
Осындай озбырдан опық жегеннің бірі Нұржамал Досымқызы бастапқыда сене қоймаса да салған ақшасын 3-4 күнде қайтарып алғандарды көріп, алданып қалыпты.
– Көп таныстарымнан кино көріп, ақша табу туралы неше түрлі әңгімелерді естіп жүрдім. Бастапқыда сенбедім, кірмеймін деп, әңгімелеріне құлақ түрмей жүр едім. Жақын араласатын таныстарым сол арқылы т апқан т абысына айт арлықт ай істерін тындырғандарын айтқан соң, соларын дәлелдеп көрсеткен соң сеніп қалдым. Оның да жүйесі артыңнан адам кіргізумен жалғасады. Мынанша сомада ақша саласың деп міндеттемейді, қалтаң көтергенін саласың да соған қарай кино көресің. Сол киноларды көргенің үшін есепшотыңа ақша түседі екен. Өткен айда еңбек демалысына шыққанмын. Несиемнің келесі айдағы төлемін немен төлеймін деп уайымдап жүргенмін. Бір танысым кино көріп тапқан ақшасына қымбат тұратын имплант тістің бірнешеуін салдырып алғанын айтқан соң нартәуекел деп кірдім. Онда да қолымдағы алтын алқамды ломбардқа өткізіп, соның ақшасын салдым. Артымнан өзімнің қызымды да сендіріп, күмәнін жоятындай жауап тауып, көндіріп, кіргіздім. Тура біз сол компанияға кірген кезде ол жүйе тоқтап қалып, табыс таппақ түгілі салған ақшамызға жете алмай қалдық. Тіпті, бір ауылда осы кино көріп, ақша табатын жүйеге қыруар қаржысын тігіп, күйзеліске түскен біреу құсадан көз жұмыпты дегенді де естідік. Өзім де осындайдан зардап шегуші ретінде ел оңай олжа табудан сақтанса екен дегім келеді. Пендешілікке басып, тегін ештеңе жоғын ұмытып кетеміз ғой, – дейді айлакердің арбауына қалай еріп кеткенін өзі де байқамай қалған Нұржамал.
Тіпті, халықты сендіру үшін әлгі «табыскерлер» салтанатты жиындар өткізіп, думандатып, оларын әлеуметтік желіде жариялап, кереметтей табысқа кенеліп жатқандарын айтыпты. Әрқайсысы кино көріп тапқан ақшасына не алғандарын айтып, мақтанған. Әйтеуір аңғал елді алдаудың жолын тапқан.
Қолындағы барын беріп, табысқа кенелеміз деп күтіп отырғанда табыс түгілі тас та жоқтың күйін кешкендер заңға шағымдануға кірісіп, уатсап желісінде топ құрып, қол жинапты. Бірақ, шағымдану үшін де дәлел мен дәйек керек. Сол компанияға кірерде ешқандай келісімшартқа қол қоймаған, қолдарында құжаты жоқ аңғал жұрт өздерінің адал ақысын да даулай алмай жүр.
– Бұл жүйе өте шебер ойластырылған. Арнайы сайты бар, соған ақша беріп, тіркелесің. Небәрі 15-ақ секундтық кино көресің. Мысалы, 570 мың теңге салсаң, 1 күнде 100 кино көресің, әрқайсысы 15 секундтан. Ол адам қызығарлықтай кино емес, 15 минутта жыбыр-жыбыр етіп өте шығады, тіпті не туралы екенін түсініп те үлгермейсің. Әр көргеніңе 250 теңге беріледі деп тұрады. Ол ақшалар доллар болып жиналып, криптовалютамен теңгеге аударылады екен де Дүниежүзілік банкке түсіп, сол жерден өзіңіздің Kaspi Bank-тегі жеке есепшотыңызға аударып ала алады екенсіз. Бізге осылай деп түсіндірді. Барлығын көзге көрсетіп тұрған соң сендік, әйтпесе біз де «Оңай жерде олжа жоқ» деп жүргендердің бірі едік. Егер артыңнан адам тіркесең, ол 570 мың теңге салса, саған 100 мың теңге түседі. Егер осылай тіркеген адамдарыңның саны артқан сайын менеджер және басқа да атауымен дәрежесі өсіп, оның көрген әрбір киносына бұрынғыдай 250 теңге емес, 500 теңгеден түсіп отырады. Әрине, бастапқыда 10 мың, 20 мың теңгемен де кіруге болады. Кейін адамдар қызығып, 50 мың, 100 мың теңгеге дейін беріп, соңында 570 мың, миллион теңгеге дейін жетті. Адамдардың қызығушылығы артып, тіркелушілер де көбейеді. Кейін ең жоғарғы сома 2 жарым миллион теңгеге жеткенде, миллиондап салғандардың қатары артқанда әлгі сайтты өшіріп тастады. Ақшасын салғандар табыс табу түгілі өздері берген теңгелеріне де жете алмай қалды. Біз де салған ақшамыздың жартысын ғана алып үлгердік. Енді оны даулай да алмайсың, құрысын, бастан құлақ садаға деп ұмытуға тырысып жүрміз, дегенмен еңбектеніп тапқан ақшаң болған соң балаларыңның керегіне жұмсамай, айдаладағы айлакерге жем болғаныңды ойласаң, ішің күйеді, – дейді Саламат Садырбайқызы.
Кино көріп, ақша табамын деп барынан айырылып қалғандар ауыл ішінде жетерлік. Әттең, қарапайым жұрт бабалардан қалған «Айдалада батпан құйрық, ол неғылған жатқан құйрық» дегеннің шын астарын ұғына алмай жүр. Сондай аңқаулықтың кесірінен ақшасынан айырылып ғана қоймай, кей жұбайлар ажырасып кетіп, шаңырақ шайқалып, бала- шағасының берекесін қашырғандар да бар. Ең соңында жанды жегідей жеген уайымның уыты өзіне қол жұмсатып, өмірінен де айырады.
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, соңғы үш жылда қаржы пирамидаларының әрекеттерінен облыста 200-ден астам азамат зардап шеккен. Бұл экономикалық тергеу қызметіне өтініш білдірген адамдардың ғана саны. Қолында дәлелі, тиісті құжаты болмай, шағымдануға шамасы жетпей, сан соғып жүргендер қаншама.
– Өткен жылы жәбірленушілердің арыздарымен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментімен 3 қылмыстық іс тіркелді. Ал, биылғы 2 айда 4 қылмыстық іс тіркелді. Алданған азаматтар алаяқтар ұрлап әкеткен жинақтарын тек заңнама жүзінде құқық қорғау органдарына жедел жүгіну арқылы қорғай алатынын айта кету керек. Сеніп, алданған азаматтардан ақша мен басқа мүлікті алғаннан кейін, жоғары пайыздар, үлкен пайда және салынған қаражатты қайтару туралы қылмыскерлердің бос уәделері ешқашан орындалмайтынын түсіну қажет. Алаяқтық дерегі туралы арызбен тез жүгінсеңіз, қаражатыңызды қайтару ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Уақытты өткізіп алған жағдайда, алаяқтарға ұрланған қаражатты жасыруға, шетелге шығаруға немесе қарапайым түрде ысырап етуге мүмкіндік туғызады. 2023-2024 жылдар аралығында тергеп- тексеру барысында, департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде, зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Департамент, келтірілген залал өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда, – дейді Руслан Нұрланұлы.
Күн сайын алаяқтықтың сан түрі шығып жатыр. Бірін танып білмей жатып келесісі жалт-жұлт еткен дүниемен, тегін түсер табыспен қызықтырып, аңқау жұртты арбап үлгереді. Мұндайда тек әркім өзіне сақ болғаннан басқа амал жоқ. Тегін жерден табыс түспейтінін ұғынған жөн.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді