
Бұл жерде біздің айтпағымыз, әскери текетірес пен оның бізге белгілі қалай шешілгендігі туралы емес, осы соғыстағы Ұлы Жеңіске тылдағы көрсетілген ұлы көмек тұрғысында болып отыр. Кеңестік биліктің осы орайда атқарған оң істерін теріске шығара алмаймыз. Айта кету керек, соғыс кезінде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» идеологиясы үстем болды.
Майданға кеткен ерлердің орнында отбасымыздағы, колхоздарда, мал фермаларында төрт түлікті бағып-қағу түгелдей дерлік әйелдер мен қарттардың үлесіне тиді. 1941 жылдың аяғына дейін 5 мың қыз-келіншек тракторшы, комбайншы мамандығын игерді. Майданға кеткен ерлердің орнында мәселен, Сарысу ауданында 12 колхозды, 54 мал фермасын, 15 ауылдық кеңесті әйелдер мен қыздар басқарды. Облысымыздың еңбекшілері қорғаныс қорына 3 224 центнер астық, 18 184 мың сом ақша және ет, май, картоп пен көкөніс өнімдерін өткізді. 1941-1942 жылдардағы қыстың өзінде жамбылдықтар Қызыл армия үшін мал өнімінен тігілген, тоқылған 150 мың дана жылы киім жіберді. Олардың арасында 8 760 данасы шолақ тон, 8 700 жұп киіз етік, 5 060 тері қолғап, 2 970 жұп жүннен тоқылған жылы қолғап, 8 250 жып-жылы тері кеудеше болды. Ал, Жамбыл қаласының еңбекшілері 1942 жылы 17 575 шолақ күртеше мен осынша пима жинап берді. Осы жылы Брянск майданына 16 вагон сыйлық жіберілсе, 1943 жылы Ленинградты қорғаушыларға 9 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелтті.
Облыс еңбеккерлері танк колоннасын жасақтауға 25 480 мың сом, әскери эскадрилияларды қайта құру үшін 24 557 мың сом өткізіп, 73 562 мың сомның әскери заем облигацияларын сатып алды. Облыс орталығында Абай атындағы педагогикалық училище ұстаздары мен оқушылары «Жамбыл комсомолдары» атты танк жасақтауға үндеу қабылдап, өздері бір-бір айлық жалақылары мен стипендиясын қосады. Оны қолдаған облыс жасақтары 4 518 мың сом ақша, 10 мың бас мал жинап, Жоғарғы Бас қолбасшының құттықтау жеделхатын алған. Облыс 1943 жылы 7 қазанда майданға 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 14 тонна қант, 45 тонна ет, 3,4 тонна кептірілген жеміс, оған қоса 14 мың дана жеке сәлемдемелер жөнелтеді.
«Егін жинауда жұмыс соғыс қарқынымен істеле берсін» ұранын көтерген үржарлықтардың шақыруы бойынша жер-жерлерде бұл үндеу бірауыздан қабылданып, әрқайсысы өздеріне жаңа міндеттемелер алды. Мәселен, облысымыздың Красногор ауданында партияның ХVІІІ съезі атындағы колхоздың колхозшылары «Красные горные орлы» ауыл шаруашылығы артелі колхозшыларының үндеуін талқылап, жиналыста сөйлеген тракторшы Бүрбаев: «Мен үржарлықтардың шақыруына нақтылы іспен жауап беремін, Социалистік егіс даласында стахановтық әдіспен жұмыс істеп, күнделікті нормамды 250 проценттен кем орындамаймын. Мемлекетке ет, жүн, тері, май тапсыру жөніндегі борышымды 17 тамызға дейін түгелдей төлеп, мерзімнен бұрын орындаймын» десе, оның бұл шақыруын 65 жастағы қарт Серікбаев қабыл алып: «Ұлы Отанымызға қауіп төніп отырған кезде, менің қартпын деп үйде отыруым өте лайықсыз. Сондықтан, мен бүгіннен бастап колхоз өндірісіне барып, жан аямай еңбек етіп, бітік шыққан егінді төкпей-шашпай жинап алу жолында күресемін», деп өз ауылдастарын жігерлендіре түскен. Мұндай бастамалардың «Ауыл шаруашылығы егістерінен әскери мол өнім алу үшін күресейік!» және «Октябрь революциясының ХХV жылдығы құрметіне социалистік жарыстың туын жоғары көтерейік!» ұрандарымен жаңа іс-шараларға ұласқаны белгілі. Осылайша Жамбыл ауданының Ильич атындағы ауыл шаруашылығы артелі колхозшыларының жалпы жиналысының хаттамасында: «Көктемгі егістің ойдағыдай өткізілуі майдандағы үлкен жеңіспен тең екендігін ескеріп, біз Жамбыл облысының Жамбыл ауданының Ильич атындағы ауыл шаруашылығы артелінің колхозшылары ерте егілетін егіспен қатар, қызылша егісін де 6 жұмыс күні ішінде аяқтап, жоңышқа, картоп, көкөніс және басқа егістерін де егіп болдық. 10 гектар жерге біз КСРО-ның Отан қорғау қорына егіс ектік және фашист басқыншыларынан азат етілген аудандарға көмек көрсетуге арнап 13 гектар жерге егін салдық. Майданға көмектесе отырып, біз Отан қорғау қорына 50 центнер бидай, 176 центнер шөп, 25 центнер картоп тапсырдық. Майдандағы армияға Жамбыл облысы еңбекшілерінің уәкілі біздің колхоздың председателі Нұрбаев жолдас арқылы 1 725 килограмм қант, 40 килограмм сары май, 10 центнер ұн және 452 килограмм ет және 1 май сыйлығын жібердік. Колхозбен колхозшылар 1942 жылы мемлекетке 41 565 сом қарыз беріп, соғыс заемына жазылған барлық сомасын толық өтеді», – деп жазылған.
Колхозшылардың көктем кезінде мол өнім алуға тыңғылықты даярланғаны да көрініп тұр. Олар қызылша егісі даласына 800 тонна көң, 770 тонна дуал топырағын, 40 тонна күл, 26 тонна тауықтың қиын, 32 тонна минералдық тыңайтқыштар төккен. Арықтар күні бұрын жөнделіп, тәртіпке келтірілген. Құжатта 130 гектар жерге егілген қызылшаның тегіс көктеп шыққандығы айтылады. Бұл игілікті іске адамдардың бәрі яғни, 70 жастағы қарттар мен мектептің жас балалары да түгел қатысқаны белгілі. Ары қарай: «Еңбек майданының алғашқы күндерінде тыл гвардеецтері үлкен табыстарға жетті. Өткен жылы әрбір гектардан 705 центнерден қант қызылшасын алған атақты стахановшы Әкімова жолдастың звеносы өткен жылдағы көрсеткіштерінен күннен күнге асып түсіп келеді. Бұл – колхозымыздағы жаңа арттырылған нормаларға негізі болып отыр», – делінген. Колхозшылар: «Біз өзіміздің егіс даламызда және өзіміздің фермаларымызда едәуір табыстарға жеттік. Бірақ, жауды талқандау үшін еліміз барлық күшін жұмсап отырған қазіргі кезде бұл табыстар бізді қанағаттандыра алмайды. Біз гвардеецтерше жұмыс істейтін боламыз, барлық учаскелерде, барлық бригадалар мен барлық звеноларда тыл гвардеецтеріне лайықты майдандық мол өнім алатындай болып еңбек еткіміз келеді. Біздің қолымызда тамаша құрал бар, ол социалистік жарыс. Ол жауынгерлік рухты көтереді, егісті үлгілі түрде баптауға, мал шаруашылығы жөнінде жаңа рекордтар жасауға жұмылдырады. Біздің колхозымыздың Әкімова, Жұманова, Абылханова, Нарботаева, Есембаева, Ерназарова, Шолпанбаева және Үсіпалиева жолдастар бастаған 8 звеносы бар, әрбір гектардан кемінде мың центнер қант қызылшасын алу үшін жарысқа түсті. Алдыңғы қатарлылардың үлгісін қолдана отырып, біздің бәріміз де бір адамдай болып майдандық ағыл-тегіл мол өнім үшін социалистік жарысқа шығамыз» дей келе, мынадай берік уәде берген: «Әрбір гектардан өнімді өткен жылдағыдан 100 центнер арттырып, кемінде 500 центнер қант қызылшасын аламыз. Сөйтіп, елімізге және майданға жоспардан тыс 3 500 центнерден аса қант береміз. Қызылша алқабын баптап, күту жөніндегі агротехникалық талаптардың бәрін мүлтіксіз орындап отырамыз, жекелеуді 10 күн ішінде аяқтаймыз, егісті күтіп баптаудың бүкіл бойында ең кемінде 3 рет қоректендіріп, 8 рет суарып, 6 рет топырағын терең жұмсартамыз. Қызылша жинау басталғанға дейін әрбір гектарда кемінде 110 мың түп болатын етеміз. Қызылшаны Октябрь революциясының 25 жылдығына дейін ысырапсыз жинап алып, қант зауытына жаңа өнімді мерзімінен 15 күн бұрын жеткізіп береміз. Дәнді егіннің әрбір гектарынан жоспарда көрсетілген мөлшерден 3 центнер артық өнім аламыз. Майдандық егін өнімі үшін күресті мал шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жоспарынан асыра орындау үшін күреспен ұштастыра отырып, туатын әрбір 100 малдан 120 қозы, 135 лақ өсіреміз, әрбір қойдан 2,8 килограмнан жүн қырқамыз. Жемдеудегі әрбір сиырдан кемінде 1 300 литр сүт сауамыз, пішен жинауды 20 жұмыс күнінде аяқтап, 150 тонна қызылша жапырағын сүрлейміз. Октябрь революциясының 25 жылдығына мемлекет алдындағы өзіміздің міндетті түрде тапсыратын борышымыздың барлық түрін де орындап шығамыз. Колхозшылар мен колхозшы әйелдерге мол өнім үшін күрес Ұлы Отан соғысы күндерінде колхоздың барлық күштерін жұмсауды талап ететін мемлекеттік үлкен іс. Әрбір колхоздың абыроймен орындайтын борышы – Отанның үлкен сенімін ақтау. 1942 жылды неміс-фашист әскерлерін біржолата талқандап шығатын және кеңес жерін гитлершіл сұрқиялардан азат ететін жыл ету үшін керекті нәрсенің бәрін де істеу болып табылады. Қабылданған резолюция: «Жолдастар! Октябрь революциясының 25 жылдығы құрметіне социалистік жарысқа шығыңдар! Майданның талаптарынан, еліміздің талаптарынан туатын жаңа, көлемі ұлғайтылған міндеттемелер алыңыздар. Даңқты жылдықты гвардеецтік істермен қарсы алатын болыңыздар. Социалистік революцияның ұлы жеңістерін ерлікпен қорғап жатқан батыр жауынгерлер жасасын!», – деген ұрандарымен бекітілген.
Әрине, қабылданған жоспарлардың толық орындалғанына күмән болмаса керек. Осылайша, өздері ашқұрсақ жүріп жеңісті жақындатуға жанын салған тыл майдангерлерінің ерен еңбектері ары қарай жалғаса берген еді. «Жауынгерлерге жылы киімді мол беріп, майданға көмектес!» ұранына үн қосқан жамбылдықтар өздері жыртық шапанмен жүрсе де, Қызыл армияны қысқы жылы киіммен қамтамасыз ету істерін күн санап өрістету үстінде болды. Осы мақсатта 50 жастағы малшы Жексембаев қарт бір үлкен тон берсе, Салайдак Василий жолдас бір жұп пима, бір жұп қолғап, бір фуфайка берген. Мұндай мысалдар, әрине, көп болды.
Халықты соғыс жағдайына мобилизациялаудың тағы бір түрі – мемлекеттік соғыс заемына жаздыру арқылы жүрді. «Фашизмді тез жеңу үшін халқымыз өз Отанынан ешнәрсе аямақ емес. Малымыз, керек болса жанымыз Отан үшін! Міне, бұл халық ұраны. Бүгіннен бастап еліміздің барлық жерінде 1942 жылғы мемлекеттік соғыс заемін тарату ісі қызу жүрді. Ауданымыздың еңбекшілері және мені депутаттыққа сайлаған жолдастар, біріміз қалмай заемға жазылайық. Отанымыздың басына қауіп төніп тұрған кезде заемға көп сомаға тез жазылу әрбір азаматтың Отан алдындағы патриоттық борышы. Біздер Ұлы Отан соғысы басталғалы өзіміздің бақытты тұрмысымыздың келешегі – майдан керегін қамтамасыз етіп отырамыз. Бүгінгі заем таратуда да Отанымызға, үкіметімізге, большевиктер партиясына шексіз берілгендігімізді тағы да іс жүзінде көрсетуіміз керек. Біздер заем жазу арқылы елімізге қарызға берген ақшамыз тек жауды жеңу үшін жұмсалатынын бір минут естен шығармайық. Отанымызға берген әрбір тиын жауды жеңудің кепілі», – деп облыс халқына үндеу жолдаған Жамбыл облыстық кеңесінің депутаты Майтай Тынбаеваны қолдаушылардың көп болғандығы мұрағат деректерінен белгілі. Нәтижесінде, облыс еңбеккерлері 73 562 мың сомның мемлекеттік соғыс заемын сатып алған еді.
Өнегелі істің өнбегі жастардан десек, осындай елдіктің де, ерліктің де сыналар тұсында олар да биіктен көріне білді. Облысымыздың көптеген жастары еңбектің тамаша үлгілерін көрсетті. Мәселен, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының «Дихан» колхозы дәнді егіс жоспарын ауданда бірінші болып орындаса, мұндағы комсомол мүшесі Есеналиев ХТЗ тракторымен күніне 9 гектардан жер жыртып, күндік тапсырмасын 1,5 еседен асыра орындап отырған. Жас соқашылар Ілебаев пен Иманбаевтар да күніне 2 адамның жұмысын атқарған.
Соғыс кезіндегі тылдағы мына бір жайтқа да мән бере отырып, «Шақпақ балаларды еңбекпен тәрбиелеу колониясы» тұрғысында айтар болсақ, онда мекеменің кеңестік кезеңдегі басқа да еңбекпен түзеу орындары сияқты қатаң тәртіптілікті ұстанғаны белгілі. Құқық қорғау органдары бұл жерде екі жақты тірлік атқарып отырған сыңайлы. Себебі, бірінші соғыс кезінде бей-берекет кетушілерді ауыздықтап (мүмкін кейде ондай еместерін де), тәртіпті нығайтса, екінші бас еркінен айырылған басбұзарлардың (мүмкін ондай еместердің де) еңбегін соғыс жағдайында барынша қанау. Дегенмен, тиісті жоспарлы іс-шаралардың жүргізілуі нәтижесінде түзету мекемесіндегі қосалқы шаруашылыққа қатысты жасалынған өндірістік-қаржылық жоспар бойынша өз қолдары өздеріне жетпей отырған көгенкөздердің ауызын аққа, қолын көкөніске жеткізу көзделіпті.
Енді тыл майданындағы ерлік тұрғысында Социалистік Еңбек Ері М.Смағұлов ағамыздың өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы мына бір естеліктеріне мән бергеніміз жөн сияқты. Онда: «Мен 1941 жылдың февраль айында Талас аудандық партия комитетіне насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып қызметке ауыстым. Барлық күш малды қыстан аман шығаруға жұмылдырылып жатты. Сол жылы ауданда мақта егісінің көлемі 3 600 гектарға жеткізілген болатын. Бірақ, оны күтіп-баптаған кезде қолдың қысқалығы айқын байқалды. Адам күші тым аз болатын. Дегенмен, әйелдер майдангерлердің орнын басып, бұрын болып көрмеген қайрат танытты. Олар мүмкін болғанның бәрін істеді. Соның нәтижесінде мақтаның әр гектарынан 8,5 центнерден өнім жиналды. Бұрын 6-7 центнерден аспайтын. Аудандық партия комитеті «Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін!», – деген ұранмен еңбекшілерді ерлік еңбекке құлшындыра білді. Бұрын саптан шығып, пенсияға кеткен 185 адам қайта оралып, әртүрлі жұмыстар атқара бастады. Аудан орталығындағы өндіріс комбинаты соғыстың аз-ақ алдында құрылып, іске кіріскен еді. Онда 10 адам жұмыс істейтін. Соғыс басталысымен олардың саны 120-ға жетті. Комбинатты сол кездің өзінде 60 жасқа жақындап егде тартқанмен, еті тірі Қанипа апай басқарды. Ол жалғыз ұлын қанды шайқасқа аттандырғанмен, қайыспай еңбектенді. Оның қарамағындағы тігіншілер август айына дейін 585 тон, 1 200 қолғап тігіп, декабрьге дейін 520 пар пима басты. Барлық өнім майдан шебіне жөнелтіліп отырылды. Мұндай мысалдар сол жылдары Талас өңірінде аз болмады. Сол жылы ауданда әр жүз саулықтан 108 қозы, әр жүз биеден 83 құлын, әр жүз сиырдан 78 бұзау алынды. Қой сүтінен қаншама ірімшік жасалып, Отан қорғаушы ерлерге жөнелтілді. Шын мәнінде, мұндай жаппай ерлік бұл алқапта бұрын-соңды болған емес. Мұндай Отанға шын берілгендіктің үлгісін кейін Свердлов ауданындағы Ново-Ивановка МТС-інің жанындағы саяси бөлімнің бастығы болған кезде де талай peт көзіммен көрдім. Осы станцияның қарамағындағы колхоздарда 1943 жылы 1 300 гектар қызылшаның әр гектарынан 320 центнерден өнім жиналғаны әлі есімде. 1945 жылға дейін Меркі, Луговой аудандарында аудандық партия комитеттерінде секретарь болған тұста да атқарылған шаруа аз емес. Неше қилы резервтерді тауып іске қосуды ұйымдастырдық. Жеңіс жылы мен Талас аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып сайландым. Бұл кезде шаруа біраз шайқалып қалған еді. Дегенмен, ауданда әлі де 170 мың қой, 13 мың жылқы бар болатын. Шаруашылықты қалпына келтіру жылдарының қиындығы соғыс кезіндегіден бір де кем емес еді. Майданға кеткен ерлердің біразы қайтып оралмады. Әр үйге қайғы-қасірет батпандап кірді. Зілдей қайғыны мойнымен көтеріп жүріп, еңкейген кәрі, жетім-жесір істі бел шеше атқарды. 1948 жылы аудан экономикасы соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түсті. Осыған байланысты аудан бойынша 31 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді», – делінген. Осылайша, тылдағы ұлы ерліктің бір парасын айшықтап берген ардагер ағамыз: «Біз оқ дауылына омырауын төсеп, Отанымыздың тәуелсіздігін сақтап қалған арыстан жүректі ерлермен қатар, советтік тылда ер-азаматтың орнын жоқтатпай, қаһармандықпен еңбек еткен адамдарды да қадір тұтып, еске алуға міндеттіміз», – деп өз ойын қорытады.
Осылайша, ерен еңбектерімен көзге түскен тыл майдангерлерін Отаны да құрметтеді. Сондықтан, соғыс уақытының жағдайларында астық дайындау жұмысы жауды жеңіп шығу үшін ерекше орын алатындығын және оның маңызы майдандық жұмыспен бірдей екендігін ескере отырып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының бұйрығына сәйкес, 1944 жылғы астық дайындаудың мемлекеттік жоспарын ойдағыдай орындағаны үшін Жамбыл облысы бойынша «Отан соғысының І дәрежелі» орденімен ҚК(б)П Шу аудандық комитетінің бірінші хатшысы Мырзағали Абдрахманов, ҚК(б)П Талас аудандық комитетінің бірінші хатшысы Шортанбай Жайылбеков, «Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен Дайындау халық комиссариатының Талас ауданындағы өкілі Хамит Арыстанов, еңбекшілер депутаттары Жамбыл аудандық кеңесі аткомының төрағасы Осман Жылқыбаев, ҚК(б)П Красногор аудандық комитетінің бірінші хатшысы Әзімбек Исмайылов, Жамбыл облыстық кеңесі аткомының төрағасы Шамухан Қалкенов, Красногор аудандық кеңесі аткомының төрағасы Шаяхмет Халықов және тағы да бір топ тылдағы еңбекті ұйымдастырушылар марапатталды.
Әрине, басқаларының да құралақан қалмағаны белгілі. Демек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі қарсаңында жауды жеңуде тыл майданында ерен еңбектерімен ел құрметіне бөленген ардагерлерімізді қалай ұлықтасақ та жарасымды болмақ.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Автожол мамандығы – болашақтың кәсібі
- 3 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді