
Өздеріңізге белгілі, жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында республикаға шетел азаматтарын тартуға квота бөледі. Айталық, былтырғы жылы бөлінген квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23 пайыз немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді. Ал, еңбекші иммигранттарға бөлінген квота еліміздегі жұмыскерлер санының 3,1 пайызы немесе 271,3 мың адам болды.
Жалпы, бұл көрсеткіштер жылдан-жылға біртіндеп азайып келе жатыр. Биылға арналған квота тиісінше 0,2 пайыз және 3 пайыз болып белгіленді.
Әрине, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сыртқы көші-қонның ықпал етері сөзсіз. Әйтсе де, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінен және басқа шет мемлекеттерден Қазақстанға келген азаматтардың қатысуымен орын алған қылмыстық құқықбұзушылықтардың көбейе түсуі – көптің көңіліне күдік ұялатады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр ТМД-дан келген 1 783 адам қылмыс жасаған. Бұл – бұрнағы жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға көп. Сондай-ақ, басқа шетелдерден келген 340 азаматтың қатысуымен орын алған қылмыстар әшкереленген немесе осы жөніндегі көрсеткіш 3,3 пайызға көбейген. Естеріңізге салсақ, жуырда жамбылдық тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында «Заңсыз келуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізген еді. Шара барысында полицейлер шетелдіктер тұратын мекенжайларды, құрылыс нысандарын, базарлар мен өзге елдің азаматтарының еңбегін пайдаланатын ұйымдарға тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыстық полиция департаментіне бағынысты көші-қон қызметі басқармасының инспекторы, полиция капитаны Айсұлу Ибадулланың айтуынша, біздің елдің заңнамасын бұзғандардың қатарында Қытай, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан мемлекеттерінің азаматтары бар.
– Облыс аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 505 дерегі анықталып, 395 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, шетелдіктерді рұқсат құжаттарын алмай жұмысқа тартумен байланысты бұзушылықтың 179 фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, рейдтік іс-шаралар барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 28 жұмыс беруші әшкереленді. Ал, 94 азаматқа заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін ел аумағынан кетпегені және заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарғаны үшін тағы 117 хаттама толтырылды, – деді Айсұлу Мұратқызы.
Айта кету керек, өткен жылы ел аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 3 283 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Есепті кезеңде 895 шетелдік ел шекарасынан шығарылса, оның ішінде ТМД елдері мен өзге мемлекеттердің бас-аяғы 815 азаматы бар. Сондай-ақ, осы жылы шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаған 789 отандасымыз әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса шетелдік жұмыс күшіне және еңбек иммигранттарына қатысты заңнаманы белден басқан 152 қазақстандыққа айыппұл салынған. Бас прокуратура былтыр шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мыңнан аса жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Өкінішке қарай, шетел жұмыс күшін тартуда заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға қойылатын талаптардың арасындағы елеулі айырмашылықтар көші-қон заңнамасын бұзуға негізгі себеп болып отырған секілді. Осылайша, шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі заңнамалық тұрғыдан жеткілікті реттелмегені базбіреулердің оны көлденең табыс көзіне айналдыруына жол ашқандай. Тіпті көші-қон саласындағы қазіргі жағдай, «қойды қасқырға бақтырғандай» әсерде қалдырады. Демек, көші-қон заңнамасын өмірдегі шынайы жағдайға бейімдеу – маңызды. Бір сөзбен айтқанда, бұл салада тәртіп орнату үшін басқа да пәрменді шараларды қолданатын кез жеткен сыңайлы.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Қаңғыбас иттердің қаптап кетуінің сыры неде?
- 6 сәуір, 2025
Депутаттар жұмысы тоқсан сайын бағаланатын болады
- 3 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді