«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асау аттан зардап шеккендер ауруханаға барғысы келмеді

Асау аттан зардап шеккендер ауруханаға барғысы келмеді
Ашық дереккөз
Халықтың күн санап күтетін ең әдемі мерекесінің бірі – Наурыз тойында Т.Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылында оқыс оқиға орын алғанынан дүйім жұрт құлағдар болды. Ен даланы еркін жортып үйренген мінезді жылқы көпшіліктен үркіп, асаулығын көрсетті. Үстіндегі иесінің басқаруына көнгісі келмеген жануар жан-жағындағы мерекеге жиналған жұртты жайпап өтпек болды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Жағдай реттеліп, қызылшаруалықтар тойды ары қарай жалғастырып, мерекелік көңіл-күйде тарасты.

Елге тұтас тараған жағдайға байланысты мән-жайын анығырақ сұрап, ауыл әкіміне хабарластық.

– Наурыз тойды ауыл тұрғындары жылда өздері ұйымдастырады. Ауызбіршілікпен қажетті қаржыны да өздері жинайды. Әкімдік тарапынан ешқандай талап қойылмайды және қаржы да бөлінбейді. Қызылшаруа ауылында 9 көше бар, бірақ ұзын көшелердің бас жағы, аяқ жағы болып бөлініп, әр көше бір киіз үйден тігеді. Мысалы, өткен жылы жалпы 13 үй тігілсе, биыл 12 ақшаңқай киіз үйлер қанат жайды. Онда әр көше бір-бірден ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Шындығында, Наурыз тойы ауыл халқының ортақ мүддеге ұйыса білетін бірлігін танытады, ынтымаққа шақырады. Биылғы Наурыз тойда сахналық көрініске шыққан жылқының көпшілік ортада үркіп, бас бермегені бәріміз үшін де күтпеген жағдай болды. Дегенмен, көпшілік жиналатын іс-шара болғандықтан, ауылдың дәрігері де, мейірбикесі де сол жерден табылып, дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Аттың тұяғы тигендер мен шошынғандарға орталық ауруханаға бару ұсынылды, бірақ ол кісілер бас тартты. Ауыл адамдарына жылқының асау мінезі таңсық емес. Дегенмен, ішкі істер қызметкерлері осы жағдайға байланысты әлгі аттың иесіне Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 408-бабымен әкімшілік айыппұл салды. Енді бұдан былай мұндай жағдай қайталанбас үшін көпшілік жерге жануар, хайуанат әкелмейміз деген шешімге келдік, – дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара.

Дұрыс, жұртшылық жиналған жерге жануар кіргізуге тыйым салыну керек. Дарақылықтан болар бәлкім, кейбір тойларда мейрамхананың ішіне де қуаныш иесін жылқымен, түйемен кіргізгендерді де көріп жүрміз. Бұл мәдениетпен қоса қауіпсіздікке де қауіп төндіреді. Сондықтан әрдайым абай болған жөн.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар