«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегің кетпес далаға

Еңбегің кетпес далаға
Ашық дереккөз
Әр адамның өмір жолы, тағдыры әр бөлек болатындығы белгілі. Күн артынан күндер сырғып, жыл артынан жылдар өте келе, бесіктен белі шыққан перзенттің қайсысы болсын, есейе келе үлкен өмір соқпағына түседі. Сол үлкен өмір соқпағына түсіп, жүріп өткен жолында бедерлі белгілер қалдырған аяулы қыздарымыздың бірі – еңбек ардагері, үлкен ұстаздық жолдан өткен, алуан қызметтің тұтқасын мығым ұстаған Гүлнәр Құлыншаққызы туралы бірер толғамды ойлар айтуды жөн көрдік.

Сонау 1976 жылдың тамылжыған мамырында ақ бантикті балауса қыз Гүлнәр сүйікті мектебімен қош айтысып, үлкен өмір жолына түскеннен бері жарты ғасырға жуық мерзім өтіпті.

Гүлнәр Құлыншаққызы текті жердің қызы. Арғы түбі қазақтың ұлы қобыз абызы Дүкенұлы Ықыластың туған бауыры Жанастың шөбересі.

Ол жас кезінен сол ұлы атасы мәңгілік тыныс тапқан Шу өңірінде оқып, орта мектепті сонда аяқтады. Аңызға толы, небір шежірелі сырларды бауырына бүккен Жайлаукөл ауылы жас Гүлнәрдың қанаттануына, зерделі, рухы сергек болып бойжетуіне ерекше ықпал етті.

Ол кезде Ықылас бабадан тараған ұрпақтардың біразының көзі тірі еді, туған немерелерінің барлығы дерлік өмірде бар болатын. Илья Жақанов ағасының жан дүниеңді тербейтін даңқты әні «Жайлаукөл кештерінің» де тек Шу өңірі, Сарысу өңірі емес, бүкіл қазақ даласының аспанында шалықтап, шарықтап тұрған шағы еді.

Гүлнәр бала кезінен жігерлі, өз-өзіне деген сенім күші берік болып өсті. Белгілі бір іс-әрекетке кіріспес бұрын оны жан-жақты ойланып, толғанып барып, оң шешім қабылдауға дағдыланған еді. Осы сындарлы әрекет, әдеті қызмет еткен жылдары сенімді серігі болды.

Осының барлығы отбасылық тәрбиенің ықпалы болғандығына дау жоқ. Әкесі Құлыншақ мал дәрігері, анасы Биға балабақша тәрбиешісі болды. Гүлнәрді алты жасында мектепке береді. Ол ата-аналары туралы өз естелігінде былай дейді: «Менің мектепке ерте баруым қайта пайдалы болды, бала кезімнен артта қалмай алға ұмтылушылық қасиет бойыма сіңген әдетке айналды. Өмірде кей адамдар тек қана жеңісті биіктерден көрінуге ұмтылып тұрады ғой, мен де осы топқа қосыламын. Бұл орайда, әкем мен шешемнің тәрбиесі зор ықпал етті деп айтамын. Олар аса мейірбанды болып қана қоймай, балаларына қатаң талап қоя білетін. Бірақ өмір жолымызды таңдауға еркіндік бергенін ерекше атап өтемін. Мектеп бітіре салып, он алты жасымда тұрмысқа шықтым. Сол кездегі ұғым бойынша, бұл шектен шыққан жайт деп саналатын. Бірақ оған мен еш өкінген жоқпын».

Сол жылы Гүлнәр Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Сүйген жары Жансейіт Алматы қазақ теміржол институтының үшінші курсында оқып жүрген.

Міне, осы студенттік өмір жолдарында сан түрлі қиыншылықтарға қайыспай қарсы тұрып, көптеген кедергілерді жеңе білді. Екеуінің бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі, құрметі, Жансейіттің ата-аналарының мықты қолдаулары олардың оқуларын сәтті аяқтауларына үлкен көмегін тигізді. Алғашқы перзенттері де осы жылдары дүниеге келді. Былайша айтқанда, өмірдің мұндай сынақтарын, оқуын оқып, емтиханын тапсыру, пәтер жалдап тұру, балаларды бағып-қағу секілді тірліктер оларды шыңдай түсті. Кездескен кедергілерді еңсерумен келген жеңістің қай уақытта да қадірі болатыны ақиқат.

Гүлнәр жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір жылдай Жайлаукөл ауылында мұғалім болды. 1982 жылы Жансейіт Талас ауданының Көктал ауылына келіп, теміржолға қызметке орналасады. Гүлнәр да сол ауылдағы мектепте бір жылдай мұғалім болып еңбек етті. Бұдан кейін Талас ауданының орталығы Қаратауға ауысқан кезде аудандық әкімдікке қызметке ауысып, сонда 1998 жылға дейтін маман болып еңбек етеді. Әр ісіне тиянақты, тірлігі бекем Гүлнәр 1998 жылы аудандық АХАТ-тың меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Бұл қызметті ол бес жыл атқарды. Осы жылдары Тараз қаласындағы А. Ясауи атындағы халықаралық университеттің заң факультетін бітіріп, екінші жоғары білім алды.

Г.Құлыншаққызының іскерлігі, қабілеті, талапшылдығы басшылық тарапынан елеусіз қалған жоқ. 2003 жылы ол Талас ауданы әкімінің орынбасарлығы қызметіне кірісті. Әлеуметтік, экономикалық, мәдени саланың сан алуан мәселелерін үйлестіру, ұйымдастыру көп күш-жігерді, білімді қажет етеді. Аудан облыстық рейтингте үнемі кеуделі тұстан көрініп жүрді.

Әрине, басшылық қызмет атқарған соң халық арасында жиі болады. Алуан түрлі, алуан мінезді адамдармен жолығады. Олардың тарапынан қойылған өткір сұрақтарға оралымды жауап бере білу, қойылған мәселелердің оңтайлы шешімін табу іскерлікті, біліктілікті талап етеді. Осы қызметті жеті жылдай абыройлы атқарды. 2010-2014 жылдары Талас аудандық білім бөлімінің басшысы болды. Аудан мектептерінің, балабақшаларының, басқа да серіктес білім ұяларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа тұрпатты оқу бағдарламаларының оң бағытта жүзеге асуына аз күш жұмсаған жоқ.

Гүлнәр Құлыншаққызы 2014-2019 жылдары Тараз химия-технологиялық колледжінің директоры болды. Бұл орайда іскер басшы жоғары деңгейден көрініп, көптеген мақтау, марапаттауларға ие болды. Қоғам талабына сай жеке тұлғаларды қалыптастыруға сіңірген еңбегі, ағарту саласындағы жетістіктері мен жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгілерімен, көптеген грамоталармен марапатталды. Ол Талас ауданының Құрметті азаматы, Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Гүлнәр Тұрсынбекова бақытты отбасының отанасы. Аяулы жұбайы Жансейіт екеуінің бауырынан өрген үш перзенті де ақарлы-шақарлы. Ең өкініштісі, сонау Ақтау қаласында тұратын қызы Қарлығаштың осыдан үш жыл бұрын өмірден озуы отбасына оңай тиген жоқ. Тас түскен жеріне ауыр. Енді жиен немерелерінің, күйеу баласы Нығметтің орта түскен отбасының уақыт өте келе еңсе көтеретініне сенімді.

Екінші қызы Гүлнәз да жолдасы Бақытжанмен тату-тәтті өмір сүріп, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ұрпақтарын тәрбиелеуде. Жақында үлкен ұлдары үйленіп, отау тікті.

Қара шаңырақ иесі Жансерік қалалық сотта судья болып қызмет атқарады. Келіні Ғалия да ибалы, тәрбиелі жан. Жансейіт екеуі немерелерінің ортасында, ата, әже болып, адами қызықшылықтың шапағат, шуағына бөленуде.

Гүлнәр зейнет демалысына шыққан соң да біраз уақыт Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі, сонымен қатар Тараз қалалық қоғамдық кеңес мүшесі болды. Осы күнде де қоғам өміріне белсене араласудан бой тартпай, жастармен өз тәжірибесімен бөлісуге ықыласты.

Күнделікті тіршіліктен бір сәт қол босағанда көркем әдебиетке ден қояды. Мұқағалидың, Мұхтар Шахановтың, Күләштің, Фаризаның жырларымен сусындайды.

Ол өзінің туған жері Сарысу мен саналы ғұмыры, белсенді еңбек еткен Талас ауданында болып жатқан жақсы жаңалықтарға үнемі құлақ түріп, қуанып, тілеуқор болып отырудан бір жаңылған емес. Өйткені сол Талас ауданында тұп-тура 32 жыл, мемлекеттік қызметте 29 жыл тер төккен екен. Сіңірген еңбегінің жемісін көріп, құрметке бөленіп келеді.

 

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы.

Ұқсас жаңалықтар