«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жағдай тұрақты

Жағдай тұрақты
Ашық дереккөз
Облыс аумағында 28 наурыз күні сағат 3-тен 42 минут өткенде болған жер сілкінісіне қатысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарына арнайы барып, штаб құрған. Бұл туралы журналистерге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мәлім етті.

Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік батысқа қарай 323 шақырымда белгіленген. Бұл жер Меркі ауданының аумағына кіреді.

– Орын алған жер сілкінісіне байланысты күштік құрылымының арнайы қызмет құрылымдары жұмысқа кірісті, штаб құрылды. Сағат 7-ден 15 минут өткенде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына шықты. Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарында болған Ербол Шырақпайұлы көшпелі штаб ұйымдастырып, тиісті құрылым басшыларына т апсырмалар берді. Қазіргі уақытт а Меркі ауданында 12 нысан, Т.Рысқұлов ауданында 16 нысанда қабырғалардың жарылуы тіркеліп тұр. Алматы қаласынан арнайы келген ұлттық сейсмикалық орталық мамандарының қатысуымен және тиісті мамандардан құралған комиссиямен талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандардың қабырғаларындағы жарықтар неден және қашан пайда болғаны туралы қорытындылар берілетін болады. Ол нысандарды ары қарай жұмысқа пайдалануға қатысты шешім шығарылады. Талдау жұмыстары жалғасуда. Меркі ауданы бойынша арнайы қызметтерден 55 адамнан құралған топ және Т.Рысқұлов ауданында 65 адамнан құралған топ тиісті жұмыстарды жүргізуде. Жұмыс аяғына дейін біраз нысандарды аралап, аяқтаймыз. Ол нысандардың ішінде жеке үйлер де бар. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданында 11 үйде осындай жарықтар бары анықталды, тұрғындардың өтінішімен оларға да талдау жүргізілуде. Аса үлкен қауіп жоқ, – деді Қанатбек Мәдібек.

Меркі ауданында осыдан 160 жыл бұрын үлкен жер сілкінісі тіркелген екен, 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында да жердің қатты дүмпуі болғаны есте. Оның зардабын қалпына келтіру жұмыстары сәтті атқарылған болатын. Жер сілкінісі мәселесі жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында, облыстық штаб жұмыс істеп тұр. Арнайы телефон желісіде жұмыс істейді, оған 12 хабарлама түскен. Онда тұрғындар негізінен «Жер сілкінісі қайталанбайды ма? Оған қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» деп сұраған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аса үлкен қауіп жоқ. Жол, көпірлер, электр желілері, байланыс желілері және басқа да коммуникациялық қызметтерде ешқандай мәселе жоқ. Барлық пойыздар, қоғамдық көліктер кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар