«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көрікті жерлеріміз көп бірақ келушілер жағы қалай?

Көрікті жерлеріміз көп бірақ келушілер жағы қалай?
Ашық дереккөз
Туризм саласы – мемлекеттің бет-бейнесі. Қала берді өмір салтымыздың, мәдени мұраларымыз бен тарихи ескерткіштеріміздің айнасы. Бүгінде дүниежүзі бойынша туризм саласынан ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан түсетін табыстан кейінгі екінші орында тұр. Ендеше, бұл саланы дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.

Бірақ біздің қоғам әлі де болса туризмнің экономиканың кірісті саласы екенін түсіне алмай келеді. Оның үстіне бұл салаға бейімделген білікті мамандардың тым аздығы, аталған салаға қажетті инфрақұрылымдардың әлсіздігі тағы бар. Облысымыздағы туризм саясатының бүгінгі ахуалы қалай? Туризмді дамытудың негізгі жолдарын және туристік қызметтердің сапасын қалай арттыруға болады? Туристерге өңіріміздегі қандай танымал жерлермен мақтана аламыз? Өткен жылы аймаққа неше турист аяқ басқан? 2025 жылға туризм басқармасының жоспары қандай? Ендеше жауабын іздеп көрелік.

Еліміздің туристік тартымды өңірлерінің қатарында біздің облысымыз айтарлықтай туристік- рекреациялық әлеуетке және туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Тартымды климат, табиғаттың әсемдігі, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, таулы жерлердің бірегей табиғи ландшафттары мен пейзаждары халықаралық туристік қызметтер нарығында туризм аймағы ретінде біздің облыстың оң бейнесін қалыптастырады. Оның үстіне облысымызда дәстүрлі туризм түрлерімен қатар тарихи-мәдени, медициналық, этникалық, танымдық, ойын-сауық, ат спорты, экологиялық және экстремалды туризм түрлері дамуда.

Туризм туралы толық жағдайға қанығуға осы салада жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты туризм саласы мемлекеттік қолдау, дамыту, мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Жайнақұлына жолықтық. Жомарт Хажы туризмді дамыту жайымен Жамбыл облысы Қазақстан бойынша 9-орында екендігін айтып, бірқатар атқарылған шаруаларға тоқталды.

– Өңіріміздің туристік әлеуеті зор. Келген қонақтарға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсете алатын тамаша, көркіне ел қызығатындай жерлер өте көп. Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда құрылған. Оның құрамында облыс орталығы – Тараз қаласы және 10 әкімшілік аудан бар. Аймақ үш жағынан таулармен қоршалған. Оңтүстік-батысында – Қаратау жотасы, оңтүстігінде – Талас және Қырғыз таулары, шығысында – Шу-Іле таулары орналасқан. Облыс аумағында 250-ден астам өзендер мен каналдар бар. Негізгі өзендер – Шу, Талас және Аса. Ірі көлдерге солтүстік-шығыстағы Балқаш көлі, Ақкөл, Тұзкөл және Билікөл жатады. Облыс аумағында 8 табиғи қаумал бар. Бұлар: Берікқара, Қарақоңыз, Андасай, Меркі, Үмбет, сондай-ақ «Қордай-Жайсан», «Жуалы-Қарашат» және «Жусандала» қаумалдары.  Жуалы ауданында бай флорасы мен фаунасы бар алғашқы «Ақсу- Жабағылы» және көне экзотикалық мемлекеттік қорығы орналасқан. Аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 13,5 миллион гектарды құрайды. Онда қар барысы, Қаратау арқары, аюлар, кірпілер секілді жануарлардың 40-тан астам түрі мекендейді.  Өңірдің тарихы бай және экономикалық дамудың үлкен перспективалары бар, бірқатар маңызды бәсекелестік артықшылықт арға ие. Олар – қолайлы географиялық жағдай, дамыған көлік және инженерлік инфрақұрылым. Облыс арқылы Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстанның барлық өңірлерімен байланыстыратын 25 теміржол қатынасы өтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің болашағы зор. Жақында жаңғыртылған және халықаралық мәртебеге ие болған «Әулие Ата» әуежайы кең фюзеляжды ұшақтарды қабылдау бойынша барлық мүмкіндіктерге ие.  Облыстың қоғамдық және экономикалық өміріне 26 ұлттық- мәдени орталық белсенді қатысады. Этностарды орыстар, өзбектер, немістер, түріктер, поляктар және басқа ұлттар құрайды. Қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 8 мұражай, 300-ге жуық кітапхана, 200-ден астам клубтар мен мәдениет үйлері жұмыс істейді.  Жамбыл облысының тарихи- мәдени мұрасы 3510 ескерткіштен тұрады, оның ішінде 30 республикалық және 3480 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Ұлы Жібек жолында орналасқан, ЮНЕСКО- ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізілген бе с мәдени ескерткіштің болуы, Баласағұн, Құлан, Өрнек, Костөбе қалашықтары және «Ақыртас» жұмбақ сарай кешені аймақты көптеген туристер үшін өте тартымды етеді. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық бар, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал бар. «Қарахан», «Айша бибі», «Тектұрмас» кесенелері сәулет өнерінің маржандары болып табылады, ал туризм индустриясының көшбасшылары «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Ақыртас» сарай кешені, «Жайсан» қорығы, «Көксай» каньоны және басқа да көптеген туристік нысандар түркі мәдени ескерткіштерінің кешендері болып табылады, – дейді ол.

«Қазақстанның 100 киелі орны» арнайы жобасы бойынша республикалық киелі карта әзірленіпті. Оған облысымыздың «Қарахан», «Айша бибі», «Бабаджа Хатун», «Тектұрмас», «Батыр Байзақ Мәмбетұлы» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» қасиетті орны және «Ақыртас» жұмбақ сарай кешені сынды 8 тарихи мәдени нысан енгізілген. Бүгінгі таңда облыста 225 туристерді орналастыру орны, 395 тамақтану пункті, 7 санаторий, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Туристерге өз қызметтерін 16 туристік компания және 25 көлік субъектілері ұсынады. Негізгі туристік нысандардың саны 40-ты құрайды, олар бойынша 45 туристік маршрут әзірленіпті.

2024 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келген. Бұл бұрынғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 пайызға артық. Оның ішінде 2 471 шетелдік, 148 639 турист елдің басқа аймақтарынан келген. Туристерге 2,2 миллиард теңгеге қызмет көрсетіліпті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 22 миллиард 949 миллион теңгені құраған. Осылайша, 2024 жылға арналған жоспар 14 миллиард 660 миллион теңге сомасында 156,5 пайызға асыра орындалыпты.

– Қазіргі уақытта туризм саласында жалпы сомасы 16,4 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобаларды іске асыру 240 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараздағы «Зербұлақ» аквапаркі сынды үш туристік демалыс аймағы ашылды. Бүгінде халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту, тарихи- мәдени мұраны сақтау және көбейту мақсатында басқарма 2025 жылы туризм саласы бойынша бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлауда. Алдағы күндері отандық және шетелдік туроператорларға арналған ақпараттық тур ұйымдастырылады. Одан бөлек «Туризм маусымдарының ашылуы – 2025», сәуір айында «Қызғалдақ – мұра» фестивальдерін өткіземіз. Халықаралық тау гидтері қауымдастығы федерациясының көмегімен тау гидтерін дайындауды қолға а лдық. Одан әрі «Жас саяхатшы» іс-шарасы, «Taraz mob fest» мобилографтар байқауы, «Taraz tour» мобильдік қосымшасын әзірлеу, «Road show» форматында облыстың туристік әлеуетінің тұсаукесерін өткізу, «KITF-2025» халықаралық көрмесін өткізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз ішкі және шетелдік туристерді тартудың негізгі факторлары ретінде туризм мен қолөнерді дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Жомарт Хажы.

Қалай дегенде де облысымызда жүйелі істер атқарылып, туризм саласы жанданып келеді. Қалада тіпті осы сала бойынша мамандар да даярланады. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 117 студент, Тараз сервис және технология колледжінде 25 студент осы сала бойынша білім алуда. Онда арнайы гидтер дайындалып, туризм саласын ілгерілетуге күш салынбақ.

Облысымызға келген әрбір турист – ол инвестиция. Келген қонақтарға көрікті жерлерімізді, қайталанбас қорықтарымызды, әсем тауларымызды, кесенелерімізді, салт- дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды көрсете білсек, олармен бірге облысымызға инвестицияда тартылары сөзсіз. Мамыр айында төрт күн қатарынан шетелдік аудиторияны қазақстандық туризммен таныстыру мақсатында өтетін «Taraz mob fest» мобилографтар байқауы өтпекші. Бұл байқауға журналистер де, бейнебаян түсіруші әуесқойлар да қатыспақ. Одан бөлек шөлейтті таулы аймақтарға арнайы автокөліктермен турлар өткізілмек. Джип сафари турға 50 турист қамтылмақ. Олар Мойынқұм құмдарында квадрациклмен серуендеп, құмды аймақты зерттемек. Одан соң Меркі шатқалдарын бағындыру да осы турдың аясында өтпек. Көктемнің енуімен бірге наурыз мерекесі қарсаңында «Бәйшешек» экспедициясы ұйымдастырылмақ.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар