
Осындай жауапты істі абыроймен атқарған Әсия Сейдуалиеваның қызы Гүлфайруз Іңкәрбекова да қазіргі уақытта Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын басқарып отыр.
– Анам Әсия Сейдуалықызы кітапханашылықты арнайы оқып, кәсіби тұрғыда атқарды. Ал, мен бұл салаға кездейсоқ келдім. Негізі оқыған мамандығым орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Университеттегі оқуымды тәмамдағаннан соң, Тараз қаласындағы №47 орта мектепте, одан кейін Астанадағы №33 лицейде мұғалім болдым. Алайда, елорданың суық ауа райына үйрене алмай, қайтадан Таразға көшіп келдік. Сөйтіп, облыстық әскери комиссариатта келісімшартпен аудармашы болып жұмыс істеп, белгіленген уақыты келгенде мұндағы жұмыстан босадым. Осылайша, анамның кеңесімен Тараз қалалық кітапханасына жұмысқа орналастым. Бастапқыда кітапхананың жұмысы тек оқырманға сұраған кітабын тауып беріп, тапсырғанын қабылдап алу ғана деп ойлап, «қызықсыз, мәнсіз ғой» деп жүрдім. Сонда анам: «Кітапханашының жұмысы ең қызықты әрі ең қадірлі еңбек. Профессорды да профессор ететін кітапханашы. Осы мамандыққа өзің ден қойып қарасаң, мәнділігін ұғасың», – деді. Содан соң, кітапханадағы әр іске мән бере бастадым. Белгілі себептермен облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына ауысып келдім де мені Алматыдағы балалар кітапханасына іссапарға жіберді. Ол кезде Алматыдағы С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы еді. Барып, таңғалдым. Кітапхана жеке, екі қабатты ғимаратта, тек оқырмандарға кітап беріп, қабылдап алып ғана қоймай, балаларға арналған үйірмелері бар. Онда тек әдеби шығармашылыққа қатысты емес, қолөнер, бейнелеу, домбыра үйрету секілді әртүрлі бағыт қамтылған. Сол үйірмелерге қатысқан балалардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмелерін жасақтаған. Осының бәрі мені қатты қызықтырды. Ол кезде біздің кітапханада әлі компьютер кеңінен қолданыла қоймаған ғой. Алматыдағы балалар кітапханасындағы жұмыстың бәрі компьютермен орындалып, барлық қажетті техникалармен қамтамасыз етілгені мені әбден тамсандырды, шабыттандырды. Осыдан кейін кітапханашылыққа деген қызығушылығым оянды. Анамның айтқан сөздерін іс жүзінде көрдім. Сол жақтан көргендерімді осында өзіміздің кітапханаға алып келіп, мұндағы жұмыстарды жандандыра бастадық. Кітапханашыларға арналған кәсіби, мерзімдік басылымдар, «Кітапхана ісі», «Мектеп және кітапхана» деген журналдар бар. Сондағы бірде-бір мақаласын жібермей оқу әдетіме айналды. Өзіме ұнаған қызықты мақалаларды сыртына жазып қоямын. Осыны байқаған ұжымдағы жасы үлкен апай бір күні: «Картотека деген болады, мұндайларыңды журналдың сыртына жазба», – деді. Соған жазып жүріп, қызықты мақалаларды жинақтайтын «Идеялар банкі» дегенді ойлап таптық. Нәтижесінде, қандай да бір іс-шаралар өткізсек, қажетті мәліметтерді алуға дайын тұратын болды. Ол кезде директорымыз Дамира Құрбанғалиқызы деген өте мейірімді кісі еді. Кеңестік кезеңде барлығы орыс тілінде оқығандықтан, көбі есептерді қазақша жаза бермейтін. Мен орыс тілінің маманы болсам да, өз тілімде жақсы жазатынмын және филологпын ғой, құрғақ сөзбен емес, әдеби көркем сөздермен жазамын. Қабдеш Жұмаділовтың еңбектерін және өзіміздің жергілікті қазақ тілді «Aq jol», «Jambyl-Taraz» газеттерін жиі оқып, тілдік қорымды байытамын. Осы жақтарымды директорымыз Дамира Құрбанғалиқызы байқап, айтып отыратын. Сол жылдары облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған Әлібек Әмзеев барлық есептерді тәптіштеп оқиды екен. Мәдени мекемелердің басшыларының жиналыстарында менің есептерімді үлгі етіп көрсетіп, мақтағанын кітапхана директоры марқайып, айтып келетін, – дейді Гүлфайруз Қапарқызы.
Ол бір ғана іссапарға барып, өз ісіне деген қызығушылығының оянуымен шабыттанып жұмысқа кірісіп, көп ізденуімен еңбекқорлығын байқатады. Осылайша, басшылық сенім артып, Гүлфайруз Қапарқызын бөлім меңгерушісі, одан соң директордың орынбасары етіп тағайындап, кейін кітапхана директоры болады. Бір салада жас маман болып келіп, басшылыққа дейін қызмет атқарып келе жатқандықтан болар, кейіпкеріміз кітапханаға келген әрбір оқырманға бала деп емес, білім іздеген, болашағынан үлкен үміт күттіретін тұлға деп қарайды. Сол себепті, кейінгі уақытта қоғамда қалыптасқан «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірмен келіспейді.
– Кітапханамызға кітап іздеп келетін тұрақты жас оқырмандарымыздың қадамына қарап, мен «Жастар кітап оқымайды» дегенді жаңсақ пікір деп есептеймін. Жиі ұйымдастырылатын түрлі тақырыптардағы іс-шараларымызға да көптеген жеткіншектер қатысады. Сондайда олардың біраз туындыларды білетінін байқаймыз. Керісінше қазіргі жастардың арасында кітап оқу трендке айналып келе жатқан секілді. Ал, өзіміз қолға алған жобалар туралы айтар болсам, алдағы 2 сәуір – Халықаралық балалар әдебиетінің күніне орай «Оқуға құштар жүректер» атты облыстық байқау ұйымдастыру көзделуде. Сондай-ақ, «Кітап оқы, арманға ұмтыл!» тақырыбымен кітап оқуды насихаттап, жас оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханамыздың үздік оқырманын анықтайтын іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, үлкен супермаркеттерде жақсы сауда жасаған сатып алушылар үшін бас жүлдеге автокөлік, пәтер тігеді ғой, сол жүлдені дүкеннің алдына жарқыратып қояды. Сол секілді, біз кітапханамыздағы оқырман залының төріне барлық бала қызығатын велосипедті қойып, соны ұтып алуы үшін оқырмандарды көбірек кітап оқуға құлшындырсақ дейміз. «Кітапхана – мәдениет ордасы» тақырыбы аясында «Anime», «Сиқырлы алақан», «Интеллектум», «Book & Art», «Кітап мұхитындағы аралдар» және «Kids star» атты кітапханалық жобаларымыз бар. Бұл арқылы кітапхананы тек кітап оқитын орын ғана емес, мәдени, шығармашылық, интеллектуалды даму орталығы ретінде қалыптастырсақ деген мақсатымыз бар. Әр жоба өз бағыты бойынша оқырмандарды кітап әлеміне тартып, олардың білімін кеңейтуді көздейді. Биыл аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты библиотакси ұйымдастырып, ақынның шығармаларын кеңінен насихаттау үшін мобильді кітапхана қызметін жүргізу ісі қолға алынады деген сенім мол. Алда келе жатқан Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Кітап – білім кілті, бала – болашақ үміті» тақырыпта кітап кейіпкерлерінің шеруін өткізсек дейміз. Мұнда кітап кейіпкерлері арқылы балаларды оқуға ынталандыруды мақсат еттік, – деген Гүлфайруз Іңкәрбекова кітапханашылық жан- жақты шығармашыл мамандық екенін аңғартты.
Ал, анасы Әсия Сейдуалықызы Шерхан Мұртазаның библиографиялық көрсеткішін ең алғаш жасаған кітапханашы. Әңгіме барысында кейіпкеріміз анасы туралы естелікпен бөлісті.
– Анам кітапханадағы барлық облыстық іс-шараларға мұрындық болып жүретін. Сол кезден бастап мен анам арқылы кітап көрмесін жасақтауды, кітап оқуға оқырман тарту мақсатында түрлі форматтағы мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырылуларымен таныс болдым. Шерхан Мұртазаның еңбектерін және жазушы туралы басқа кісілердің жазғандарын жинақтап, библиографиясын жасаған анамның сол еңбегі 2014 жылы біздің Тараз кітапханалар астанасы болып, республикалық конференция өткізілгенде келген қонақтарға таратылу үшін әдістемелік құрал ретінде ұсынылды. Библиография – зерттеуші үшін дап-дайын мәліметтер жинағы. Мәселен, жазушыны зерттеген адам библиографиясынан ол туралы және шығармашылығынан барлық мәліметті ала алады. Дәл сондай библиографияны Ақселеу Сейдімбекке де жасады. Дайындаған библиографияларын әріптестерімен бөлісіп, тәжірибе алмасатын семинарларда көрсететін еді. Анам әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтынан кітапханашы мамандығын алғаннан кейін осындағы облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасына жұмысқа орналасқан. Осы кітапханада үзіліссіз 42 жыл еңбек етіп, зейнеттік демалысқа шыққан. Бастапқыда кітапханашы болып бастаған еңбек жолында кейін бөлім меңгерушісі, директордың міндетін атқарушы қызметтерін абыроймен атқарды. Өз ісін сүйіспеншілікпен атқарған анам өмір жолымда ғана емес, қызметте де ұстазым болды, – дейді Гүлфайруз Қапарқызы.
Қорыта айтқанда, халықтың асыл қазынасын сақтап, көпшілікке тарату жауапты ғана емес, сауапты іс. Себебі, әрбір оқырман кітапханашының көмегімен іздегенін адаспай тауып, елінің игілігіне еңбек етсе, көптің мүддесіне арналған іс болмай ма? Ендеше, анасының жолын қуған қызының ұлағатты ісі өзгелерге де үлгі болар деген сенімдеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең...
- 6 сәуір, 2025
Орталықта жылына мың адам оңалтудан өтеді
- 6 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді