
Президент тапсырмасына сәйкес жыл басында ұлттық жобаны іске асыру бойынша жобалық кеңсенің жұмысы басталды. Аталған жоба инженерлік желілердің апатты мен тозу деңгейін төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, электр энергиясын өндіру үшін 5 259 мегаваттқа дейін жаңа қуаттарды іске қосу бойынша 15 жобаны іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. 2029 жылға дейін коммуналдық желілерді жаңғыртуға инвестициялық қажеттілік 6,8 триллион теңгені, электр энергиясын өндіруге 6,2 триллион теңгені құрайды. Бұған екінші деңгейлі банктерден, ұлттық қаржылық даму институттарынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тартылады. Табиғи монополия субъектілерін қаржыландыру тетігін құру, жеңілдетілген қаржыландыруға немесе субсидиялауға өтінімдерді қарастыру «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға жүктелген. Ал жобалардың жүзеге асырылу барысы және құрылыс-монтаждау жұмыстарына бақылау жүргізу «ТКШ Қазорталық» АҚ-ның құзіретіне бекітілген.
Ұлттық жобада отандық өнеркәсіптің дамуына ерекше назар аударылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды 100 пайыз жүктеумен қатар, 27 жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс орындарын құру жоспарланған. Бұл бойынша жобалық кеңсенің алғашқы отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық тауар өндірушілер өндіретін тауарлар, жұмыстар және қызметтер тізімін әзірлеу, жосықсыз қатысушылар тізімін енгізе отырып, сатып алудың бірыңғай электрондық нысанын енгізу тапсырылды.
Бекітілген ұлттық жобада облыс бойынша Энергетикалық және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын жаңғырту да қамтылған.
– Жылумен жабдықтау желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында – 61,308 миллиард, электрмен жабдықтау желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында – 19,885 миллиард, сумен жабдықтау желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында – 24,641 миллиард, су бұру желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында – 6,369 миллиард, кәріз-тазарту құрылыстарын салуға – 80,706 миллиард теңге жұмсалмақ. Департаментпен аталған ұлттық жобаға сәйкес облыс бойынша табиғи монополия субъектілерінің қатысуымен тиісті кездесулер өткізілді. Нәтижесінде биылғы жылы ұлттық жобаға қатысуға «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС, «Жамбыл Су» КМК құжаттар пакетін дайындауда, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайхан.
Жалпы облыста жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Өңірде тоғыз жылу-энергетикалық кешен және 593 автономды қазандық бар. Олар бүгінде 1646 көпқабатты тұрғын үй мен 1737 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуде. Жылу маусымына дайындық барысында былтыр Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтті. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таппақ. Нәтижесінде жыл соңына қарай облыста жылу жүйелерінің тозу деңгейін 53 пайызға төмендету көзделген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді