
Қазақ тіл біліміндегі бірегей тұлға ұстазымның ел басына күн туған сонау 30-жылдары дүниеге келуі және 50-жылдары ілімнің де, білімнің де ордасы болып саналатын Алматыдан алыстап, туған жеріне ат басын тіреуі ғылым жолындағы ізденісіне тосқауыл бола алмауы айтылған пікірдің дәлелі дер едім. Отбасы жағдайымен көшінің басын туған жерге бұрып, әкесінің қолының табы, табанының ізі қалған орындарда қызмет ете жүріп, қазақ тіліндегі жалғаулықтардың шығу тарихы, атқаратын қызметіндегі ерекшеліктерді «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» деп аталатын диссертациялық жұмысында саралап берді. Мұның өзі құрмалас сөйлемдер семантикасының айқындала түсуіне жол ашты. Монография ретінде кейінірек жарық көрген аталған жұмыс бүгінгі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Әке сүрлеуіне түсіп, мектепте аз да болса қызмет етуі ұстазымның өмір жолындағы, ғылым жолындағы соқпағының саралана түсуіне игі ықпалын тигізді. Жасындай жарқылдаған жастың тегеурінін таныған қырағы А.Ысқақовтың шақыруымен Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында еңбек ете жүріп ұстазым тұлға ретінде қалыптасты, ғалым ретінде шыңдалды.
Саналы ғұмырын ұлттық білімді дамытуға жұмсаған Рақыш Сәтұлын қазақ тілі білімі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, ұлтқа қызмет ететін шәкірттерді тәрбиелеу жолындағы ұстаздық деп аталатын 3 ірі арнаның басын тоғыстырған тұлға дер едім. Ұстазымның ұлт кәдесіне жараған еңбектерінің қатарын саусақты бүгіп санап шығу мүмкін емес, олардың әрқайсысы – бір-бір асқар бел. Таратып, жібектей есілдіріп көпке жеткізу – болашақтың еншісінде.
Дейтұрғанмен қазақ тілі білімінің шоқтығын биіктеткен еңбектеріне тоқтала кеткен жөн. Ғылымды зерттейтіндерге арналған, таптырмас қазына санатындағы «Қазақ лингвистикасы мен лингводидактика мәселелері» (2006 жыл), «Құрмалас сөйлемдер қазақ тілінің грамматикалық, функционалдық жүйесінде» (2009 жыл) деп аталатын кітаптарын қазақ тілін оқытуға инновациялық сипат беріп, студенттердің информативтік базасын қалыптастыруға қызмет ететін құнды құралдар ретінде атауға болады.
Ұстазымның жарық көрген еңбектерінің қай-қайсысы да бұрыннан белгілі жайтты баяндауды мақсат етпейді. Қандай проблема көтерсе де, мәселеге бұрын ғылыми қауым назар аудара бермеген жаңа қырынан келіп, жалпы тіл біліміндегі коммуникативтік синтаксистің озық жаңалықтарын қазақ тілінің төл табиғатымен салыстыра, салғастыра зерделей қарау нәтижесінде терең теориялық тұжырымдар ұсынып, оны күнделікті қолданыстағы, көркем әдебиеттегі халықтың ауызекі сөйлеу тілінің мол да құнарлы материалдарымен дәйектейтін талдаулармен шегенді ой қорыту – Р.Әмірдің ғылыми стиліндегі ешкімге ұқсай бермейтін төл қолтаңбасы. Әсіресе, қызы Жанар Әміровамен бірлесе қазақ тілінің синтаксистік деңгейінің екі басты саласына арнап жазған қос оқулығы «Жай сөйлем синтаксисі» (2003 жыл), екіншісі – «Қазіргі қазақ тілі, құрмалас сөйлем жүйесі» (2014 жыл) жұртшылық тарапынан оң бағаланып, ғылыми ортада жоғары бағасын алды.
Өткен ғасырдағы қазақ тілі біліміндегі басты да басым бағыт ретінде құрылымдық лингвистика мойындалып, ғалымдардың дені осы салада қыруар еңбек жасаса, профессор Р. Әмір сол кезде тосындау саналатын коммуникативтік синтаксис саласын түбегейлі зерттеу нысаны етіп, түркі әлемінде де осы бағыттағы алғашқы ғалымдардың бірі ретінде мойындалғандығын атап өту керек.
Ұстазым Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтында еңбек еткен жылдары ұлт мектебін көтеруге, ұлттық білімді дамытуға ерен еңбек сіңірді. Рақыш Сәтұлы пәндерді оқытудың дидактикалық негізін іздеудің анық жолы ретінде ғылыми экспериментті жүргізуді ұлттық педагогика ғылымына алғашқы боп енгізді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептің тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» секілді ұлттық білім саласындағы жаңарулардың тұғыры қаланған уақытта мемлекеттік деңгейдегі базалық-нормативтік құжаттарды дайындауға атсалысты. Сөйтіп, ол тәуелсіз елдің Ұлттық мектебінің моделін, егеменді ел мектебіндегі Тарих – Білім – Мәдениет үштағанына негізделген білім мазмұнының жаңа макромоделін айқындауға еңбек сіңірді.
«Қазақ тілін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру концепциясында» қазақ тілін оқытудың негізгі бағыттарын саралап ұсынды. Бұл еңбек тәуелсіздік алған еліміздің жаңа тұрпатты мектебінде қазақ тілін оқыту жүйесін жаңартудың әдіснамалық негізін қалаған тырнақалды еңбек болды. Өзіне дейін қазақ тілін оқытуға араласқан қазақтың біртуар ұлы тұлғаларынан тағылым алған Рақыш Сәтұлы ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениетті сабақтастыруда таразының басын тең ұстар басалқалылық танытты.
Ұстазымның еңбек жолындағы 3-ірі арна – қалыптастырған ғылыми мектебі. Ұстаздық қызметінде білім нәрімен сусындатқан сандаған студент пен бөлім бастығынан бастап университет ректорына дейінгі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқару барысында қанатының астына алып, жол нұсқаған жандар туралы сөз бөлек, сол мектептен тәлім алған 2 ғылым докторы мен 22 ғылым кандидаты бүгінде егемен еліміздің іргесін нықтау бағытында белсене еңбек етіп жүр.
Ұлтының бүгіні мен ертеңін, болашағы мен келешегін ойлаған кемел тұлға Мұстафа Шоқай оқығанның барлығын олардың біліміне қарап, зиялы деуге болмайтыны сияқты, белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды деп кесіп айтады. Белгілі бір ортақ идеяларды жете ұғынған және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді зиялы, ал саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болмасын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған зиялыны ұлттық деп санады. Олай болса, бар саналы ғұмырында қазақ тіл білімі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, білім беру саласында өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған, бүгінде туғанына 95 жыл толып отырған ұстазым – филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Рақыш Әмірді ұлт зиялысы деп тануға толық негіз бар.
Адамдығы асқақ, кісілігі зор ұстаз, елдің ертеңі, ұлттың болашағы, тілдің келешегі үшін еселі еңбек еткен, ұлтымен рухтас Рақыш Сәтұлын кіндік қаны тамған туған жеріндегі жұрты да, ғылым көкжиегін керген ғалымдар қатары да, білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагог-мамандар да, тәлімін алып, тәрбиесін көрген, алған білімін өміріне өзек қылған шәкірттері де мәңгі ардақтайды.
Әлия ЕЛШІБАЙ,
филология ғылымының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді