«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек талаптарын сақтау - басты назарда

Еңбек талаптарын сақтау - басты назарда
Ашық дереккөз
Ата заңымызға сәйкес, әркiмнiң қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайларына, ешбiр кемсiтусiз еңбегi үшiн ақы алуға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуына толық құқығы бар. Елімізде Еңбек Кодексі, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастары саласына мемлекеттің араласу шеңберлерін нақты анықтап, тараптардың тең болуын қамтамасыз етуді ескере отырып, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін айқындайды.

Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізеді.

Айта кететін жайт, Еңбек кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген принциптермен қатар, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдары мен конвенцияларына, халықаралық еңбек стандарттарының талаптарына сай келеді.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек қатынастары субъектілері болып табылады.

Еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.

Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленеді.

Еңбек кодексі, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге заңмен белгіленген ақылы еңбек демалысына кепілдік береді.

Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының негізгі, қосымша түрлері беріледі.

Еңбек кодексінің 88-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік 24 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.

Сондай-ақ, Еңбек кодексінің 139-бабына сәйкес азаматтық қызметшілерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік 30 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының көбірек саны көзделген.

Еңбек кодексінің 93-бабына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады, не тараптардың келісімі негізінде өтініш бойынша белгіленеді.

Еңбек заңнамасында ақылы еңбек демалысын берудің тәртібі белгіленген. Еңбек кодексінің 91-бабының негізінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде: 1) нақты жұмыс істелген уақыт;

2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;

3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;

4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт есепке алынады.

Еңбек заңнамасының салада қадағалануына әлеуметтік әріптестік пен салалық, келісімдердің маңызы зор. Әлеуметтік әріптестік – жұмыскерлер (жұмыскерлердің өкілдері), жұмыс берушілер (жұмыс берушілердің өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған, тең құқықты ынтымақтастыққа негізделген өзара қатынастар жүйесі.

Маңызды мәселе, ол – еңбек даулары. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс беруші (жұмыс берушілер), оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктер.

Жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды.

Жеке еңбек дауларын шешуде келісу комиссиясының рөлі үлкен. Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті.

Келісу комиссиясының жұмысын жүйелі, заң талабына сәйкес ұйымдастыру арқылы көптеген еңбек дауларын, мемлекеттік органдарға шағымданбай, заң аясында оң шешуге болады.

Осыған сәйкес, келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.

Тағы бір жиі көтерілетін мәселе, жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты демалыстары туралы.

Жоғарыда аталған жұмыскерлерге мынадай демалыстар беріледі:

1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс;

2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс;

3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Қорыта келгенде, сіздерді Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің талаптарын қатаң сақтауға, жұмыс беруші мен жұмыскерлерді Еңбек кодексінде көрсетілген құқықтары мен міндеттерін сақтауға шақырамын.

 

Еркін ИБРАИМОВ,

Мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы,

Мемлекеттік еңбек инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар