
– Мадияр, ең алдымен өзің жайлы айтып өтсең. Жалпы, бокс үйірмесінің табалдырығын қанша жасыңда аттадың? Неліктен спорттың осы түрін таңдадың? Алғаш шаршы алаңға көтерілген сәтің есіңде ме?
– Бала күнінде топыраққа аунап төбелесіп, үсті-басы шаң болмаған жігіт жоқ шығар?! Тіпті туыстарымыздың үйіне бара қалсақ та, үлкен ағаларымыз қолқалап кішкентайларды күрестіріп жататын. Жеңіп жатсақ үлкендер жағы әжептәуір марқайып қалатын. Бала күнімде жұдырығым жуан болса керек, әкем қос алақанын тосып, «соқ-соқ» деп отыратын. Халқымызда «Әке балаға сыншы» деген аталы сөз бар. Бойымдағы қайтпас қайсарлығымды, спортқа жақындығымды байқаған әкем 9 жасымда спорт мектебіне өзі алып барды. Сол кезде рингті алғаш рет көрдім, өзім қатарлы балалармен жаттықтым. Әр күні әкем бокстың қандай әдіс-тәсілдерін үйренгенімді сұрап, өзінің білгендерімен бөлісетін. Жаттықтырушылардың табандылығының, әкемнің қадағалауының арқасында шыңдалып өстім.
– Өмірлік мақсатыңды спортпен байланыстырасың ба? Спортта кімді үлгі тұтасың?
– Адам баласы мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек деген ұғым бар ғой. Ал, менің таңдауым – спорт, оның ішінде бокс өнері. Спортқа келіп, боксты таңдаған күннен бастап-ақ алдыма мақсат қойдым. Шүкір, бокстың арқасында ата-бабамның аяғы тимеген елдерді көрдім. Әлемдік шаршы алаңдарда мықты деген қарсыластармен жұдырықтастым. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға аянбай күш жұмсауға бекіндім. Қандай да бір байрақты бәсекеге шыққанда көк туымның көкке көтерілгенін көруге асығамын. Бала күнімде теледидардан Олимпиаданы көріп, ел спортшысы жеңіске жетіп жатса, «алақайлап» қуанатын едік. Әнұран құлаққа естіліп, көк туымыз көкте желбіресе ерекше толқимын. Мен спорт саласында Сидней олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен талантты боксшы Бекзат Саттархановты үлгі тұтамын. Небәрі 20 жасында қыршын кеткен ағамыз жеңіс тұғырына көтерілген 2000 жылы мен тіпті дүние есігін ашпаған да едім. Жастайынан спортқа әуес болып, 20 жасында-ақ І дәрежелі «Барыс» орденін алған тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалды. Бекзат ағамыздың жеңісті жолы бізге бұйырып, қазақтың арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұлдары көбейе берсін!
– Жаттықтырушыларың жөнінде не айтасың? Бір күннің қанша бөлігін спортқа арнайсың?
– Кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы тұр. Өкінішке қарай, көп жағдайда майталман мамандар көзден тасада қалады. Шын мәнінде, жеке жаттықтырушы әрбір спортшыға спорттың әліпбиін үйретсе, бас бапкер атлеттің кәсіби спорттағы жолын бағдарлап, нағыз спортшы ретінде қалыптасуына түрткі болады. Түптеп келгенде, спортшыны жеңіске жетелейтін жаттықтырушы. Менің алғашқы бапкерім Ақан Үсенбаев есімді ағамыз болатын. Ақан ағаны Шу өңірі жақсы біледі. Ол кісі талай таланты боксшыларға білгенін үйретіп, шәкірттерін қыран құстай баптады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Ақан ағаның шәкірті болғаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Білікті бапкерімнің арқасында бокстың түрлі әдіс-тәсілдерін үйрендім. Асыл азамат тек қана боксқа баулып қоймай, өмірге де қажетті тәлім- тәрбиесін аяған емес. Ер жігітке тән қасиеттердің бойымыздан табылуына да септігін тигізді. Ал, қазіргі таңда Ақан Үсенбаев ағамыздың шәкірті Бағдат Толыбаевтың қанатының астындамын. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген Бағдат ағам да алғашқы бапкерімнің жолын жалғастырып, бізді баптап-баулуда.
– Спорттағы алғашқы ұстазың шәкірттерінің бойынан ер жігітке тән қасиеттердің табылуына айрықша ықпал еткенін айтып қалдың. Сеніңше, жігіттің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Бүгінгі замандастарыңа көңілің тола ма?
– Дана халқымыздың «жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін» дегені, ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейтіндігін меңзегені ғой. Шын мәнінде, біздің елде небір сынақ пен қиындыққа қасқая қарсы тұрып, жасқанбай, ердің еріне тән батырлық көрсете білген жігіттер көп. «Ер жігітке жарасар, қолына алған найзасы, би жігітке жарасар, еліне тиген пайдасы», – деп Бұқар жырау айтқандай, бүгінде жанымызға найзаны серік етпесек те былғары қолғап киіп еліміздің намысын ту қылып ұстап жүрміз. Өз басым кез келген жігіттің бойынан еңбекқорлық, жауапкершілік пен шыдамдылық сынды қасиеттер табылуы тиіс деп білемін. Еңбек қана ер адамның еңсесін тіктеп, асығын алшысынан түсіреді. Ал, шыдамдылық қай сәтте де қиындықты көтергенде қайыспай, қарсы келген кедергіге төтеп беруге септеседі. Сөз жоқ, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Оның үдесінен жігіттің төресі ғана шыға алады. Бүгінгі менің замандастарымның ішінде де «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер бар. Бастысы, үлкендер жағы сол жастарға дұрыс жол сілтеп, жөн көрсетсе дейміз. Дәл қазір бізге үлгі боларлық жандар жетерлік. Ендеше, уақыт өте кейінгілерге біз де үлгі бола білуіміз керек.
– Әңгімеңе рақмет.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Бұйырғаны - күміс медаль...
- 25 наурыз, 2025
Сәттілік оған әрдайым серік бола қойған жоқ
- 25 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді