«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде 78 мыңнан астам адам МӘМС-пен қамтылмаған

Өңірде 78 мыңнан астам адам МӘМС-пен қамтылмаған
basmedia.kz
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен МӘМС және вакцина мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен вакцинаға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Кеңеске Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары онлайн режимде қатысты.

Халықтың әлеуметтік жағдайы мен денсаулығының қорғалуы үнемі басты назарда болатынын айтқан Серік Жақсылықұлы «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі табыс көзі төмен отбасылардың Д және Е санаттары бойынша санын азайту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметті сұрады.

Бұл жөнінде мәлімдеген облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов облыс халқының кедейшілік шегінен төмен «Д және Е» санаттарындағы отбасылардың санын азайту мақсатында облыстық, аудандық штабтар мен ауылдық округтерде жұмысшы топтар құрылып, ережелері мен жұмыс алгоритмі бекітілгенін айтты.

– Бүгінде облыста 1,2 миллион халық немесе 339,2 мың отбасы бар. Отбасының цифрлық картасының мәліметтері негізінде нақты тұрғындардың әл-ауқатын шынайы жақсарту бойынша Үкімет тарапынан белгіленген облыстық KPI көрсеткіші осы жылдың соңына дейін облыста «Д және Е» санаттарындағы отбасыларды 7 пайызға немесе 6,9 мың (6 916) отбасыға азайту межесі қойылды. Ал, Тараз қаласы мен аудандар үшін 10 пайыздық межемен бекіту қажет болатын. Басқарманың тарапынан белгіленген межеге сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен барлық аудандық әкімдерге жоспарды бекітуге хат жолданған. Жоспарды округтер бойынша бекіткен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Талас, Т.Рысқұлов аудандары, ал Тараз қаласы 7 пайызбен бекіткен. Қалған аудандар жоспарды бекітпеген. Демек, әлі де бұл бағытта жұмыстар басталмай, ауылдық округ әкімдері әлі де нақты межелерін білмейді және аталған бағытта жұмыстар жүргізілмей жатқандығын байқауға болады. Биылғы 19 наурыздағы жағдайға сәйкес, облыс бойынша Отбасының цифрлық картасының мәліметінде «Дағдарысты» және «Аса қиын» (D, Е) санаттарында 96 455 отбасын құрап отыр, яғни берілген жоспар 6 916 отбасыдан 2 349 отбасыға азайған. Дегенмен, өзектендіру бағытында әлі де болса мәселелер бар. Айтып өтетін болсақ, мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын 9 253 бала (8 179 отбасы), орта біліммен қамтылмаған 6 160 бала (4 226 отбасы), NEET санатында 15 347 жас (13 788 отбасы), міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған 78 566 адам (62 604 отбасы), жеке кәсіпкерлігі бола тұра әлеуметтік аударымдары жасалмаған 9 055 адам (8 362 отбасы), төл құжаттары жарамсыз немесе мерзімдері өткен 5 152 адам (4 747 отбасы), мекенжайы бойынша тіркелімдері жоқ 18 546 адам (15 908 отбасы) бар. Тиісті облыстық мекемелерге «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне пайдаланушы ретінде қарау мүмкіндігі бар. Осы мәселелер бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған тиісті ақпараттық жүйелері бар мекемелер аталған азаматтардың тізімін ала отырып, нақтылау жұмыстарын жүргізуі қажет, – деген Еркін Егембердіұлы «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне жеке тоқталды.

Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балалар саны Д, Е санаттары бойынша 9 253 баланы құрап отыр, яғни 8 179 отбасы. Бұл 2024 жылдың 19 желтоқсандағы жағдаймен салыстырғанда 221 балаға (246 отбасы) көбейген. Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм аудандарынан басқа барлық аудандар мен Тараз қаласында өсім бар. «Бұл өз кезегінде әкім рейтингісіне кері септігін тигізетіні анық. Сондықтанда бұл бағытта жұмыстарды қолға алу қажет», деді Еркін Келесов. Д, Е санаттарындағы жалпы орта білім беру мекемелеріне бармайтын 6 160 бала бар екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 285 (180 отбасы) балаға азайғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, Отбасының цифрлық картасының мәліметінде D, Е санатындағы екінші деңгейлі банктері мен қаржы ұйымдарына 90 күннен асқан берешегі бар отбасыларды зерделеу нәтижесінде облыста 62,2 мың азамат анықталып, Amanat партиясының қолдауымен «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту кестесі әзірленген. «Қарызсыз қоғам» жобасымен биылғы жылдың 17-25 ақпан аралығында Жуалы, Меркі және Шу аудандарына кесте бекітіліп, оқыту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Жуалы, Меркі, Шу аудандары бойынша Д, Е санатындағы небәрі 576 азаматқа ғана оқыту жүргізілген. Олармен жеке жұмыс жасалып, 25 адамнан астамының шоттарын бұғаттау, 5 адамның несие төлеу кестесін бекіту, 103 адамның қарызын қайта құру және 5 банкроттыққа даярлау құжаттары Үкімет тарапынан бекітілген заңгерлерге жолданған. Оның ішінен 365 адамға заңгерлер өз құзырында кеңес беріп, көмек көрсетіпті. Дегенмен, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан несиелері бойынша берешектері бар азаматтарды ұсынылған тізімдерге сәйкес «Қарызсыз қоғам» лекторларымен оқыту және арнайы жүйеге тіркеу жұмыстары өте нашар жүргізіліп жатқаны да осы кеңесте айтылды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар