
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда Наурыз есімді 1453 адам бар екен. Оның 1417-сі ер адам, 36-сы әйел. Біздің бірінші кейіпкеріміз – ақын, республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Наурызбек Саршаев. Жерлесіміз бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оның «Қара түн», «Шайырлар өлімі», «Жыла, жаңбыр», «Жетім бақ» атты өлеңдерін қалың көпшілік жатқа біледі.
Наурызбек Саршаев 1991 жылы 21 наурызда Жамбыл ауданының Шайдана ауылында дүниеге келген.
– Менің есімімді әкемнің басшысы Бескен қойған. Қазақ халқы есімді құрметті қонағына не жасы үлкендерге қойғызған. Атымның дәл осылай аталғанына еш өкінген кезім болған емес.
«Қанша ғасыр сән берген даламызға,
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға,
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің!», деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, ол кезең әз-Наурыздың енді-енді тойланып жатқан кезі екен. Киіз үйлер тігіліп, айтыскер ақындар өлеңдетіп жатқан думанды күн екен. Сол күні ұлы мерекеде өмір есігін ашыппын. Менің атыма айтыскерлер жырларын арнаған екен. Есімім ерекше. Мені көбіне есімімді қысқартып Науша деп, не Наурыз деп атап жатады. Адам есімі өміріне әсер етеді дегенге сенемін. Бұл есім менімен бірге жасайды. «Ақын Наурызбек» дегеннің өзі қандай ғажап! Жазған мақалаларымыздың өзі таңбаланып, тарихқа кетіп жатыр. Ертеңгі күні ұрпағымыз, қазақ халқы, жастар оқиды, – дейді ол.
Екінші кейіпкеріміз – кәсіпкер Наурызбек Шуақбаев. Наурызбек Жұмабайұлы 1960 жылы 13 наурыз күні Түркіменстанда дүние есігін ашыпты. 1990 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында тұрады. Үш ұл, екі қыздың әкесі. Жеке кәсіпкердің иелігінде қазір мейрамхана, техникалық жөндеу орталығы, жанармай құю бекеті, автобөлшектер дүкені және қонақ үй мен бассейн, монша бар. Ол өз кәсіпкерлігімен отбасын асыраумен қатар, бірнеше азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосып жүр.
– Өзім наурыз айында дүниеге келген соң ашқан кәсіптерімнің аттарын да Наурыз деп қоюға тырыстым. Есімімді әкем қойған. Жеке кәсіпкерлікті ең алғаш Бішкектен шоколад әкеліп сатудан бастаған едім. Ол кезде ұлттық валютамыз енді шыққан уақыт, өте құнды еді. Сол жылы 4 сиырым бар болатын. Жұмыс орындары қысқарып, мекемелер жұмысшыларына айлық төлей алмай қалған кез. Бала-шағаны бағу үшін не істесем екен деген оймен қолда бар 4 сиырымды сатып, жеке кәсіп бастауға бел будым. Көп адамдар саудаға кетіп жатты ғой, мен де саудада бағымды сынамақ болдым. Сонда 4 сиырым небәрі мың-ақ теңге болды. Сол мың теңгеммен Бішкектен шоколадтар әкеліп, осы ауылдың орталығындағы шағын базарда саудаладым. Әйтеуір, мың теңгем екі мың теңге болды, бәрі де содан басталды. Білесіздер, Луговой – тоғыз жолдың торабы, бұл станциядан өтпейтін пойыз жоқ шығар, сірә. Ары-бері өткен жолаушылардың әр елдің валютасын іздейтіні анық. Осыны ойлап, валюта айырбастау ісін қолға алдым. Теміржол вокзалында жүріп, ақша айырбастадық. Осылай да табыстың басы құралды. Оны жоғалтып алмау үшін жанармай құю бекетін сатып алдым. Істің көзін тапсаң, жұмыс өзі алға баса береді. Кейін кәсіпкерлігімізді кеңейтіп, тойхана салдық. «Наурыз» мейрамханасында талай ауылдастар қуаныштарын атап өтті, – дейді Наурыз Жұмабайұлы.
Адам есімі оның тағдырына жасырылған. Екі кейіпкеріміз де өз есімдерімен мақтанатындарын айтты. Екеуі де атына заты сай, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар. Халыққа пайдасы тиген біртуар жандар.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді