«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Малыбаев кикбоксингтің мәселесімен де айналыспақ

Малыбаев кикбоксингтің мәселесімен де айналыспақ
Ашық дереккөз
Отандық бокс мектебі туралы әңгіме өрбісе, спортсүйер қауым Жамбыл жерінің бокс тарихын бірден есіне алары анық. Себебі, бұл аймақтың бокс спортының дамуы мен оның әлемге танылуына қосқан үлесі зор. Өзгесін айтпағанда, бокстан екі Олимпиада чемпионын шығарып, егемен елімізге Вэл Баркер кубогін әкелген әулиеаталық бокс мектебінің жеткен жетістіктері аз емес. Енді Тараз топырағында кикбоксинг спортының көкжиегі кеңейер күн жақын. Даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов осылай деп мәлімдеді.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов бастаған жаттықтырушылар мен спортшылардың қатысуымен өткен басқосуда көпшілікке өңірлік кикбоксинг федерациясының су жаңа президенті таныстырылды. Бұл қызметке облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев тағайындалды. Аймақ басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлы кикбоксинг федерациясының президентіне сәттілік тілеп, бүгінде жұртшылық тарапынан спорттың бұл түріне қызығушылық жоғары екенін атап өтті.

– Жекпе-жекке деген құмарлық халқымыздың қанында бар қасиет. Өзін ғана емес, өзгені де қорғай алатын, шымыр, шыныққан, оқыған- тоқығаны мол өнегелі жас – еліміздің ертеңі. Демек, кикбоксинг – өскелең ұрпақ үшін керек спорт. Қазіргі таңда сайдың тасындай іріктелген жамбылдық жампоздар әлемдік ареналарда ел намысын абыройлы қорғап жүр. Облыс көлемінде кикбоксинг спортының дамуына өз үлесін қосып жүрген жаттықтырушыларымыз да жетерлік. Ең әуелі сол кісілерге өз алғысымды білдіремін. Жыл өткен сайын Әулиеата өңірінде де осынау спорт түрі қанатын кеңге жайып келеді. Осы себепті, кикбоксинг федерациясын құру ісі қолға алынды. Бұл – спорттың осы түрін жан- жақты дамыту мақсатында жасалған маңызды қадам. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының келісімімен, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен және федерация мүшелерінің шешімімен Бақытжан Малыбаев кикбоксинг федерациясының президенті болып тағайындалды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін сөз алған полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысатынын айтып, кикбоксингтің беделін көтеруге бойында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Оның айтуынша, интеллектуалды қасиетке ие әрі физикалық қабілеті жоғары жас кикбоксшылар болашақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші қазақстандық полицейлердің қатарын толықтыруы әбден мүмкін.

Айта кетейік, біздің елде өткен ғасырдың соңында кикбоксинг спорты өз биігіне көтерілген еді. Ол тұста Асқар Можанов, Ержан Шегенов, Қабылбек Садырбаев пен Ардақ Сембаев, Дулат Тәженов және Геннадий Папу сынды шеберлеріміз дүние жүзі бойынша қарсылас шақ келтірмеді. Өкінішке орай, бұл кезеңде осынау спортшылардың жарнамасы жетіспеді ме әлде насихаты аз болды ма, әйтеуір, олар қарапайым халық арасында аса танымал бола қойған жоқ. Уақыт өте кикбоксингтің «кей- уан» (К-1), «фул-контакт», «лоу-кик», «семи- контакт», «лайт-контакт» пен «фристайл» түрлерін жалпақ жұртқа барынша қызықты етіп көрсету жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Атап өтейік, осылардың ішінде «кей-уан» (К-1) бүгінде жанкүйерлердің қошеметіне бөленіп жүрген UFC және ММА сынды жекпе-жек түрлеріне бір табан жақын. Мұндай сайыста жігіттің сұлтаны ғана сынға түсе алады.

Қуанарлығы, келешекте Олимпиялық бағдарламаға енуі ықтимал кикбоксингпен шұғылданушылардың қатары Астана, Шымкент қаласынан бөлек Атырау, Ұлытау облыстарында және біздің өңірде де көп. Нәтижесінде, тартысты бәсекелерде талай рет қарсыластарын зар еңіреткен біздің жігіттер Азияның үздігі екенін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, ел құрамасы былтырғы жылы Әлем чемпионатында тұғыр биігіне көтерілді. Ал, бүгінгі таңда облысымызда бұл спорт түрін 1430-дан астам жерлесіміз жанына серік етсе, олардың ішінде 30-ға жуық жамбылдық өрен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие. Облыс аумағында Қордай ауданы кикбоксинтен көш бастаса, мұндағы бас-аяғы 8 жаттықтырушы 300-ге тарта бозбалаға білгенін үйретіп жүр. Дәл қазір әулиеаталық саңлақтар маусым айында алып шаһар Алматыда түндігі түрілетін Азия кубогіне дайындалу үстінде. Бұл сыннан сүрінбей өткен спортшылар қыркүйекте өтетін ел чемпионатындағы іріктеуде бақ сынап, Абу-Даби қаласында екі жылда бір рет ұйымдастырылатын ересектер арасындағы Әлем чемпионатына жолдама алмақ. Осынау сайыста болашағынан зор үміт күттіретін Мақсат Жүсіпов, Дінмұхамед Баймұратов, Мұса Мирзиеев және Дулат Дүйсенов сынды жерлестеріміз жеңіспен оралады деген сенім мол. Ендеше, кикбоксингтен ересектер арасында аға жаттықтырушы Дінмұхамед Мұсабековтің шәкірттеріне тек сәттілік тілейміз!

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар