«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жоғарғы спорт мектебінің алар асуы алда

Жоғарғы спорт мектебінің алар асуы алда
Ашық дереккөз
Өткен жылы облыс орталығындағы жоғарғы спорт мектебінің түлектері түрлі деңгейдегі айтулы жарыстарда 75 алтын, 92 күміс және 115 қола медаль иемденген. 2011 жылдың қараша айында сол кездегі облыс әкімінің қаулысымен құрылған мекемеде бүгінгі таңда 189 спортшы шеберлігін шыңдап жатыр. Оларға бас-аяғы 25 жаттықтырушы спорттың 11 түрінен білгенін үйрету үстінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде аталған мектеп басшысының орынбасары Рахман Тастеков баяндады. Оның айтуынша, мұнда сайдың тасындай іріктелген саңлақтардың төрт жылда бір рет түндігі түрілетін жазғы Олимпиада және Азия ойындарына қатысуына әрі олардың тұғыр биігіне көтерілуіне қолайлы жағдай жасалған.

– Бүгінде жоғарғы спорт мектебінің жаттықтырушылары өз шәкірттерін дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо WT, велоспорт пен жеңіл атлетика, ауыр атлетика және қазіргі бессайыстың қыр-сырын үйретіп жүр. Бұл – Олимпиадалық спорт түрлері. Сондай-ақ, білікті бапкерлер мұнда Олимпиадалық емес каратэ WKF, ушу мен кикбоксингтен де өз ізбасарларын тәрбиелеуде. Нәтижесінде, 96 спортшымыз ұлттық құрама сапын толықтырып үлгерді. Өздеріңізге мәлім, былтырғы жылдың басты додасы – Париж төрінде жалауы желбіреген ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындары. Осынау дүбірлі додаға біздің мектептен 4 спортшы қатысып, өз бақтарын сынады. Атап айтқанда, дзюдодан Елдос Сметов пен Данияр Шамшаев, еркін күрестен Әлішер Ерғали және қазіргі бессайыстан Георгий Борода-Дудочкин ел намысын қорғады. Исі қазақтың өр мінезді өрені – ер Елдос байрақты бәсекенің басты жүлдесіне таласу мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Осылайша, жерлесіміз алаң қожайыны Лука Мхеидзені өз көрермендерінің алдында тізе бүктіріп, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан дзюдо тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы алтын медалі, – деді Рахман Зиядаұлы.

Мұнан соң, спикер Елдо стың ізбасарларының да жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Ол өз сөзінде Оңтүстік Кореяның Мунген қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Қонысбай Алтынбек пен алып шаһар Алматыда ұйымдастырылған Азия Кубогында оқ бойы оза шапқан Мухум Расул болашағынан зор үміт күттіретін балуандар екеніне тоқталды. Айта кетейік, дәл осы мектептің оқушылары Данияр Замир (62 кг), Жақсылық Қуаныш (57 кг) пен Нұрланбек Әбдінұр (61 кг) Сирача (Тайланд) қаласында U-15, U-20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында еркін күрестен өткен Азия чемпионатында үздік үштікті түйіндеген еді. Ал, тағы бір балуанымыз Ерғали Әлішер (97 кг) Будапешттегі «Polyák Imre & Varga János Memorial» халықаралық жарысында жеңімпаз атанса, Нұрланбек Әбдінұр (61 кг) Испаниядағы «Jovenes Promesas» додада күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Бұл күнде сайыпқыран саңлақтар биылғы жылы жалауы желбірейтін Әлем, Азия чемпионаттары мен келер жылы Жапония мемлекетінде өтетін Жазғы Азия Ойындарына және үш жылдан соң ұйымдастырылатын Лос-Анджелестегі Жазғы Олимпиада Ойындарының алдындағы квалификациялық жарыстарға дайындықтарын пысықтап жатыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар