
Ақ кимешегі мен оюлы қамзолы күнге шағылысқан әжелер немерелерін қасына ертіп, зерлі шапан киген қариялар қауқылдасып Наурыз тойын мерекелеуге жиылыпты. Орталықтағы алаңқайға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан асылып, ет, бауырсақ, наурыз көже, майсөк, ірімшік, құрт секілді тағы да басқа тәтті тағамдардың түтін аралас иісі танауды қытықтады. Бұл күні қыздардың бұрымындағы шашпау мен сылдыр қаққан шолпысы мен сыңғыр қаққан күлкісі еріксіз назар аударды. Қай киіз үйдің маңынан өтіп бара жатсаң да тостаған толы наурыз көже ұсынылып, кимешекті әжелер, бата беріп жатқан қариялар даналықтың үлгісін көрсетті. Арғымақтың ауыздығымен алысып, аударыспаққа шыққан алпамсалар мен шабан атқа мінген жігітті қамшымен сабаған қылықты қыз, бір балуанды бір балуан алып ұрып, қошқарды иыққа салып көтеріп, ұлттық ойындар ойнатылды. Елімізге және өңірімізге белгілі өнерпаздардың әсем әні, көздің жауын алар биі, күмбірлеткен күйі де сахнаның ажарын ашты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым, ардагерлермен бірге Наурыз алаңын аралап, жамбылдықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жыл басы. Күн мен түн теңелетін, төрт-түлік төлдеп, ақ молаятын, тіршілік жаңарып, өмір жаңғыратын, ниет түзеліп, көңіл кеңейетін мезгіл. Бұл күні кеңпейіл, жомарт халқымыз салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеп, ақ тілектері мен жылы лебіздерін жаудырып, ізгілік пен түсіністіктің жарқын үлгісін көрсетеді. Әз Наурызда бір шаңырақ астында ұйысып, татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстар берекелі бірлігі мен мызғымас ынтымағын айғақтай түседі. Қадірлі жерлестер! Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз жаңа сипатқа ие болды, мерейлі мерекенің мәні мазмұндала түсті. Өскелең ұрпақтың санасына сәуле шашып, нұр құюда терең рухани- мәдени мәнге толы мейрамның маңызы зор! Өңірде «Наурызнама» онкүндігі кең көлемде атап өтілді. Тұжырымдама аясында ынтымақ пен бірлік мұратын көздеген іс- шаралар жарасым тауып, жалғаса түсуде. Наурыз мерекесінде әр шаңыраққа шаттық, бақыт, бақ- береке, молшылық тілеймін! Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құт әкелсін! Еліміздің ырысы еселеніп, ынтымағы нығая берсін! Өріс малға, үй жанға толсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар облыстың барлық аудан, ауыл, елді мекендерінде ұйымдастырылды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді