
Туберкулез бактериялары адам ағзасына енген кезде дамитын жұқпалы ауру. Негізінен, бұл ауру өкпені зақымдайды. Сирек жағдайларда ми мен оның қабықтарының, сүйектердің, буындардың, бүйректің, жыныс мүшелерінің, көздің, ішектің және басқа органдардың туберкулезі болуы мүмкін. Инфекция негізінен ауа тамшыларымен, науқастан сау адамға тыныс алу жүйелері арқылы жұғады. Сондықтан, науқаспен тікелей байланыста болу міндетті емес, сіздің ауруды кез келген жерде жұқтыруыңыз мүмкін.
Туберкулез бактерияларынан өкпе қабынады, содан кейін тіндер бұзылады, ыдырау аймақтары, миллиондаған бактериялардан тұратын қуыстар пайда болады. Жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде бактериялар қоршаған ортаға таралады. Туберкулез бактериялары ауада бірнеше сағат бойы болуы мүмкін. Сондықтан, туберкулез бактерияларын жұқтырудан ешкім қорғана алмайды, өйткені барлығымыз бір ауамен демаламыз. Егер туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс ұзақ және жиі болса жұқтыру қаупі артады. Егер адамның қорғаныс қабілеті жақсы болса, науқастармен байланыс ұзаққа созылмаса, адамның өкпесіне енген туберкулез бактериялары дене жасушаларымен жойылады, ауру пайда болмайды.
Туберкулезбен барлық жастағылар ауырады, бірақ, әсіресе денсаулығы нашар балалар мен ересектер үшін қауіпті. Туберкулезбен көбіне 18 жас пен 45 жас аралығындағы, еңбекке қабілетті, бала туу жасындағы адамдар көп ауырады.
Ауруды уақтылы анықтау, диагноз қою және дұрыс емдеу арқылы туберкулездің дамуын аурудың басталып келе жатқан кезінде тоқтатуға болады. Науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, арнайы емін бастамаған жағдайда, белсенді туберкулезден болатын өлім-жітім бір-екі жыл ішінде 50 пайызға дейін жетеді немесе емделмеген жағдайда туберкулездің созылмалы түріне ауысады. Бактерияларды бөліп шығарып, айналасындағыларға жұқтырып, созылмалы науқас көптеген жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.
Барлық адам туберкулездің негізгі белгілерін білуі керек. Аурудың бастапқы кезінде жалпы әлсіздік, шаршау, тәбеттің жоғалуы мүмкін. Ауру күшейген кезде ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі, жөтел, кеуде қуысының ауыруы, тершеңдік, салмақ жоғалту, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі пайда болады. Жөтел – туберкулездің ең негізгі белгісі. Егер жөтел екі аптадан астам уақытқа созылса, міндетті түрде тексерілу керек. Туберкулезге тексерілу – тегін.
Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында бірінші, туберкулездің зертханалық диагностикасы қолданылады. Яғни, молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу және аурудың клиникалық белгілері бар адамдар арасында қақырық жағындысының микроскопиясын жүргізу. Диагностиканың молекулярлық-генетикалық әдісі және қақырықты микроскопиялық зерттеу екі аптадан аса жалғасатын жөтел және туберкулездің бір немесе бірнеше басқа симптомдары болған кезде жүргізіледі. Себебі, жөтел туберкулездің өкпе түрімен ауыратын науқастағы басты белгі. Қақырықтың 2 үлгісін жинау керек, олардың бірі – таңертең жиналады. Бірінші үлгіден молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу жүргізіледі, оң нәтиже анықталған жағдайда екінші үлгіден жағынды микроскопиясы жасалады. Екінші, туберкулезбен ауырудың жоғары қаупі бар халық топтарын флюорографиямен тексеру, үшінші қауіп тобындағы балаларды туберкулинодиагностикасымен тексеру, яғни бұл – туберкулинді манту сынамасы, туберкулезді рекомбинантты аллергені бар сынама.
Егер адамға туберкулез диагнозы қойылса, бұл аурудың бақылаулы еммен толық емделетінін есте ұстаған жөн. Туберкулезді емдеудің бүкіл кезеңінің бақылауда болуы – маңызды. Яғни, медицина қызметкерлері науқастардың дәрі-дәрмектерді қабылдауын үнемі бақылап отыруы керек. Бақыланбаған, дұрыс емделмеген кезде туберкулез созылмалы, емделмейтін ауруға айналады.
Туберкулезді емдеу кезінде әртүрлі дәстүрлі емдерді қолдануға болады. Мысалы, қымыз, шұбат, бал, прополис, жаңғақтар, дәрілік шөптерді қолдану. Бірақ, жоғарыда айтылғандардың туберкулез бактерияларын өлтірмейтінін есте ұстаған жөн, яғни бұл негізгі емдеу түрі емес. Егер жақын адам туберкулезбен ауырса, үй-жайда дезинфекция жүргізу қажет, байланыста болған адамдар флюорографиялық тексеруден, балалар манту сынамасымен тексерілу қажет. Туберкулездің алдын алуда дұрыс тамақтану, жұмыс және демалыс режимін сақтау, арақ ішпеу, темекі шекпеу – өте маңызды.
Туберкулезбен ауырған адам айналасындағыларға жұқтыру ықтималдығын азайту үшін белгілі бір ережелерді сақтауы керек. Яғни, ауызын орамалмен немесе қолмен жабу, жөтелген кезде теріс бұрылу, бөлмені жиі желдету, бөлек ыдыс-аяқ, сүлгі қолданып және оны басқалардың қолдануына жол бермеу қажет. Дезинфекциялауға хлоры бар ерітінділерді қолдануға болады. Залалсыздандырудың ең жақсы және қарапайым әдісі – көрпе, жүн және мақта-мата заттарды күн сәулесіне іліп қою, өйткені тіке түскен күн сәулесі туберкулез бактерияларын 5 минут ішінде жояды, бациллалар қараңғыда және ылғалды жерде ұзақ уақыт өмір сүреді.
Санитарлық және арнайы профилактикалық шараларды сақтап және орындай отырып, әркім өзін және өзінің отбасын адамзаттың басты жұқпалы жауы – туберкулез ауруынан қорғай алады.
Латифа МАМЫТОВА,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Отбасылық дәрігерге жүгінесіз бе?
- 3 сәуір, 2025
Қызылшасы бар үйге қыдырып баруға болмайды
- 3 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді