«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Jibek Joly» туристік пойызы Таразға табан тіреді

«Jibek Joly» туристік пойызы Таразға табан тіреді
Ашық дереккөз
Соңғы жылдары елімізде туризм саласын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта арнайы сапарлар мен турлар ұйымдастырылып, еліміздің көрікті жерлерін барынша танытуға жағдай жасалуда. Солардың бірі ретінде «Jibek Joly» туристік пойызының арнайы сапарын айтуға болады. Алматы мен Ташкент арасындағы тарихи қалаларды аралауға арналған үшінші сапар аясында «Jibek Joly» пойызының туристері Тараз қаласына аялдады.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік байланыстарды кеңейту мақсатында қолға алынған бастама жолаушылардың қос елдің бай мәдени мұрасын тамашалап, Наурыз мейрамын Қазақстан мен Өзбекстанда қалай тойланатынын көріп, ұлттық дәстүрлердің ерекше үйлесімін сезінуге бағытталған. Осылайша «Jibek Joly» пойызы «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан» бағытымен қатынап, Тараз қаласына табан тіреді.

Түркістанда туристер киелі орындар мен тарихи сәулет өнерінің жауһарларымен танысқан. Олардың ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Ұлы Жібек жолы дәуірінің ерекше атмосферасын қайта жаңғыртқан «Керуен-сарай» кешені бар. Сол секілді Ташкентте Хазрати Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу Бәкір Каффал Шаши және Төле би кесенелері сынды тарихи орындарды аралап, Самарқанда Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және әйгілі Регистан алаңындағы Шер-Дор, Тіллә-Кари, Ұлықбек медреселерін аралап, қасиетті Тараз жеріне табан тіреп отыр. Осы мақсатта облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы ұйымдастыруымен «Jibek Joly» пойызы туристері үшін экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында туристер екі мың жылдық тарихы бар шаһардың тыныс- тіршілігімен танысты.

– Аталмыш экскурсия Тараз қаласының тарихы мен мәдениетімен таныстыру, туристерге өңірдің көрікті жерлерін көрсету және оларды қалаға тартуды көздейді. Экскурсия барысында қаладағы маңызды тарихи ескерткіштер, мәдени нысандар мен туристік орындар таныстырылады. Барлық туристер мен қонақтарға арналған бұл іс-шара Тараздың ерекше атмосферасымен танысуға, оның тарихымен дәстүрлеріне ұғынуға мүмкіндік береді. Ұлттық тасымалдаушы іске қосқан бағыттар аясында жолаушылар Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи орындарын аралап, Наурыз мерекесінің ерекше көктемгі атмосферасын сезінуге мүмкіндік алып отыр. Аталмыш туристік турдың үшінші сапарына 450-ден астам жолаушы қатысып отыр, – деді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Сапар барысында алдымен «Тектұрмас» тарихи кешеніне ат басын бұрған жолаушылар «Көне Тараз» этно-мәдени кешені мен облыстық тарихи өлкетану мұражайымен танысты. Олардың құрметіне қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық спорттық ойындар мен садақ ату, ләңгі тебу, түйе және жылқы керуені өткізілді. Бұдан соң туристер ортағасырлық жәдігерлер Қарахан кесенесі мен Ерте ислам мешіті, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерін аралап, «Ақжол» кешені бойынша агротуристік экскурсияның куәгері болды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар