«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бала күту орталықтары ата-ана тәрбиесін алмастыра ала ма?

Бала күту орталықтары ата-ана тәрбиесін алмастыра ала ма?
Ашық дереккөз
«Бәріміздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы» дегендей қазіргінің ата- әжесінің де, әке-шешесінің де көксегені – жұмыс істеп, бала-шағаның қамын күйттеу. Бүгінгінің ата-аналары күнкөрістің қамы үшін керек десе екі-үш жерде жұмыс істеуде. Бірақ, үйдегі балалар қараусыз қалуда. Баяғыдай ертегі айтып отыратын ата-әжелер жоқтың қасы. Балаларға қазір балабақшалар мен бала күтуші орталықтары жауапты. Бүгінде тойға бару не бір жерге шығу үшін балаңызды қарайтын адам болмаса ұл-қызыңызды бала күтуші орталығына қалдырып, табыстап кетсеңіз болады.

Таразда алғаш рет «Няня» деп аталатын бала күтуші орталығы ашылды. Жаңадан ашылған орталықтың жұмысын бастағанына небәрі үш ай. «Ақбұлақ» шағынауданында орналасқан орталық аядай ғана. Енді ғана ашылғандықтан болар, бала саны аз. Шағын орталықтың иесі Нұргүл Шайысламованың бұл алғашқы кәсібі.

– Өзім 5 баланың анасы болғандықтан, осы кәсіпті қолға алдым. Бұл іс те менің бір балам секілді. Алғашқы қанатқақты жобам болғандықтан барымды салып белсене атсалысудамын. Ешқандай грант не болмаса несие алмадым. Тек бастап көргім келді. Бар ақшаммен отыратын жерімізді жалға алып, шағын жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Шымкент, Түркістан, Алматы мен Ақтау қалаларында бала күтуші орталықтары өте көп. Таразда да кездеседі. Бізде күндізгі және кешкі деген екі тариф бар. Күндізгі тарифтың бағасы сағатына 1000 теңге. Кешкі тариф – 1200 теңге. Ата-аналар кешке тойға барғанда қалдырып кетіп жатады. Өзімнің де жасы 70-тен асқан анам бар. Алайда, ол кісі де үйде отырмайды. Кәсіппен айналысады. Мен көпбалалы ана болсам да, үйде отырмаймын. Жұмыс істеймін. Мамандығым – экономист. Алғашқы кәсібім болғандықтан, бірден табыс көремін деп ойламаймын. Жұбайым барынша қолдау көрсетуде. Жұмыс жақсы жүрсе, қаланың бірнеше жерінен дәл осындай орталықтар ашу ойымызда бар, – деп ағынан жарылды ол.

Шағын ғана екі бөлмеден тұратын орталықта баланы ұйықтататын және ойнататын бөлме де бар. Мұнда асхана жоқ. Өйткені, бұл балабақша емес. Ата- аналар ең көбі 3-4 сағатқа қалдырады екен. Сол аралықта баланың жейтін банан, пюре, айран секілді жеңіл асы мен ішетін сусынын өздері ала келеді.

Жасы елуден асқан бала күтуші Нүрила Бекжігітованың мұнда жұмыс істеп жатқанына үш ай. Тоғыз айдан асқан сәбилерден бастап алты жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын ол жұмысы өзіне ұнайтынын айтты.

– Баланы бағу да оңай емес. Кейде жас аналар сән салонына бару я болмаса өзіне уақыт арнау үшін де сәбилерін қалдырады. Менің педагогикалық мамандығым бар. Балаларды жақсы көремін. Оларды ойнатамын, өздерімен бірге әкелген тамақтарын беремін. Ұйықтатамын. Біртіндеп бала да көбейіп жатыр. Күні бойы қалдыратын аналар да бар. Бала – ата-анаға аманат. Оған қарауға әкесі де, ата-апасы да міндетті. Өкінішке қарай, қазіргі заманның қарттары немере қарамайды. Сондықтан, мұндай орталықтардың болғаны жақсы, – деді ол.

Шындығында іші сәулетті, жарық, жып-жылы екен. Бірлі-екілі бөпелер ойнап жүр. Кейбірі тәтті ұйқының құшағында. Бірақ, баланы жәутеңдетпей өз ата-апасы не жақын туысы қарап, тәрбиелегеніне ештеңе жетпейді. Бәлкім, мұндай орталықтар ананың ісін жеңілдететін шығар. Не де болса жақсылыққа жориық. Ашылған кәсіпке береке берсін.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар