ешенәлиева жүктілігінің 30 аптасында 5 наурыз күні Шу аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда, 10 наурыз күні әжетханада құлап, ананы аман алып қалу мақсатында жасанды түсік жасатылады. Бірақ, жас ана да аман қалмады. Ол 13 күн ес-түссіз жатып, 22 наурыз күні көз жұмған. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр.
Біткен іске сыншы көп. Болары болып, бояуы сіңген соң барып арнайы білікті дәрігерлерден тұратын зерттеу тобы құралған. Зерттеу тобының мүшесі дәрігер Қаракөз Сағынғалиева шулық дәрігерлерге сұрақ қойды.
– Дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін ана толық тексеруден өтіп, бала туу жоспарланады. Сау анадан сау бала туылады. Менің бір түсінбейтінім, неге әу бастан келіншекті қауіпті жүктілік санатына жатқызып, неліктен облыстық перинаталды орталыққа қаралуға жібермеген? Талдау сараптамаларын көре тұрып, неге консилиум жасалмаған? Менің осыған таңым бар, – деді. Алайда шулық ақ халаттылардың мардымсыз жауабынан өз жауапкершілігін әлі де толық сезінбегені аңғарылады.
«Ауызбіршілік болмаған жерден береке кетеді. Бас дәрігерлердің басы бір қазанға сыймай жатыр. Қателік бәріңізден» деген облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Тілләбекұлына қатаң сөгіс берілетінін, Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері жұмыстан шығарылатынын, тағы басқа жауаптыларға жаза қолдалынатынын жеткізді.
Кеңесте марқұмның иістенген денесі аурухананың жертөлесінен табылды деген ақпарат жайлы бірауыз сөз айтылмады. Сараптау, талдау, зерттеу істері бір күнмен бітпес. Әлі бірнеше айға жалғасатын сыңайлы. Кінәлілерге шара қолданылар. Алайда, ана мен бала өлімі қайтадан қайталанбасына немесе кейбір ақ халаттылардың өз ісіне жауапкершілікпен қарау-қарамауына ешкім кепілдік бере алмайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді