«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ою-өрнектің мәніне сән кіргізген ісмер

Ою-өрнектің мәніне сән кіргізген ісмер
Ашық дереккөз
Ұлттық киім – қазақтығымыздың ғажайып көрінісі. Ұлттық киім киген азаматтың патриоттық сезімі оянып, айбаттанып, айбарланып шыға келетіні бар. IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс» деп атап өтті.

Бір қуанарлығы, ұлттық киім тігетін жеке кәсіпкерлер әр ауданда көбейіп келеді. Солардың бірі – Қаратау қаласының тұрғыны Айгүл Мұратбекова. Ол қазіргі таңда қазақы кеудеше, зерлі шапан, оюлы қамзол тігіп жүр. Әзірге өз үйінің ауласындағы сарайда кәсібін жүзеге асырып жатыр. Мамандығы кітапханашы Айгүлдің әуел баста тігінмен айналысу ойында болмапты. Өзінің кішкентай қызына ұлттық киім тігіп бергені бар. Әлгі бұйым өте сәтті шығып, қызының үстіне қона кеткен. Оны көрген көршілері қолқалап, тапсырыс бере бастайды. «Менің қызыма кеудеше, менің балама оюлы көйлек, бешпент қажет» деген сұраныстардан көз ашпайды. Әрине, сапалы тігілген тапсырыстары үшін көршілері де құр тастамай, тігіншінің қол ақысын жемепті. Одан бөлек өзі жұмыс істейтін аудандық кітапхананың қыздары тапсырыс бере бастаған. Осылай сұраныс үзілмеген соң, Айгүл де шаршауды ұмытып, ұлттық киім тігуді мықтап қолға алыпты. Қазір бұл кәсіппен шұғылданып жатқанына үш жылға жуықтапты. Өмірлік жары Қайрат Жүрсімбаев та бір жағына болысып, көмегін аяған емес. Жұбайы Айгүлдің тігін жұмысы да алға басып кетсе деген тілек көңілінде. Қажетті материалды тауып беріп, тыным таппай жүр.

– Құрақ көрпе тігуді бала күнімде Орынкүл анамнан үйренгенмін. Ал, Зеріпкүл әжем маған ұршық иіріп, тоқыма тоқуды үйретті. Қазір ол кісілер бақилық болғанымен, өнерлері жалғасып жатыр. Он саусағы он кісіге татитын сол кісілердің ісін үйреніп, тігіншілікті меңгергеніме шүкірлік етемін. Осы ісімді өзімнің қыздарыма, сіңлілеріме үйретсем деген тілегім бар. Ортаншы қызым Әминаның тігіншілік жұмысқа қызығушылығы бар. Менің керек-жарағымды әкеліп беріп, тігіп жатқан ісіме де зер сала жүреді. Кейбір жеңіл тігістерді қызыма үйретіп те жүрмін. Мақсатым – ұлттық киім тігу кәсібін дамытып, келешек ұрпаққа дәріптеу, – дейді қолөнер шебері Айгүл Князқызы.

Айгүл Мұратбекова Талас аудандық кітапхананың әдістемелік- библиографиялық бөлімінің басшысы болып еңбек етеді. Отағасы Қайрат екеуі 6 перзентті тәрбиелеп өсіріп отыр. Айгүл «Күміс алқа» иегері. Ұлттық киім тігу қызметтен бос уақыттағы және демалыс күндері жасайтын жұмысы. Соның өзінде айына 6-7 киім тігіп үлгереді. Бағасы да қолжетімді. Айгүлдің негізгі ойы пайда табу емес, ұлттық киімді насихаттау. Алдағы жылдары кәсібін дамытып, ұлттық киім цехын ашуды көздейді. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Айгүлге тапсырыс берушілер көбейе түскен.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар