«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астан уланбау – ас үйдітаза ұстаудан басталады

Астан уланбау – ас үйдітаза ұстаудан басталады
Ашық дереккөз
Жақында ғана Меркі ауданындағы бір балабақшаның бірнеше қызметкерлері мен бүлдіршіндері тамақтан уланып, ауруханаға түскені белгілі. Оның үстіне көктем айлары мерекеге толы. . Мейрам күндері халықтық тойлаулар, түрлі мерекелік іс-шаралар және отбасылық отырыстар ұйымдастырылады. Осыған орай жұртшылыққа көпшілік дастарқаннан дәм татқанда, тамақтан уланудың алдын алу үшін бірқатар кеңестерді ұсынамыз.

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің негізгі бағыттарының бірі – облыс тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету.

Тамақтан улану, бұл – табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін, ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын, қарым-қатынас арқылы жұқпайтын ауру. Әдетте, бұл ас қорыту бұзылыстарымен бірге жүретін ауру. Әртүрлі микроорганизмдердің, көбінесе бактериялардың ағзаға тағаммен бірге түсуінің түрлі себебі болуы мүмкін. Жедел ішек инфекциясы – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады.

Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары талдау жүргізіп, жедел ішек инфекцияларымен сырқаттану жағдайларының 78 пайыздан астамы жеке гигиенаны сақтамаумен және үйде дайындалған өнімдермен байланысты екенін анықтады. Облыс аумағында 2024 жылы қоғамдық тамақтану, сауда-саттық және балаларға арналған білім беру нысандары мен емдік алдын алу мекемелеріне байланысты жедел ішек инфекцияларының, тағамнан уланулардың топтық өршу жағдайлары тіркелген жоқ.

Өткен жылы ботулизм диагнозымен өтетін тамақтан уланудың 6 жағдайы тіркеліп, 7 адам зардап шекті. Барлық жағдай тұрмыстық үй жағдайында дайындалып, жабылған банкілердегі консервіленген көкөністер мен жеміс-жидектерді қолданумен байланысты болған.

Тамақтан уланулардың жалпы профилактикалық іс-шаралары үш ережеге негізделген. Біріншісі, бактериялармен жұқтырылуының алдын алу, яғни бұған жеке гигиена ережелерін сақтау арқылы қол жеткізіледі. Екіншісі, бактериялардың көбеюінің алдын алу. Бұл – тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтаудың температуралық жағдайларын қамтамасыз етумен жүзеге асады. Үшіншісі, бактерияларды және олардың токсиндерін жою. Ол үшін тағамды термиялық өңдеу қажет.

Өнімдердің сыртқы түрі мен дәмі олардың құрамында патогендік микробтар немесе олардың токсиндері көп болған жағдайда өзгермеуі мүмкін. Бірақ, жоғары температура әсерінен, мысалы, қайнаған, қуырылған кезде, ішек инфекцияларының қоздырғыштары өледі.

Сатып алу кезінде өнімнің шығарылу күні мен сақтау мерзімін, қаптаманың тұтастығын міндетті түрде тексеру керек. Тамақтан уланудың алдын алу үшін тамақ дайындау кезінде гигиена қағидаларын және тағамды дұрыс сақтау әдісін білу – өте маңызды. Тағамның түсіне, иісіне және дәміне назар аударуды ұмытпаған жөн. Өнімнің консистенциясының өзгеруі мен оның бетінде шырыштың пайда болуы оның бүлінгендігінің белгісі болуы мүмкін. Көгерген тағамдарды, бүлінген көкөністер мен жемістерді, ісінген консерві банкасы мен пакеттегі шырындарды немесе ашыған сүт өнімдерін тастаған дұрыс. Пісірілген тағамдарды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтауға болмайды. Белгісіз адамдардан белгіленбеген сауда орындарында тамақ өнімдерін сатып алмау керек. Әсіресе, бұл тез бұзылатын тамақ өнімдеріне қатысты, мысалы сүт, сүзбе, қаймақ, үйде дайындалған кез келген тамақ өнімдері секілді. Тез бұзылатын тағамдар мен дайын салаттарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтамау қажет. Себебі, бұл бактериялар мен токсиндердің жиналуына әкелуі мүмкін.

Тамақтан уланудың алдын алудағы ережелерге тоқтала кетейік. Өнімдердің жарамдылық мерзімін, қаптамалардың бүтіндігін тексеріп, қауіпсіз тағамдарды таңдау маңызды. Шикі түрде тұтынылатын тағамдар, яғни көкөністер, жемістер, шөптерді жақсырақ қайнаған сумен мұқият жууды талап етеді. Тамақты мұқият дайындау керек. Көптеген шикі тағамдар, негізінен құс еті, ет және шикі сүт жиі қоздырғыштармен ластанады. Пісіру (қуыру) процесінде бактериялар жойылады, бірақ тағам өнімдерінің барлық бөліктеріндегі температура 70 градусқа жетуі керегін есте сақтайық. Пісірілген тағам бөлме температурасына дейін салқындаған кезде, онда микробтар көбейе бастайды. Бұл күйде неғұрлым ұзақ болса, тағамнан улану қаупі соғұрлым жоғары болады. Қауіпсіз болу үшін тағамды пісіргеннен кейін бірден жеген дұрыс. Егер тағам уақытынан бұрын дайындалып қойса немесе тамақ ішкеннен кейін қалғанын сақтау керек болса, оны ыстық күйінде (60°C немесе одан жоғары) немесе суық (10°C немесе одан төмен) сақтау керек екенін ескерген жөн. Балаларға арналған тағамды мүлде сақтамаған дұрыс. Тамақтан улануға әкелетін жиі кездесетін қателік – тоңазытқышта көп мөлшерде жылы тағамды сақтау. Шамадан тыс жүктелген тоңазытқыштағы бұл тағам толығымен тез суымайды. Тағамның ортасы тым ұзақ жылы болған кезде (температура 10°С жоғары), микробтар аман қалады және адам денсаулығына қауіпті деңгейге дейін тез көбейеді. Пісірілген тағамды жақсылап қыздыру – сақтау кезінде азық-түлікте өсуі мүмкін микроорганизмдерге қарсы ең жақсы қорғаныс болмақ, ал тоңазытқышта сақтау микробтардың өсуін тежейді, бірақ оларды өлтірмейді. Тамақтанар алдында тағамды жақсылап қыздыру керегін тағы да еске саламыз, оның қалыңдығындағы температура кем дегенде 70 ° C болуы керек. Дұрыс дайындалған тағам шикі тағаммен байланысқанда ластануы мүмкін. Мысалы, шикі және қайнатылған (қуырылған) құс етін пісіру үшін бір кесу тақтасы мен пышақты пайдалана алмайсыз. Бұл тәжірибе өнімдердің қайта ластануының және олардағы микроорганизмдердің көбеюінің ықтимал қаупіне, кейіннен адам улануына әкелуі мүмкін. Ас үйді таза ұстау да маңызды рөлге ие. Тағам оңай ластанатындықтан, тағам дайындау үшін қолданылатын кез келген бет таза болуы керек. Әрбір тағам қалдықтарын, үгінділерді немесе дақтарды микробтардың ықтимал резервуары ретінде қарастырған абзал. Ыдыстарды сүртуге арналған сүлгілерді күн сайын ауыстыру керек. Үстелдерді, едендерді өңдеуге арналған шүберектерді күнделікті жуып, кептіру қажет. Тамақты жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа жануарлардан қорғау міндетті. Жануарлар көбінесе тамақ улануын тудыратын қоздырғыштарды тасымалдайды. Өнімдерді сенімді қорғау үшін оларды тығыз жабылған банкілерде (контейнерлерде) сақтаған жөн болады. Таза суды пайдалану керек. Таза су – ішу үшін де, тамақ дайындау үшін де қажет. Судың сапасына күмән туса, оны тағамға қоспаған дұрыс немесе ішер алдында қайнатып алған жөн.

Егер улану белгілерін, яғни қызба, іштің ауыруы, жүрек айну, құсу, диарея секілділерді сезінген жағдайда, тез арада дәрігерге қаралу керек. Осы қарапайым ережелерді сақтау өзімізді және жақындарымызды тамақтан уланудан, жіті ішек инфекцияларынан қорғауға көмектеседі.

 

Салтанат АЛИБАЕВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар